Елена Рыбакина – әлемнің №1 ракеткасы

Елена Рыбакина Қазақстан теннисі тарихындағы ең биік белесті бағындырды. Қазақстан атынан өнер көрсететін теннисші алғаш рет WTA әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Бұл жетістікке Рыбакина US Open-2026 турнирінің ширек финалында қытайлық Чжэн Циньвэньді жеңгеннен кейін қол жеткізді. Youth.kz тарихи матчтың өрбуі мен әлемдік теннистің тірі аңызының жолы жайлы баяндайды. 

WTA мәліметінше, Рыбакина 14 қыркүйекте рейтингтің ресми жаңартылуынан кейін әлемнің №1 ракеткасы атанады. Турнир басталғанға дейін №1 атағына Коко Гауфф пен Джессика Пегула да үміткер болған. Алайда Нью-Йорктегі нәтижелерден кейін бұл мүмкіндікті Рыбакина иеленді. Ол бұл мәртебеге жеткен Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы болмақ. Сонымен қатар Рыбакина WTA тарихында әлемнің бірінші ракеткасы атанған 30-шы әйел теннисші атанбақ.

Бір матчтың тарихи нәтижеге айналуы

Чжэн Циньвэньмен кездесу Рыбакина үшін оңай басталған жоқ. Қытайлық теннисші алғашқы сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті. Алайда екінші сетте Рыбакина ойынды толық бақылауына алып, қарсыласына бір ғана гейм беріп, 6:1 есебімен жауап қайтарды. Үшінші сетте күрес қайта күшейді. Рыбакина шешуші кезеңде маңызды ұпайларда сабыр сақтап, қарсыласының еркін бұзды. Нәтижесінде сет 6:4 есебімен аяқталды.

WTA матчқа жасаған талдауында Рыбакинаның екінші сеттен бастап қарқынын күрт арттырғанын атап өтеді. Ал шешуші сетте қазақстандық теннисші бірнеше маңызды сәтте қысымға төтеп беріп, матчты өз пайдасына аяқтады.

Осылайша Рыбакина US Open тарихында алғаш рет жартылай финалға шықты. Бұған дейін ол Нью-Йорктегі турнирдің ширек финалына да жетпеген еді. Төртінші айналымда қазақстандық теннисші екі дүркін US Open чемпионы Наоми Осаканы 6:1, 6:4 есебімен жеңген болатын. Сол матчтан кейін-ақ Чжэнді жеңсе, әлемдік рейтингте бірінші орынға шығатыны белгілі болған.

Елена Рыбакинаның тарихи жетістігін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов та атап өтті. 

«Бұл жетістік Елена мен оның бүкіл командасының орасан зор еңбегінің, талантының, мінезінің күші мен көпжылдық адалдығының нәтижесі. Бұл миллиондаған қазақстандықтарды біріктіретін және шабыттандыратын жеңіс», – деп оның сөздерін KTF.KZ сайтында жариялады. 

Үміттен әлемнің бірінші ракеткасына дейін

Елена Рыбакинаның үлкен теннистегі серпілісі 2018 жылы байқала бастады. Сол жылы ол WTA деңгейіндегі алғашқы ширек финалына жетіп, біртіндеп рейтингте көтеріле бастады. Көп ұзамай Рыбакина Қазақстан атынан өнер көрсету туралы шешім қабылдады. 2018 жылдан бері ол халықаралық жарыстарда Қазақстанның атынан шығып келеді.

Алайда оның үлкен серпілісі 2022 жылы орын алды. Рыбакина Уимблдон финалына жетіп, онда Онс Жаберді жеңді. Осылайша ол өзінің алғашқы Үлкен дулыға титулын жеңіп, Қазақстан тарихындағы бұл деңгейдегі алғашқы чемпион атанды. Бірақ Уимблдоннан кейін де оның жолы тек жеңістерден тұрған жоқ – жарақаттар мен денсаулық мәселелері бірнеше рет турнирлерді өткізіп жіберуге мәжбүр етті.

2025 жыл Рыбакинаның мансабындағы жаңа бетбұрыс болды. Ол Страсбург пен Нинбо турнирлерінде жеңіске жетіп, жылдың соңында алғаш рет WTA Finals турнирінің чемпионы атанды. Эр-Риядтағы қорытынды жарыста ол бес матчтың бәрінде жеңіске жетті. Финалда сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы ұтып, маусымды өте жоғары нотада аяқтады. Сол жылы Рыбакина 516 эйс жасап, турдағы бұл көрсеткіш бойынша көш бастады.

2026 жыл оның әлемдік рейтингтің шыңына шығатын маусымына айналды. Жыл басында Рыбакина Australian Open финалында Соболенконы жеңіп, мансабындағы екінші Үлкен дулыға титулын алды. Кейін Индиан-Уэллс пен Торонтода финалға шығып, Майамиде жартылай финалға жетті. Сәуірде Штутгарттағы WTA 500 турнирін де жеңіп алды. Осы нәтижелердің барлығы оны әлемнің бірінші ракеткасы атағына барған сайын жақындатты. Алайда рейтингтің шыңына шығатын нақты сәт Нью-Йоркте, US Open турнирінде орын алды.

Осылайша Бухарестегі алғашқы титулдан жеті жыл өткен соң Рыбакина әлемдік рейтингтің ең жоғарғы сатысына көтерілді. Рыбакинаның жолында бәрі болды: Үлкен дулығадағы жеңіс, жарақаттар, рейтингтегі құлдыраулар және қайта жаңғыру.

Елена Рыбакинаның Қазақстанның даңқын асырып, әлемнің бірінші ракеткасы аталуын шың жүректен құттықтап, үлкен мақтанышпен айта аламыз.

Қазақстан тек теннисте ғана емес, футболда да төңкеріс жасауда. Нидерландық Джон ван’т Шкип ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалды. Youth.kz оның кім екенін және одан не күту керектігін осы мақалада түсіндірген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз