Қай елдерде балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынған?
Соңғы екі жылда әлемнің көптеген елдері балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектей бастады. Бұрын мұндай бастамалар тым қатаң шара ретінде қабылданса, бүгінде олар жаһандық үрдіске айналып келеді. Билік өкілдері мұны кибербуллингтің көбеюі, интернетке тәуелділік, зиянды контенттің таралуы және жасөспірімдердің психикалық денсаулығының нашарлауымен байланыстырады.
Әлемде 20 ел балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салын
U.S. News & World Report журналының мәліметінше, бүгінде әлемде шамамен 20 ел балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу жөнінде заң қабылдаған немесе осындай бастамаларды қарастырып жатыр.
Аустралия
Аустралия әлемде алғаш болып 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілердің басым бөлігін пайдалануға тыйым салды. Заң 2025 жылдың желтоқсанында күшіне енді.
Енді Instagram, TikTok, Facebook, Snapchat және X платформалары пайдаланушылардың жасын міндетті түрде тексеріп, кәмелетке толмағандардың тіркелуіне жол бермеуі тиіс. Заң талаптарын орындамаған компанияларға миллиондаған айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар билік заң күшіне енгеннен кейін де кейбір жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдаланып жүргенін мойындап, бақылауды кезең-кезеңімен күшейтіп келеді.
Франция
2026 жылдың шілдесінде Франция Еуропалық одақта 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына ресми түрде тыйым салған алғашқы мемлекет болды.
Жаңа заңға сәйкес, қыркүйектен бастап кәмелетке толмағандар жаңа аккаунт аша алмайды. Әлеуметтік желі платформалары пайдаланушылардың жасын тексеру жүйесін енгізуге міндетті. Ал жасы расталмаған 15 жасқа дейінгі пайдаланушылардың бұрыннан ашылған аккаунттары жабылады. Франция президенті Эммануэль Макрон бұл заңның басты мақсаты балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау екенін мәлімдеді.
Австрия
Австрия үкіметі 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отыр. Вице-канцлер Андреас Баблер мен цифрландыру жөніндегі кіші министр Александр Проэлл заң жобасының соңғы нұсқасы 2026 жылдың маусымына дейін дайын болатынын мәлімдеген.
Бразилия
2026 жылғы 17 наурызда Бразилияда балалар мен жасөспірімдерге арналған цифрлық заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, 16 жасқа дейінгі пайдаланушылар әлеуметтік желідегі аккаунтын заңды қамқоршысымен байланыстыруы тиіс. Сонымен қатар платформалардағы шексіз лента (infinite scroll) сияқты тәуелділік тудыратын функцияларға шектеу қойылады.
Ұлыбритания
Ұлыбритания Австралия үлгісіндегі шектеулерді енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сонымен бірге 16 жасқа дейінгі балаларға арналған жасанды интеллект негізіндегі чат-боттарға қойылатын қауіпсіздік талаптарын күшейту мәселесі талқылануда.
Бұдан бөлек, елде 300 жасөспірімнің қатысуымен әлеуметтік желілерге тыйым салу, пайдалану уақытын шектеу және «цифрлық коменданттық сағаттың» балалардың ұйқысына, оқуына және отбасылық өміріне әсерін зерттейтін пилоттық жоба басталды.
Қытай
Қытайдың киберкеңістік реттеушісі арнайы «жасөспірім режимін» енгізді. Бұл жүйе құрылғы деңгейінде және қолданбалар ішінде баланың жасына қарай экран алдында өткізетін уақытты автоматты түрде шектейді.
Дания
Дания 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатынын мәлімдеді. Ал 13 жасқа дейінгі балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана кейбір платформаларды пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Германия
Германияда 13-16 жас аралығындағы жасөспірімдер әлеуметтік желілерді тек ата-анасының келісімімен пайдалана алады. Алайда балалар құқығын қорғаушылар мұндай бақылау жеткіліксіз екенін айтып келеді.
Грекия
Грекия 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектейді.
Үндістан
Карнатака штаты 2026 жылдың наурызында 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған алғашқы үнді штаты болды. Мұндай шектеулерді Гоа мен Андхра-Прадеш штаттары да қарастырып жатыр.
Сонымен қатар Үндістанның бас экономикалық кеңесшісі әлеуметтік желілерді пайдаланудың ең төменгі жасын белгілеуге шақырып, платформаларды пайдаланушылардың назарын ұзақ уақыт ұстап тұратын «жыртқыш алгоритмдерді» қолданады деп сынға алды.
Индонезия
Индонезия 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектейді. 2026 жылғы 28 наурыздан бастап TikTok, Facebook, Instagram және Roblox сияқты «тәуекелі жоғары» платформалардағы балалар аккаунттары кезең-кезеңімен өшіріліп жатыр.
Италия
Италияда 14 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желілерде тек ата-анасының келісімімен тіркеле алады. 14 жастан асқан жасөспірімдер үшін мұндай талап жоқ.
Малайзия
Малайзия 2026 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатынын жариялады.
Норвегия
Норвегия үкіметі 2026 жылдың соңына дейін парламентке 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң жобасын енгізбек. Сондай-ақ технологиялық компанияларға пайдаланушылардың жасын тексеру міндеті жүктеледі.
Польша
Польша билігі 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын және платформаларды пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттейтін заң әзірлеп жатыр.
Португалия
Португалия парламенті 13-16 жас аралығындағы балалардың әлеуметтік желілерге кіруі үшін ата-анасының нақты келісімін талап ететін заң жобасын мақұлдады. Талапты орындамаған технологиялық компанияларға әлемдік жылдық табысының 2%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Словения
Словения 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң жобасын әзірлеп жатыр.
Испания
Испания 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар платформалар пайдаланушылардың жасын міндетті түрде тексеруі тиіс болады.
Түркия
Түркия парламенті 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектейтін заң қабылдады. Құжатта балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта құру және әлеуметтік желілерді бақылаумен пайдалану тетіктері қарастырылған.
АҚШ
АҚШ-та федералдық деңгейде Балалардың интернеттегі құпиялылығын қорғау туралы заң (COPPA) қолданылады. Ол 13 жасқа дейінгі балалардың жеке деректерін ата-анасының келісімінсіз жинауға тыйым салады.
Сонымен қатар бірқатар штаттар әлеуметтік желілерді пайдалану үшін ата-анасының келісімін міндеттейтін заңдар қабылдаған. Алайда олардың кейбірі сөз бостандығына қатысты сот дауларына себеп болған.
Еуропалық парламент 2025 жылдың қарашасында әлеуметтік желілерді пайдаланудың ең төменгі жасын 16 жас деп белгілеуді ұсынатын қарар қабылдады. Алайда бұл құжаттың заңдық күші жоқ және тек ұсынымдық сипатқа ие.
Неліктен мемлекеттер мұндай шешім қабылдап жатыр?
Басты себеп – әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланудың жасөспірімдердің психикалық денсаулығына кері әсер ететінін көрсеткен көптеген ғылыми зерттеулер.
Мәселен, АҚШ-тың Бас санитарлық дәрігері (U.S. Surgeon General) 2023 жылы жариялаған баяндамамында әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт отыру жасөспірімдер арасында мазасыздықтың, депрессияның, ұйқының бұзылуының, өзін-өзі бағалаудың төмендеуінің және кибербуллингтің артуымен байланысты екені айтылған.
Өз кезегінде Америкалық психологиялық қауымдастық (APA) әлеуметтік желілердің әсері баланың жасына, экран алдында өткізетін уақытына және көретін контентіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, ең үлкен қауіптің бірі – пайдаланушыны ұзақ уақыт ұстап тұратын ұсыным алгоритмдері.
Ал JAMA Pediatrics ғылыми журналында жарияланған зерттеу әлеуметтік желілерді тұрақты пайдаланатын 11-13 жастағы балаларда уақыт өте келе депрессия белгілері күшейетінін көрсетті.
Тыйым салу – жалғыз шешім емес
Шектеулердің танымалдығы артып келе жатқанына қарамастан, көптеген мамандар мәселені тек тыйым салу арқылы шешу мүмкін емес деп есептейді.
Олардың пікірінше, жас ерекшелігіне байланысты шектеулер цифрлық сауаттылықты арттырумен, медиасауаттылықты оқытумен, ата-ананың бақылауды күшейтумен және интернет-платформалардың жауапкершілігін арттырумен қатар жүруі тиіс.
Meta, TikTok және басқа да ірі платформалар жасөспірімдерге арналған арнайы аккаунттар, кеңейтілген құпиялылық параметрлері мен ата-ананың бақылау құралдарын енгізіп жатыр. Алайда көптеген мемлекеттердің үкіметтері бұл шараларды жеткіліксіз деп санап, заңнаманы одан әрі қатаңдатуды жоспарлап отыр.
Жаңа жаһандық үрдіс
Осыдан бірнеше жыл бұрын балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға толық тыйым салу мүмкін емес идея болып көрінген еді. Алайда бүгінде Австралия мен Франция мұндай шешімді іске асырды, ал ондаған мемлекет осыған ұқсас заңдарды әзірлеп жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары пайдаланушылардың жасын міндетті түрде тексеру және кәмелетке толмағандарға арналған арнайы ережелер барлық ірі әлеуметтік желілер үшін халықаралық стандартқа айналуы мүмкін.