Қазақ және француз мәдениетінің ұқсастығы неде

Қазақстанда 30 наурыз –15 сәуір аралығында дәстүрлі «Франкофония көктемі» өтті. 2010 жылдан бері өткізіліп жатқан фестиваль биыл да мәдени диалогтың, тіл мен өнердің тоғысқан алаңына айналды. Ұйымдастырылған іс-шаралар француз тілін насихаттау мен қатар, Қазақстан мен франкофон елдері арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді.

Бұл фестиваль – тек концерт пен кинолар жиынтығы емес, сонымен қатар мәдениеттердің бір-бірін тануы, ортақ құндылықтарды табуы және шекарадан тыс байланыс орнатуы.

Франкофонияның көрінбейтін ықпалы

Фестиваль ресми түрде 30 наурызда ашылды. Баспасөз маслихатынан кейін француз классикалық музыка кеші ұйымдастырылып, көрермендер жанды орындаудағы өнермен қауышты.

Келесі күні, қысқаметражды фильмдер түні өтті. Бұл кеш авторлық француз киносына қызығатын аудиторияны жинады. Сонымен қатар, франкофон кинофестивалі жалғасып, бірнеше күн бойы көрермендер француз тіліндегі фильмдерді тамашалады. Деректі фильмдер көрсетілімі де ұйымдастырылып, мәдени тақырыптар тереңірек ашылды десе болады.

Фестиваль аясында жастар арасында француз тілінде шешендік өнер байқауы ұйымдастырылды. Бұл – тіл үйренушілер үшін өз дағдыларын көрсетуге мүмкіндік. Сондай-ақ, Alliance Française алаңында интерактивті мәдени кеңістік – ludothèque ашылып, қатысушылар ойын арқылы тіл мен мәдениетті таныды.

Фестивальдің ең жарқын сәттерінің бірі – заманауи француз музыка кеші. Ал тағы бір қызықты шара, франкофон елдеріне арналған воркшоп, мұнда қатысушылар әртүрлі мәдениеттермен жақынырақ танысты.

Сонымен қатар, әдеби кездесу мен кітап тұсаукесерлері ұйымдастырылып, француз әдебиетімен таныстыру өтті.

«Мен Қазақстанға елге бірден ғашық болдым»

Франкофонияға алғаш қатысып отырған стажер, Alliance Française француз тілінің оқытушысы Luane үшін бұл ерекше тәжірибе.

«Мен үшін Франкофония – адамдарды бір-біріне жақындата түсетін ерекше орта. Жергілікті серіктестермен байланысты нығайту өте маңызды. Қазақстандағы франкофония ұйымдар жұмысының әсері күнделікті байқала бермейді, бірақ олардың рөлі өте маңызды. Ең бастысы, Франкофония фестивальмен шектелмей, адамдар арасында үнемі жүретін процесс», – дейді ол.

Сонымен қатар, Luane Қазақстан туралы әсерімен бөлісті.

«Мен бұл елге бірден ғашық болдым, мұнда келу – мен үшін арманымның бірінің орындалуы. Қаншалық көп зерттесем, соншалық көп жаңа нәрсе ашыла береді. Мен Францияның мұнда соншалық танымал екенін күтпеген едім. Мысалы, тіпті қазақ жастары Joe Dassin сияқты орындаушыларды жақсы таниды екен. Бұл күндері Қазақстан ашық,  әлеммен диалогқа дайын орта екеніне көзім жетті», – деп қосты ол әңгіме барысында.

Luane үшін ең күтпеген жаңалық – қазақ және француз мәдениеттерінің ұқсастығы:

«Бір қарағанда айырмашылық көп сияқты. Бірақ тереңірек қарасаң, ортақ тұстар өте көп. Мысалы, дастархан  басында ұзақ отыру, өнерге деген сүйіспеншілік, эмоцияны ашық білдіру – осының бәрі мені таңғалдырды. Сондықтан мен отанды сағыну сезімін сирек сезінемін».

Қазақстандағы Франкофония – екі ел арасындағы тіл, өнер, мәдениет және адамдардан құрылатын көпір. Ал Luane сияқты шетелдіктер көзқарасы бұл көпірдің шынымен де жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз