2028 жылы Қарағанды ТМД жастарының астанасы болады

Қарағанды қаласы ТМД Жастарының 2028 жылғы астанасы болып жарияланды. Бұл туралы Ашхабад қаласында ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Youth.kz.

«2028 жылы – Қарағанды қаласын ТМД жастарының астанасы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық жоба азаматтардың жас буынын мемлекетаралық қатынастардың барлық салаларында орнықты даму бағдарламаларын жүзеге асыруға тартуға бағытталған», – делінген Үкіметтің ресми сайтында.

Бұл жоба жастарды халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты даму бастамаларына тартуға бағытталған.

Осыған орай блогер Ғалым Байтук Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында жастарды және Қарағанды қаласының әкімдігін құттықтап жазба жариялады.

«Бұл жай ғана әдемі мәртебе емес. Бұл – Қарағандының бүгінде Қазақстандағы ең ірі жастар, білім және индустриялық орталықтардың бірі екенін мойындау. Студенттер қаласы, ғылым мен мықты университеттердің, жастар бастамаларының, спорттың, мәдениеттің және ерекше мінездің ордасы. Қарағанды әрқашан ерекше өңір болған. Мұнда еңбек ете біледі, білім ала біледі, кең ауқымда ойлай біледі. Осындай аймақтың халықаралық жастар жобасының маңызды алаңына айналуы өте символдық мәнге ие.

Бұл Қазақстан үшін де маңызды белгі. Біздің жастарымыз ел ішінде ғана емес, ТМД кеңістігінде де танылып келеді. Ал мұндай шешімдер – мемлекетке деген сенімнің, беделдің және халықаралық имидждің көрсеткіші. Қарағанды бұл мәртебелі жылды жоғары деңгейде өткізіп, бүкіл ТМД-ға заманауи, жігерлі әрі интеллектуалды Қазақстанды көрсете алады деп сенемін», – деп жазды ол.

Өткен аптада Ашғабатта өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Кездесуде сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрлық трансформация салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Отырыс қорытындысында ТМД елдерінің өнеркәсіп, көлік және технология салаларындағы ынтымақтастығына қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылды. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз