Қазақстанда той форматы қалай өзгеруде
Көктем келіп, күн жылына салысымен елде дәстүрлі той маусымы басталып кетті. Бұл үрдіс күздің соңына дейін, кейде қыста да жалғасып жатады. Youtz.kz Қазақстанда той отбасылық шарадан білдей бір индустрияға айналғанын зерттеді.
Той тек отбасылық мереке емес, экономиканың бір бөлігі
Бұл сала тойхана, декоратор, фото- видео, визажистер, сонымен қатар асаба, жүргізуші мен әншілер қызметі және басқа да қызмет түрлерін қамтиды.
Бір ғана тойдың өзінде бірнеше миллион теңге айналым жүреді, ал маусым кезінде бұл көрсеткіш бірнеше есе өседі. Осылайша, той индустриясы шағын және орта бизнестің маңызды бөлігіне айналып отыр.
Той ұйымдастырумен бірнеше жыл айналысып жүрген Александра Деккерттің айтуынша, қазіргі таңда 100 адамға арналған тойдың орташа бюджеті 15 млн теңгеден басталады.
Ал «қымбат» және «қарапайым» тойдың айырмашылығы көбіне қызмет түрінде емес, олардың деңгейінде.
«Мысалы мейрамханалардың премиум деңгейі бар және негізгі қызмет көрсететіні бар. Сол сияқты тойда да – бір қызметтің әртүрлі сападағы нұсқалары болады», – дейді Деккерт.
Ұйымдастырушының айтуынша, бұл нарықтағы ең ірі шығындардың бірі – әртістердің гонорары.
Әртіс таңдауы көбіне той форматына байланысты. Қазіргі жастар арасында Alem, Aikyn, Sadraddin және Мирас Жүгінісов жиі шақырылады.
Ал барлық буынға ортақ «классикалық» таңдау ретінде Қайрат Нұртас өз сұранысын сақтап отыр. Ересек аудиторияға бағытталған тойларда Роза Рымбаева, Дильназ Ахмадиева және JCS тобы жиі өнер көрсетеді.Сонымен қатар, соңғы уақытта TASO жобасының танымалдығы артып келеді.
«Егер бұл қазақстандық әртістер болса, олардың гонорары жалпы бюджеттің 10–20%-ын құрайды. Ал шетелдік немесе ТМД жұлдыздары шақырылса, бұл көрсеткіш 40–50%-ға дейін жетуі мүмкін. Біз әрқашан әртісті трендке қарап емес, өз қалауыңызға қарай таңдауды ұсынамыз – ең бастысы, жас жұбайлардың өзі сол кештен ләззат алуы керек », – дейді Александра.
Тойда ең көп табыс табатын әншілер
Ал, әртістердің тойда табатын ақшасына келсек, ашық дереккөздер мен нарықтағы орташа бағаларға сүйенсек, танымал әртістердің бір кештік гонорары бірнеше миллион теңгеге дейін барады.
Төмендегі бағалар ашық нарықтағы орташа көрсеткіш. Нақты гонорар той форматына, қалаға және техникалық талаптарға байланысты өзгеруі мүмкін. Көп жағдайда логистика мен райдер шығындары бөлек есептеледі.
Мысалы, Халық әртісі Роза Рымбаева ірі әрі статусты шараларға жиі шақырылады, оның бір кеште табатын гонорары шамамен 8–10 млн теңге.
Қайрат Нұртас – той нарығындағы ең тұрақты сұранысқа ие орындаушылардың бірі, гонорары шамамен: 5–7 млн теңге.
Ерке Есмахан – соңғы жылдары танымалдығы күрт артқан, заманауи аудиторияға бағытталған әнші. Шамамен гонорары: 6–8 млн теңге
Say Mo – жаңа буын аудиториясы арасында сұранысқа ие. Шамамен гонорары: 5–7 млн теңге
Alem – жастар арасында танымал, қазіргі форматтағы тойларға жиі шақырылады. Шамамен гонорары: 4–6 млн теңге
Мирас Жүгінісов – лирикалық репертуарымен танымал жас орындаушы. Шамамен гонорары: 3–5 млн теңге
Той форматы өзгеруде
Александра Деккерттің айтуынша, соңғы жылдары той нарығында өзгерістер байқалған.
«Жақын арада той жасау әдеті мүлдем жойылады деп ойламаймын, өйткені бұл дәстүр, менталитет, бірақ айта кету керек формат өзгеріп жатыр. Көп жұптар ауқымды азайтып, жақын адамдарға арналған камерлі форматты таңдап жатыр. Ол бір жағынан шығынды азайтады, екіншіден тойды ерекше етеді», – дейді ол.
Сонымен қатар, клиенттердің мінез-құлқы да өзгерген.
«Сұраныс бар, бірақ адамдар таңдауда өте мұқият: көп салыстырады, зерттейді, шешімді ұзақ қабылдайды. Нарық өзгеріп жатыр, бірақ толық жоғалып кетпейді – ол бейімделіп жатыр», – деп қорытындылады Деккерт.
Соңғы жылдары Қазақстандағы той жасау көбіне сынға қалып жатады, өйткені бұл ежелгі дәстүр ысырапшылдыққа, мақтаншақтыққа айналуда. Көбіне жұрт отбасылық қуанышты өздері үшін емес, өзгелер үшін жасайтын сияқты. Мұнда әсіресе теріс үлгіні «жұлдызды» отбасылар көрсетіп отыр. Жақында келін түсіріп, дүркіретіп бірнеше той жасаған әншілер Жанболат пен Жазира соңғы мысал.