Жастар өзгерістерге қалай қол жеткізе алады?

Қаланы өзгерту үшін міндетті түрде депутат, шенеунік немесе қоғамдық ұйымның жетекшісі болу қажет емес. Жастар жергілікті биліктің шешімдеріне ықпал етіп, өз бастамаларын ұсынып, қалалық бюджетті бөлуге қатысып, өз аудандарындағы мәселелерді шешуге атсалыса алады. Youth.kz Қазақстанда азаматтардың қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік беретін ресми тетіктер жайлы баяндайды.

eOtinish арқылы ресми өтініш беру

Егер аулада жарық болмаса, тротуарда қауіпті шұңқырлар пайда болса, қоғамдық көлік тұрақсыз жүрсе немесе ауданда жаяу жүргіншілер өткелі жетіспесе, бұл туралы мемлекеттік органдарға платформасы арқылы хабарлауға болады. Ол үшін сайтқа немесе eGov Mobile қосымшасына кіріп, тиісті мемлекеттік органды таңдау керек. Содан кейін мәселені сипаттап, қажет болған жағдайда фотосуреттерді, бейнежазбаларды немесе басқа құжаттарды тіркеуге болады. Өтінішке қол қойып, жібергеннен кейін оның мәртебесі мен жауабын жеке кабинеттен бақылауға мүмкіндік бар.

Жалпы шағыммен шектелмей, нақты мекенжайды көрсетіп, мәселенің салдарын түсіндіріп, қандай әрекет күтетініңізді жазған жөн. Мысалы, «Біздің ауданда жолдар нашар» дегеннің орнына: «Осындай көшелердің қиылысында қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелі жоқ. Оны орнату мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз» деп жазуға болады.

Қалалық жоба ұсынып, қаржыландыру алу

Алматы жастары қалалық ортадағы мәселелерді шешудің жолдарын да ұсына алады. Бұл үшін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы жұмыс істейді. budget.open-almaty.kz порталы арқылы тұрғындар қаланы абаттандыруға қатысты жобаларын ұсына алады. Мысалы, спорт алаңын салу, ауланы көгалдандыру, орындықтар орнату, тротуарларды жөндеу немесе қоғамдық кеңістік құру сияқты бастамалар бар.

Жоба ұсыну үшін бастаманың сипаттамасын дайындап, жүзеге асатын мекенжайды көрсетіп, эскиз бен алдын ала сметаны тіркеу қажет. Одан кейін жоба сараптамалық іріктеуден өтеді. Іріктелген бастамалар тұрғындардың дауыс беруіне шығарылады. Жеңімпаз жобалар қалалық бюджеттен қаржыландырылып, аудан әкімдіктері тарапынан жүзеге асырылады. Мысалы, ауданда спортпен айналысуға арналған орын болмаса, жастар бірігіп, спорт алаңының жобасын әзірлеп, бағдарлама аясында ұсына алады.

Бірақ айта кететін жайт: өтінімдер белгілі бір кезеңдерде ғана қабылданады. 2026 жылы өтінімдер 12 қазан мен 1 қараша аралығында қабылданды. Іріктеу мен дауыс беруден өткен жобаларды 2027 жылы жүзеге асыру жоспарланған.

Қоғамдық тыңдауларға қатысу

Қоғамдық тыңдаулар – тұрғындардың мүддесіне әсер ететін мәселелер бойынша өз пікірін білдіру мүмкіндігі. Онда құрылыс жобалары, қалалық инфрақұрылымдағы өзгерістер, экологиялық мәселелер және халықтың тұрмысына ықпал етуі мүмкін басқа да шешімдер талқыланады.

Жастар тыңдауларда сөз сөйлеп, мемлекеттік органдар мен жоба әзірлеушілерінің өкілдеріне сұрақ қоя алады. Сондай-ақ өз ескертулері мен балама ұсыныстарын білдіруге құқылы.

Мәслихат депутаттарына жүгіну

Мәслихат – қаланың дамуына қатысты мәселелер бойынша шешім қабылдайтын, жергілікті бюджетті бекітетін және өз өкілеттігі шегінде жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылайтын өкілді орган.

Егер мәселе белгілі бір ауданға қатысты болса, сол аумақтың сайлау округінен сайланған мәслихат депутатына жүгінуге болады. Мысалы, қоғамдық кеңістіктердің жетіспеушілігі, көлік мәселелері, қалалық ортаның қолжетімділігі немесе мектептердің жағдайы туралы айтуға болады. Ол үшін мәселені қысқаша сипаттап, нақты мекенжайды көрсетіп, фотосуреттер жинап, мүмкіндігінше басқа тұрғындардың қолын жинаған жөн. Ұжымдық өтініш мәселенің тұтас бір топ тұрғынға қатысты екенін көрсетеді.

Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының қабылдау кестесі мен байланыс деректерін мәслихаттың ресми парақшасынан табуға болады. Сондай-ақ онлайн-қабылдау бөлмесі арқылы өтініш беріп, депутатпен кездесуге жазылуға мүмкіндік бар.

Волонтер болу

Қазақстанда волонтерліктің бірнеше бағыты бар: экологиялық, әлеуметтік, білім беру, іс-шараларды ұйымдастыру, медициналық көмек, жануарларға көмектесу және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру.

Өзіңізге лайық жобаны Қазақстанның волонтерлеріне арналған бірыңғай QazVolunteer платформасынан табуға болады. Сайтта волонтерлік ұйымдар, жобалар мен еріктілерге арналған ұсыныстар жарияланады. Қала мен бағытты таңдап, өзіңізге қызықты бастамаға қосыла аласыз. Мысалы, экологиялық акцияларға қатысуға, әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға көмектесуге, заттар жинауға немесе білім беру іс-шараларын өткізуге болады. 

Бұған дейін Youth.kz eOtinish платформасы арқылы қалай петиция құру керектігін айтқан болатын.

 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз