IAUP: Қазақстан жаһандық білім беру диалогының орталығына айналды

2026 жылғы 11–13 маусым аралығында Алматы қаласында Almaty Management University (AlmaU) базасында IAUP Central Asia халықаралық конференциясы өтті. Бұл Орталық Азия тарихындағы жоғары білім беру мәселелеріне арналған алғашқы нәтижеге бағытталған ауқымды конференция болды. Басқосу университет басшыларын, саясаткерлерді, халықаралық сарапшылар мен практиктерді бір алаңға жинап, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін шешудегі университеттердің рөлін қайта қарастыруға мүмкіндік берді. Youth.kz тілшілері конференцияға қатысып, күн тәртібіндегі негізгі тақырыптармен танысты.

Конференцияның алғашқы күні «Қазақстан» қонақүйінде өтті. Іс-шараға әлемнің 15-тен астам елінен келген 100-ден астам университет басшысы мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл – Халықаралық университет президенттері қауымдастығының (IAUP) Орталық Азиядағы алғашқы өңірлік конференциясы.

Конференция жастардың «Орда-этно» клубының әсерлі қойылымымен ашылды. Ұлттық киім киген өнерпаздар қазақ халқының фольклорлық дәстүрлерінің әсемдігін көрсетіп, халықтар арасындағы бірлікті дәріптеді.

Алғашқы құттықтау сөзді AlmaU университетінің негізін қалаушы Асылбек Қожахметов сөйледі. Ол университеттің қалыптасу және даму жолына тоқталып, әсіресе Қазақстанның 1990-жылдардағы қиын кезеңдерін еске алды. Сонымен қатар мұндай халықаралық конференцияны өткізу ел үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

Фото: пресс-служба

«Біз тренд қалыптастырғымыз келеді. Осы тұрғыда көшпенділер мәдениетінің маңызы зор. Бұл – жай ғана амбиция емес, үлкен үмітке бастайтын жол», – деді Асылбек Қожахметов.

Ол сондай-ақ «Толық адам» бағдарламасының философиялық тереңдігі халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын айтып, адамаралық қарым-қатынасқа негізделген әріптестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Алматыда достық пен серіктестіктің тұқымын бірге себейік», – деп қорытындылады ол.

Одан кейін сөз алған SIAS университетінің негізін қалаушы Шон Чен ғылымға деген қызығушылықтың, ашықтықтың және үздіксіз дамудың маңызын атап өтті.

«Қазір өте маңызды кезеңде тұрмыз. Азияда жастар саны көп, сондықтан өңірдің әлеуетін көрсетуіміз қажет. Өзгерістерге тез бейімделуді үйренуіміз керек. Қазақстан халқына алғыс айтқым келеді, өйткені олардың арқасында өзімізді үлкен отбасының мүшесіндей сезінеміз», – деді Шон Чен.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияға жеке қатыса алмағанымен, қатысушыларға арнайы бейнеүндеу жолдады.

«Қазақстан білім беру жүйесін ауқымды трансформациялауға кірісті. Зерттеу университеттері құрылып жатыр. Күкірт өндірісі мен орман шаруашылығы сияқты бағыттарда ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Біз халықаралық серіктестермен бірлескен зерттеулерге әрдайым ашықпыз», – деді министр.

Сонымен қатар ол жасанды интеллекттің мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта екі суперкомпьютер әзірленуде, олардың біреуі пайдалануға дайын.

«Бұл технологияларға әр азаматтың қолжетімділігі болуы керек. Мұғалімдер жасанды интеллекттің көмегімен студенттерге арналған тапсырмаларды әзірлей алады. Бұл уақытты үнемдеп, зерттеу жұмыстарына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді», – деді Саясат Нұрбек.

Фото: пресс-служба

Геосаясаттанушы әрі географ Норберт Чизмадиа өз сөзінде табиғи ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі әлемде бейбітшілік, тұрақты даму, кешенді көзқарас пен инновация басты құндылықтарға айналуы тиіс.

Пленарлық баяндамалардан кейін панельдік сессиялар басталды. Алғашқы күні барлығы төрт панельдік талқылау өтті.

Бірінші сессияда Еркін Тәтішев, Тарик Курейши және басқа да спикерлер кәсіпкерлік университеттердің қоғам мен экономиканың дамуына қозғаушы күш бола алатынын талқылады.

Екінші панель жоғары білім мен тұрақты даму мәселелеріне арналды. Бұл тақырып бойынша Сибрандес Попема мен Мейіргүл Алпысбаева өз көзқарастарын ортаға салды.

Үшінші және төртінші сессияларда Азиядағы жоғары білімнің болашағы мен Орталық Азияның өсіп келе жатқан рөлі кеңінен талқыланды.

Фото: пресс-служба

Конференцияның екінші күні AlmaU университетінің қабырғасында жалғасты. Бағдарлама алдағы онжылдықтардағы жаһандық ықпалға әсер ететін негізгі үрдістерге арналған қорытынды сессиядан басталды. Сондай-ақ қатысушыларға жасанды интеллекттің адам өміріндегі рөлін көрсететін бірнеше презентация ұсынылды.

Іс-шараның қорытынды сөзін Шон Чен мен Тимур Булдыбаев сөйлеп, конференция нәтижелеріне қысқаша шолу жасады.

Іс-шара барысында 40-тан астам меморандумға қол қойылды. Халықаралық университеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, студенттер мен оқытушылар үшін академиялық мобильділікке, зерттеулер жүргізуге, озық тәжірибелермен алмасуға және жоғары білім берудегі жаһандық серіктестікті нығайтуға бағытталған. Кейіннен AlmaU «Ректорлар мен университет басшыларына арналған әсерлі көшбасшылық» қарқынды курсын бастады. 

Қорытындылай келе, IAUP Central Asia конференциясы халықаралық академиялық қауымдастықтың өзара ынтымақтастығын нығайтып қана қоймай, Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы өңірлік көшбасшылық әлеуетін тағы бір мәрте айқындады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз