Қазақстан мектептерінде баға қоюдың жаңа ережелері енгізіледі
Қазақстанда мектеп оқушыларының үлгерімін бағалау ережелерін өзгерту ұсынылды. Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда үйреншікті БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартуды көздейтін бұйрық жобасын дайындады Тиісті бұйрық жобасын министрлік «Ашық НҚА» порталында жариялады.
Оқушылар үшін не өзгереді?
Егер жоба қабылданса, жаңашылдық 2-4-сынып оқушыларына қатысты болады. Қазіргі уақытта мектеп оқушылары жиынтық бағалаудан – БЖБ мен ТЖБ-дан өтеді. Алайда, министрлік оны басқа жүйемен алмастыруды ұсынып отыр. Жиынтық бағалаудың орнына қалыптастырушы бағалауды, сондай-ақ тақырыптық және қорытынды бақылауды енгізу жоспарланып отыр.
«2-4-сыныптарда білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау қалыптастырушы бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы жүзеге асырылады», – делінген құжатта.
Бұл ретте 5-11 (12)-сынып оқушылары үшін қалыптасқан жүйе айтарлықтай өзгермейді. Олар қазіргідей қалыптастырушы және жиынтық бағалаудан (БЖБ және ТЖБ) өтеді.
Тоқсандық баға қалай қойылады?
Білімді тексеру әдістері өзгергенімен, тоқсандық баға сақталады.
«Тоқсандық баға бағалау нәтижелері негізінде қойылып, білім алушылардың оқу жетістіктерін объективті бағалауды қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген құжатта.
Басқаша айтқанда, қорытынды баға бұрынғысынша білімді бақылау нәтижелеріне байланысты болады. Тек 2-4-сынып оқушыларын бағалау тәсілі өзгереді.
Неге жүйені өзгерту ұсынылды?
Оқу-ағарту министрлігі бұйрық жобасына түсіндірмеде бұл өзгерістер білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесін жетілдіру, білім сапасын бағалауда объективті, ашық және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге бағытталғанын мәлімдеді.
Бұл ретте құжатты әзірлеушілер бұйрықты қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе өзге де салдарға әкеп соқтырмайды деп есептейді. Қазіргі уақытта жоба қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау 2026 жылғы 26 тамызға дейін жалғасады, содан кейін оны бекіту немесе өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданады.