Мария Сулялина: «Оккупацияланған аумақтарда адам құқықтарының өрескел бұзылуы орын алуда»
2026 жылы «Жылдың үздік азаматтық құқық қорғаушысы» сыйлығы грузиялық «Netgazeti» және кубалық «La Hora de Cuba» тәуелсіз басылымдарына табысталды. Бұл ұйымның сөз бостандығы мен адам құқықтарын қорғауға бағытталған қызметті қолдауды жалғастырып отырғанын көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда, 2024 жылғы лауреат Мария Сулялинаның қызметі де әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Толығырақ Youth.kz материалында.
«Жылдың үздік азаматтық құқық қорғаушысы» сыйлығы қалай беріледі?
«Жылдың үздік азаматтық құқық қорғаушысы» сыйлығы азаматтық және саяси құқықтарды қорғаудағы көрнекті жұмыстарды мойындайды. Оны жыл сайын «Азаматтық құқық қорғаушылар» ұйымы табыстайды.
Сыйлықпен жеке басына қауіп төнгеніне қарамастан, азаматтық және саяси құқықтар үшін күресуді жалғастырып келе жатқан адам құқықтары қорғаушысы марапатталады. Бұл адам құқықтарын қорғау саласындағы жұмысының сапасын жақсартуға, лауреатқа халықаралық мойындау мен қолдау көрсетуге ықпал етеді.
Мария Сулялина кім және оның ұйымы қандай жұмыстарды атқарды?
Мария Сулялина – Украинаның «Almenda» қоғамдық ұйымының жетекшісі. Ол адам құқықтарын қорғаумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. 2014 жылы Қырым аннексияланғаннан кейін туған қаласы Ялтадан кетуге мәжбүр болған. Осыдан кейін де ол уақытша оккупацияланған аумақтардағы тұрғындардың құқықтарын қорғау жұмысын тоқтатпады.
«Оккупацияланған аумақтарда адам құқықтарының өрескел бұзылуы орын алуда. Ешкім қауіпсіздікте емес, балалар да, ересектер де», – деп Мария Сулялина айтқан.
2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғаннан кейін ұйымның негізгі бағыты өзгерді: «Almenda» оккупацияланған аумақтардағы балалардың құқықтарының бұзылуын жүйелі түрде тіркей бастады.
Ұйым балалардың заңсыз депортациялануы, мектеп бағдарламаларының өзгертілуі, білім беру жүйесінің милитаризациясы, мәжбүрлі түрде орыстандыру және халықаралық гуманитарлық құқықтың басқа да бұзылуы туралы деректерді жинады.
«Балалар – біздің болашағымыз, және оларды милитаризация мен индоктринациядан қорғау, сондай-ақ қайта интеграциялау – біздің міндетіміз», – деп Мария Сулялина атап өтті.
Сонымен қатар мұғалімдердің, ата-аналардың және куәгерлердің айғақтары құжатталып, кейін халықаралық ұйымдар мен сот процестерінде пайдалануға болатын дәлелдер базасы қалыптастырылды.
Неліктен Мария Сулялина 2024 жылы марапатталды?
2024 жылғы 29 сәуірде «Civil Rights Defenders» ұйымы Мария Сулялинаны «Жылдың үздік азаматтық құқық қорғаушысы» сыйлығының лауреаты деп жариялады. Ұйым бұл шешімді бірнеше себеппен түсіндірді.
Біріншіден, Almenda оккупацияланған аумақтардағы украиналық балалардың құқықтарының бұзылуын жүйелі түрде құжаттаған алғашқы ұйымдардың бірі болды.
Екіншіден, жиналған материалдар халықаралық тергеулерде және құқықтық процестерде пайдалануға болатын маңызды дәлелдер ретінде бағаланды.
Үшіншіден, Мария Сулялина балалардың құқықтары мәселесіне халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға үлес қосты. Оның жұмысы соғыс жағдайындағы балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғаудың маңызын көрсетті.
Мария Сулялина марапат туралы не айтқан?
Марапатты қабылдау кезінде Мария Сулялина бұл сыйлықты оккупацияда өмір сүріп жатқан украиналық балалардың мәселесіне халықаралық назар аудартудың мүмкіндігі ретінде қабылдайтынын айтқан.
«Көпшілігі ұлдары мен қыздарынан айырылды. Олар қайтып оралмайды. Олардың еңбектері босқа кетпеуі үшін біз күресуді жалғастыруымыз керек. Осының бәрі балаларымызға болашақ сыйлауға мүмкіндік береді», – деп Мария Сулина шынайы ықыласпен сөйледі.
Сондай-ақ ол заңсыз әкетілген балаларды қайтару және жауаптыларды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өткен.