Шет елде тегін білім алу: қазақстандықтар үшін қандай мүмкіндік бар

Қазақстанда шет елде білім алуға талпынатын абитуриенттер саны жыл санап өсіп барады. Әдетте олар тегін немесе мүмкіндігінше аз ақы төлеп білім алуға болатын мемлекеттік университеттерді таңдап жатады. Youth.kz қай мемлекетерде тегін білім алуға болатынын және ол үшін қандай талаптар қойылатынын анықтап білді. 

Қай елдерде тегін білім алуға болады

Жоғары білім алу үшін бір тиын да талап етпейін елдер ретінде Германия, Финляндия, Аргентина, Чехия мен Польша аталады.

Алайда, көп жағдайда басты талап - сол елдердің ұлттық тілінде білім алу. Ағылшын тілінде оқытатын бағдарламалар әдетте ақылы, алайда кейде ақысызы да кездеседі. 

Германия

Тегін жоғары білімді тек неміс тілінде ғана емес, ағылшын тілінде де алуға болатын аз ғана мемлекеттердің бірі – Германия. Сондықтан да шетелде оқысы келетін студенттер  үшін маңызды бағыттардың бірі. 

Дегенмен, бұл мүлде бір тиын жұмсамай білім ала аласыз деген сөз емес: студенттер тоқсандық жарна төлейді, оның көлемі жылына шамамен 300 бен 900 доллардың аралығында. Сөйте тұра, Баден-Вюртемберг жерінде орналасқан ЖОО мен университеттерде білім алу ақылы. 

Елдегі жетекші университтер

  • Мюнхен техникалық университеті;
  • Людвига-Максимилиан атындағы Мюнхен университеті;
  • Берлиннің еркіндік университеті; 
  • Ахендегі Рейн-Вестфаль техникалық университеті. 

Финляндия

Ал, Финляндияда фин және швед тілін білетін шетелдік студент жоғары білімді тегін ала алады. Ал, докторантурадан өзге бағдарламаларды ағылшын тілінде оқимын десеңіз оқу ақысын төлеуіңіз керек. 
елдегі жетекші университтер қатарында: 

  • Аалто университеті;
  • Хельсинки университеті;
  • Оулу университеті.

Аргентина

Аргентинаның басқа елдерден ерекшелігі сол – мұнда бакалавр деңгейін тегін оқуға болады. Сонымен қатар, магистратурада білім алу да салыстырмалы түрде арзан саналады.

Білім беруде испан тіліне басымдық беріледі, сондықтан абитуриенттерден ең болмағанда B2 деңгейінде тіл білу талап етіледі. 

Танымал оқу орындарының қатарында

  • Буэнос-Айрес Университеті;
  • Ла-Плата Ұлттық университтеті. 

Чехия мен Польша

Чехия мен Польшаның ұлттық тілінде жоғары білімді тегін алуға болады, ол университеттерге шетелдік тарапынан сұраныс жоғары.

Оқуға түсу үшін білім туралы құжаттар нострификациядан өткізілуі керек. Жекелеген жағдайда абитуриеттер өз білімдерін бейіндік пәндер бойынша сынақ тапсырып, растаы тиіс. 

Танымал ЖОО-лар

  • Карлов университеті;
  • Масариков университеті;
  • Варшава университеті;
  • Ягеллон университеті. 

Оқуға түсу талаптары мен кететін шығын

Білім алу тегін болғанымен де, оқуға түсу үшін бірқатар қаржылық дайындық қажет. Шетелдік студенттер жылына орта есеппен 4 000 мен 14 000 доллар аралығында күн көріске кететін қаражаты бар екенін растауы тиіс. Бұл сома әдетте елдің ең төменгі күн көріс деңгейіне сәйкес есептеледі. 

Негізгі талаптар мыналар

  • білім алатын тілді білуі (B2 деңгейінен төмен емес);
  • білімі туралы құжаттары;
  • медициналық сақтандыру;
  • құжаттардың толық жиынтығы (өтініш, паспорт, диплом немесе аттестаттың көшірмесі, тіл білетіні туралы сертификат, ынтасы туралы хат, резюме, ұсыныс хат және т.б.  – ЖОО талабына сәйкес құжаттар).

Бұған қоса студенттерді қосымша шығындар күтіп тұр. Атап айтқанда – оқуға қабылданар кездегі тіркеу алымы, тоқсандық жарна, сақтандыру жарнасы және қаже болса тілдік курстарға қаржы жұмсауға тура келеді. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз