Қазақстан студенттері қандай стартаптар жасап жатыр

18 сәуір күні Narxoz Business School қабырғасында өткен Narxoz Arena стартап-баттлы студенттік жобалардың бүгінгі деңгейін айқын көрсетті. Біз стартаперлермен танысып, жобалары арқылы Қазақстандағы стартаптардың даму деңгейін көрдік.

Баттл 1 000 000 теңге жүлде қорымен өтті және Қазақстанның әртүрлі қалаларынан стартаперлерді біріктірді: 86 өтінімнің ішінен тек 15 команда финалға өтті.

Narxoz Arena бастамасының авторы – Амиржан Жампеисов, Narxoz University жанындағы Founder's Hub клубының президенті және қаржы мамандығының 1-курс студенті.

«Біз Narxoz Arena арқылы студенттерге жай ғана идея ұсынуды емес, өз жобаларын нақты нарыққа шығаруға алғашқы қадам жасауға мүмкіндік бергіміз келді. Бұл – студенттер мен инвесторларды бір алаңда тоғыстыратын мүмкіндік», – дейді Амиржан Жампеисов.

Raava: әр оқушыға жеке стратегия

Сол жобалардың бірі – Марк Царенко әзірлеген Raava стартапы (Astana IT University). Бұл IELTS және SAT сияқты халықаралық емтихандарға дайындалуға арналған AI-платформа. Бірақ оның басты ерекшелігі – жай ғана материал беруде емес, оқушыға бейімделуінде. Жүйе қолданушының когнитивтік паттерндерін талдап, оның қалай оқитынын, қай жерде қателесетінін анықтап, соған сәйкес жеке оқу стратегиясын құрады. Сонымен қатар, платформада геймификация элементтері бар: қолданушы нақты мақсатқа жету жолын «ойын» форматында өтеді.

Жоба білімге қолжетімділік мәселесін шешуге бағытталған, өйткені дәстүрлі дайындық курстары көп жағдайда қымбат болады. Ал Raava бұл процесті қолжетімді әрі масштабталатын етеді.

«Кейбір дайындық орталықтарында баға 1000 долларға дейін жетеді – бұл көпшілік үшін қолжетімсіз. Сондықтан біз барлығына бірдей тиімді әрі қолжетімді балама жасағымыз келді», – дейді Марк Царенко.

Марк Царенко

AntiKrizis Plus: заң көмегін цифрландыру

Тағы бір маңызды жоба – Мухамет Али ұсынған AntiKrizis Plus. Бұл стартап банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процестерін цифрлық форматқа көшіреді. Қосымша қолданушының қаржылық жағдайын талдап, оған сәйкес заңдық шешімдерді ұсынады және бүкіл процесс барысында сүйемелдейді.

Жоба нақты тәжірибеге негізделген: команда бұл саланың ішкі мәселелерін жақсы түсінеді және соның негізінде өнімді құрған. Қазіргі таңда платформа 58 нақты кейспен жұмыс істеп үлгерген, бұл оның нарықта сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Қазақстанда 1,6 миллионнан астам адам 90 күннен артық несиелік қарыздарын өтей алмай отыр. Мұндай жағдайда заңгерлік көмек қажет болғанымен, оның құны көпшілік үшін қолжетімсіз. AntiKrizis Plus осы мәселені шешіп, күрделі процесті қарапайым әрі түсінікті етеді.

Жобаның дамуына Қазақстандағы цифрландыру процесі де айтарлықтай әсер етіп отыр. Мысалы, eGov және e-Notary сияқты сервистердің пайда болуы көптеген заңдық процедураларды онлайн форматта жүргізуге мүмкіндік беріп, процесті айтарлықтай жылдамдатты.

«Біз бұл жобаны адамдардың шынымен қандай қиындықтарға тап болатынын көргеннен кейін бастадық. Біздің мақсат – заң көмегін тек қолжетімді ету емес, оны қарапайым әрі түсінікті ету. Болашақта бұл процесті толық цифрландырып, одан да көп адамға көмектескіміз келеді», – дейді Мухамет Али.

Safini.AI: цифрлық әдеттерді қалыптастыру

Үшінші жоба – Умар Рахметолла таныстырған Safini.AI. Бұл стартап балалардың экран алдында тым көп уақыт өткізу мәселесін шешуге бағытталған. Қазіргі таңда 4–10 жас аралығындағы балалар күніне 6 сағаттан астам уақытын гаджеттермен өткізеді, бұл олардың когнитивтік және әлеуметтік дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Safini.AI бұл мәселеге басқа қырынан қарайды: шектеу емес, мотивация ұсынады. Бала ата-анасы берген тапсырмаларды орындап, ішкі валюта жинайды, кейін оны экран уақытын алуға жұмсай алады (мысалы, Robloxойнау немесе YouTube көру үшін). Сонымен қатар, қосымшада ата-аналық бақылау және балаларға арналған қауіпсіз AI-тьютор бар.

«Біз балаларға тек шектеу қоюды емес, тәртіп пен мотивацияны біріктіретін жүйе қалыптастыруды мақсат етеміз», – дейді Умар Рахметолла.

Қарастырылған жобалар әртүрлі саланы қамтығанымен, олардың барлығын біріктіретін ортақ нәрсе бар – олар нақты мәселелерді шешуге бағытталған және қолданушыға шынайы құндылық береді.

Narxoz University айналасында қалыптасып жатқан стартап-экожүйе студенттерге тек теория беріп қана қоймай, өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік жасап отыр. Founder's Hub сияқты қауымдастықтар жас фаундерлерге команда табуға, тәжірибе жинауға және инвесторлармен байланыс орнатуға жағдай жасайды.

Narxoz Arena аясында ұсынылған жобаларға қарап, Қазақстандағы жас кәсіпкерлердің ойлау жүйесі өзгеріп келе жатқанын көруге болады: олар енді жай идея ұсынбайды, олар жаһандық нарыққа бағытталған нақты өнімдер жасап жатыр.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз