2026 жылы 75 мыңнан астам талапкер грантқа түсті

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталды. Биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығының ұзақ мерзімді сұранысына қарай қалыптастырылған. Гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық мамандықтарға бөлінді. Министрлік бұл бағыттардың елдің индустриялық және технологиялық дамуы үшін маңызды екенін мәлімдеді.

Өңірлерге маман тартуға бағытталған «Серпін» жобасы аясында 2 мыңнан астам талапкер Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жоғары оқу орындарына грантқа түсті.

Биыл грант конкурсына шамамен 127 мың өтініш қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грант санының жастардың жоғары білімге деген сұранысын көрсететінін айтты.

«Білім беру гранты – бұл тек жоғары білімді тегін алу мүмкіндігі ғана емес. Бұл – мемлекеттің елдің болашағына және әрбір дарынды жасқа салған инвестициясы. Биыл 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік грант иегері атанды», – деді министр.

Скачать файл:

🔒 Платный файл

Гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға арналған квоталар сақталған. Сондай-ақ халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурстан тыс гранттар қарастырылған. Бұдан бөлек, әскери борышын өтеген азаматтарға 1816 грант бөлінді.

Министрлік мәліметінше, мемлекеттік гранттың электрондық куәліктері үш жұмыс күні ішінде Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтында жарияланады.

Ал грант иегерлері жоғары оқу орындарына құжаттарын 25 тамызға дейін тапсыруы керек.

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылына 77 мыңнан астам грант бөлінді. Оның басым бөлігі, яғни 60%-ы техникалық бағыттағы мамандықтарға, 20%-ы педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 20%-ы қажеттілікке байланысты әртүрлі салаға жіктелді. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз