Ресей қоғамы еркіндік пен күшті мемлекетті қатар қалайды – Аузан
Әртүрлі әлеуметтік топтар мемлекеттен бір-біріне қарама-қайшы талаптар күткен жағдайда мемлекеттік институттар қандай болуы керек? Бұл сұраққа Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетінің деканы, экономист Александр Аузан Ресейдің экономикалық дамуына мәдени факторлардың әсері туралы баяндамасында жауап берген.
Ресей қоғамы еркіндік пен күшті мемлекетті қатар қалайды
Сарапшы РБК арнасындағы «Александр Аузанмен бірге: Бүрсігүні» бағдарламасында Ресей қоғамы еркіндік пен күшті мемлекетті қатар қалайтынын, елге неге ортақ ережелер жүйесін құру қиын екенін түсіндірген. Экономистің пікірінше, Ресейдің басты мәселесі тек экономикалық қиындықтарда емес, қоғамда екі түрлі құндылық жүйесінің қатар өмір сүруінде жатыр. Осы екі жүйе мемлекетке деген әртүрлі талаптарды қалыптастырады. Бір бөлігі жеке бастаманы, еркіндікті және дербес шешім қабылдауды қолдаса, екінші бөлігі ұжымдық жауапкершілік пен мемлекеттің белсенді рөлін маңызды деп санайды.
Александр Аузан тұрақты экономикалық даму үшін институттарға деген сенім қажет екенін атап өтті. Алайда тиімді ережелер жүйесін қалыптастыру үшін ең алдымен қоғам қандай институттарды қалайтынын түсіну керек.
Экономист бұл жағдайды қаржы саласындағы мысалмен түсіндірді. Оның айтуынша, азаматтардың бір бөлігі мемлекеттен алаяқтықтан қорғауды күшейтуді, қосымша кепілдіктер мен сақтандыру жүйесін талап етеді. Ал екінші бөлігі керісінше, мемлекеттің шамадан тыс араласуына қарсы шығып, нарықта еркін әрекет ету мүмкіндігін арттыруды қалайды.
«Жоғарыға екі қарама-қайшы сигнал түседі. Мұндай жағдайда не істеу керектігі түсініксіз», – деді Александр Аузан.
Экономистің айтуынша, мұндай қайшылық Ресейдің мәдени ерекшелігімен байланысты. Көптеген елдерде бір ғана басым құндылық моделі болса, Ресейде екі мәдени өзек – индивидуалистік және коллективистік өзек қатар қалыптасқан.
Олардың айырмашылығын түсіндіре отырып, Аузан белгілі жазушы Даниил Граниннің сөзін мысалға келтіреді.
«Саша, Ресейде рұқсат сұрамай-ақ өте көп нәрсе жасауға болады» деген жазушы.
Экономистің пікірінше, бұл сөз индивидуализмнің мәнін дәл көрсетеді. Яғни, адам өз шешімін өзі қабылдап, сыртқы рұқсатқа тәуелді болмай әрекет етеді. Ал коллективистік модельде адам отбасының, қоғамның, басшылықтың және дәстүрлі құндылықтардың пікіріне сүйенеді.
Зерттеушілер Ресейдегі екі мәдени модель туралы қорытындыға кездейсоқ келген. Алғашында ғалымдар аймақтардағы инновациялық дамуға мәдени факторлардың әсерін зерттеген. Алайда зерттеу нәтижелері бұдан да кең заңдылықты көрсетті.
«Біз славянофилдер мен батысшылдардың екі жүз жылдан бері не үшін таласып келе жатқанына жауап таптық. Ресей – екі мәдени өзегі бар мемлекет», – деді Александр Аузан.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, индивидуалистік құндылықтар ірі қалаларда, сондай-ақ Орал, Сібір және Қиыр Шығыс аймақтарында көбірек байқалады. Бұл өңірлер экономикалық белсенділігімен ерекшеленіп, елдің жалпы өндірісіне үлкен үлес қосады.
Ал Ресейдің басқа бөліктерінде коллективистік көзқарастар басымырақ. Бұл аймақтар үшін әлеуметтік тұрақтылық, мемлекеттік қолдау және ресурстарды қайта бөлу маңызды.
Осыған байланысты қоғам билікке әртүрлі талаптар қояды. Азаматтардың бір бөлігі кәсіпкерлікті дамыту, демократиялық механизмдерді күшейту және жеке еркіндікті кеңейтуді күтеді. Екінші бөлігі әлеуметтік әділеттілік пен мемлекеттің экономикаға белсенді араласуын қолдайды.
«Екі сигнал жоғарыға көтеріледі, нәтижесінде олар бір-бірін жояды. Бізде әлсіз институционалдық қабат және қолмен басқарылатын жүйе қалыптасады», – дейді Аузан.
Әртүрлі құндылық топтары арасындағы тепе-теңдікті табу керек
Экономист мәселені шешудің бір жолы ретінде Ресейдің федеративтік құрылымының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды ұсынды. Оның пікірінше, әртүрлі аймақтар халықтың ерекшеліктеріне қарай әртүрлі институционалдық модельдерді қолдана алады.
Аузан сондай-ақ «институттар мәзірі» тұжырымдамасына назар аударды. Бұл идея бойынша қоғам әртүрлі салаларда өзіне қолайлы басқару және реттеу үлгілерін таңдай алады. Мысалы, бір адамдар көбірек еркіндік пен аз бақылауды қаласа, екіншілері жоғары деңгейдегі кепілдіктер мен қорғауды таңдай алады.
Экономист сонымен бірге бәсекелестік пен ынтымақтастықты біріктіретін коллаборативтік институттарды дамыту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, мұндай модельдер Солтүстік Еуропа елдерінде, Швейцарияда және Нидерландта тиімді жұмыс істейді. Бұл мемлекеттерде қоғамдағы жоғары сенім деңгейі тұрақты экономикалық дамуға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Александр Аузан реформалардың табысты болуы үшін қоғамның мәдени ерекшеліктерін ескеру қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, әртүрлі құндылық топтары арасындағы тепе-теңдікті табу тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастырудың және ұзақ мерзімді экономикалық өсудің негізі бола алады.