Қазақстан БҰҰ шешімдерін елемей ме?
Жақында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті атыраулық белсенділер Макс Боқай мен Талғат Аянның шағымы бойынша шешім қабылдады. Ұйым Қазақстанды оларға моральдық және материалдық шығын үшін өтемақы төлеуге міндеттеді. Алайда Қазақстан билігі мұндай шешімдерді орындауға асықпайды, дейді құқық қорғаушы Роза Ақылбекова Youtz.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Жалпы БҰҰ комитеттеріне Қазақстан азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалардан жетпіске жуық шағым түскен.
«Өкінішке қарай, тек екі шағым бойынша ғана Қазақстан билігі БҰҰ талабын қанағаттандырды. Басқа көптеген істер БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитеті мен Азаптауға қарсы комитеттен оң қорытынды алғанымен, мемлекет бұл істер бойынша міндетін орындаған жоқ.
Қазақстан БҰҰ халықаралық шарттарын қабылдағандықтан, шешімді қолдауы тиіс еді. Алайда нақты шешімдер шығармады, сондықтан халықаралық құқық стандарттары бұзылды», – дейді Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюро төрағасының орынбасары Роза Ақылбекова.
Қазақстан орындаған екі ұсыным
Қазақстан билігі БҰҰ Азаптауларға қарсы комитеті шешіміне сәйкес екі қазақстандықтың шағымын қанағаттандырып, оларға өтемақы төледі.
Сол істердің бірі Александр Герасимовке қатысты. Ол 2007 жылы Қостанайда кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғаннан кейін полиция бөлімінде азапталғанын мәлімдеген. Айтуынша, бес полиция қызметкері оны соққыға жығып, бірнеше рет басына пакет кигізіп, тұншықтырған. Сонымен қатар жыныстық зорлық көрсетеміз деп қорқытып, қылмысты мойындатпақ болған.
Жәбірленушінің шағымы бойынша іс қозғалғанымен, тергеу күдікке ілінген қызметкерлердің өз бөлімшесіне тапсырылған. Бұдан бөлек, Герасимовқа қысым жасалып, арызынан бас тарту үшін қорқытып, пара ұсыну фактілері тіркелген. Тергеу тек бір айдан кейін басталған.
Азаптауға қарсы комитет 2012 жылы Александр Герасимовке қатысты шешім шығарды. Істі қараған комитет тергеу талапқа сай жүргізілмегенін анықтады. Атап айтқанда, оның жедел, тәуелсіз және тиімді болмағаны айтылған. Сондай-ақ істің сол органда қаралуы халықаралық стандарттарға қайшы деп танылды.
Комитет өтемақы төлеуді сот үкімінің күшіне енуімен байланыстыру дұрыс емес екенін мәлімдеді. Ал жәбірленушіге жасалған қысым жеке құқықбұзушылық ретінде бағаланған.
Халықаралық орган қамауда болған кезде тіркелген дене жарақаттарына мемлекет тарапынан түсініктеме берілмеген жағдайда, бұл азаптау фактісін дәлелдеуге жеткілікті негіз деп тапты.
Талап етуші 21 609 703 теңге өндіруді сұраған. Кейін Қостанай қалалық соты Герасимовқа 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім шығарды. Алайда құқық қорғаушылар бұл соманы жеткіліксіз деп бағалады. Сарапшылардың пікірінше, бұл іс Қазақстандағы азаптау фактілерін тергеу тәжірибесіне әсер ететін маңызды прецеденттердің бірі саналады.
2008 жылы Қостанай облысы Рудный қаласында Расим Байрамов есімді тұрғын дүкеннен ақша мен үш бөтелке сыра ұрлады деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырылды. Полиция оны 2,5 тәулік бойы адвокатсыз қамауда ұстап, қылмысты мойындату үшін соққыға жыққан. Комитет бұл әрекеттерді Конвенцияның 1-бабына сәйкес азаптау деп таныды. 2014 жылғы желтоқсанда Расим Байрамов БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің шешіміне сүйене отырып, облыстық ішкі істер департаментіне қарсы моральдық зиянды өтеу туралы сотта жеңіске жетті. Қостанай қалалық соты оның талап-арызын ішінара қанағаттандырып, 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.
Адамға күш қолдану қылмыстық іс аясында азаптау ретінде бағаланады. Бұл үшін істің ауыр болуы талап етілмейді. Сонымен қатар, ұсталған адамға адвокаттың берілмеуі жағдайды күрделендіретін маңызды фактор саналады. Ал соттар белгілейтін өтемақы көлемінің аздығы әлі күнге дейін шешілмеген мәселе күйінде қалып отыр.
Жеті жылдан кейін келген шешім
Ал жоғарыда атталған екі белсендінің ісіне қатысты міндеттеме орындалуы әзірше белгісіз.
«Макс Боқай мен Талғат Аянның шағымына қатысты БҰҰ комитеті қабылдаған шешімді мемлекет қолдап-қолдамайтынын уақыт көрсетеді», – дейді Роза Ақылбекова.
Халықаралық орган Қазақстан билігіне белсенділерге өтемақы төлеуді және мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз етуді ұсынды. Бұл шешімге 3 ай ішінде жауап берілуі тиіс.
«Біздің екі азаматқа қатысты жағдайда БҰҰ халықаралық құқық стандарттарын білетін сарапшылар әділетсіздікке көздері жетіп, Қазақстан билігіне ұсыныс жасаған. Енді халықаралық органның шешімі немесе ұсынысын алған кез келген мемлекет секілді Қазақстан 180 күн ішінде жауап беруі тиіс», - деді құқық қорғаушы.
БҰҰ-ның қазақстандық белсенділер шағымына қатысты 7 жылдан кейін шешім шығарулуы шағымның көптігімен байланысты.
«Құқық қорғаушылар үшін істің ұзақ қаралуы түсінікті. Шындығында, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне халықаралық адам құқықтары туралы келісімді ратификациялаған бүкіл елдердің азаматтары шағымданады. Түрлі елдерден келіп түсетін шағым көп. Әсіресе, соңғы уақытта Украина мен Ресей арасындағы соғыстан кейін осы ел азаматтарынан арыз-шағым өте көп», – деп түсіндірді Ақылбекова.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан билігі 2016 жылғы жер мәселесіне қатысты митингтен кейін халықаралық міндеттемелерді бұзған деген қорытындыға келді.
Комитет шешімінде Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакттың бірнеше бабын бұзғаны айтылды. Атап айтқанда, заңсыз қамауға алу арқылы жеке бостандық құқығы, сөз еркіндігі және бейбіт жиналу құқықтары шектелген.
Бұл шешім белсенділер Макс Боқай мен Талғат Аянның шағымы негізінде қабылданған. Шағым 2018 жылдың 3 қыркүйегінде халықаралық ұйымдардың көмегімен жолданған. Іс бірнеше жыл бойы қаралып, соңғы шешім 2026 жылғы 13 наурызда шықты. Осылайша процесс жеті жылдан астам уақытқа созылды.
Комитет шешімдері міндетті емес, тек ұсыным сипатында болады. Қазақстанда мұндай шешімдерді орындау тәртібін реттейтін арнайы заң жоқ.
Еске сала кетейік, Боқай мен Аян 2016 жылы сәуірде Атырауда өткен жер митингісіне қатысқан. Наразылық акциясы жерді шетелдіктерге жалға беру және сату мүмкіндігін қарастыратын заң өзгерістеріне қарсы бағытталған еді. Кейін мұндай митингтер елдің басқа қалаларында да өтті, ал билік даулы нормаларға мораторий енгізуге мәжбүр болды.
Алайда белсенділер қамауға алынып, 2016 жылдың қарашасында «әлеуметтік араздық қоздырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен бес жылға сотталды. Олар айыптарды мойындамай, істің саяси астары бар екенін мәлімдеген. Құқық қорғаушылар да бұл істі саяси сипаттағы іс ретінде бағалаған, ал ресми билік елде саяси қудалау жоқ екенін айтып келеді.
Кейін Талғат Аян 2018 жылы шартты түрде босатылып, 2019 жылы толық ақталды. Ал Макс Боқай 2021 жылдың ақпанында түрмеден шықты.
Роза Ақылбекова Қазақстанда бұзылған адам құқығын қалпына келтіретін институт құру керек деп есептейді.
«Қазақстанда әлі күнге дейін бұзылған адам құқығын қалпына келтіретін институт құрылмаған. Алдағы уақытта құрылады деп сенеміз, өйткені бұл мемлекеттің міндеті. Бұл құрылымның қазақстандықтардың мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға септігі тиер еді», – деп түйіндеді құқық қорғаушы.