Аруан Анартай: «Қайғыны жеңу үшін – бірдеңе жасап шығару керек»

Joqtau фильмі Латын Америкасындағы Al Este халықаралық фестивалінде гран-при жеңіп алды

Аруан Анартайдың Joqtau фильмі 2025 жылғы маусымда Латын Америкасында өткен Al Este халықаралық фестивалінде гран-при жеңіп алды. Бір ай бұрын режиссерге Бішкек халықаралық кинофестивалінде үздік режиссура үшін, ал өткен жылы Алматыда өткен «Еуразия» кинофестивалінде дәл осындай жүлде табысталған болатын.

- Аруан, ең алдымен сізді Боготадағы жеңісіңізбен және фильмнің марапаттарымен құттықтаймыз! Осы фестиваль туралы толығырақ айтып берсеңіз: номинацияңыз қалай аталады, қазылар алқасы қандай пікірмен бөлісті?

-Al Este – бұл Орталық және Шығыс Еуропа мен Латын Америкасы арасындағы мәдени байланысты нығайтуды мақсат еткен үлкен фестиваль. Біздің фильм бағдарламаға Шығыс Еуропа фильмдері ретінде енгізілді. Алдымен Перуде, кейін Колумбияның Богота қаласында көрсетілді. Біз «Халықаралық байқаудағы үздік фильм» номинациясына ие болдық. Сонымен қатар, Италияның Палермо қаласында өткен фестивальде қазылар алқасы бізді «Қайғы тақырыбын ашқаны үшін» атап өтті.

-  Фильмнің атауы «Жоқтау». Бұл оқиға жеке өмірден алынған ба? Фильм кім туралы?

- Иә, бастапқыда фильмнің атауы «Қорғалған орын» болатын. Мен Мәскеуде оқып жүргенде, дәл сол уақытта атам қайтыс болды. Маған тірек бола алатын, күш бере алатын бір орын іздеп, осылай атадым. Кейін сценарий жазып жүргенде жоқтау деген салт пен ән бар екенің білдім. Командамызбен бұл атау фильмге сәйкес келеді деп шештік.
 Басты рөлдегі актер Исбек Әбілмәжінов осы жайлы біраз айтқан болатын, біз тыңдап, бойымызға сіңірдік. Бұл атау айналамызда естіліп тұрғандай болды. Кейін мен жоқтау туралы тарихи деректерді оқыдым, ал Рахиля Машурова оны жаттап алып, орындады.

- Сіз бұл фильмді «жоқтау-фильм» деп атадыңыз. Бұл жанр ма әлде формат па? Қандай ерекшелігі бар?

 - Иә, дәл солай болып шықты. Мен оны нақты жанр немесе формат деп айта алмаймын, бірақ біреуге арналған, қайтыс болған жан жайлы фильмдерді осылай атауға болады.

Жоқтау - қазақ халқының жоқтау әні. Мұндай қоштасу әндері барлық халықта бар, бірақ қазақтарда бұл поэтикалық жанр ретінде дамыған. Мен өз ұлтымда қайғыны еңсерудің бір тәсілін білдім: ол — жоқтан бар жасау арқылы рухани сауығу. Яғни, қайғыны жеңу үшін - бірдеңе жасап шығару керек.

- Фильмді Алматыда, Бішкекте, Боготада көрермендер қалай қабылдады?

- Барлығы Вакарнада өткен көрсетілімнен басталды. Ол жерде үлкен кісілер келіп, фильмнің ұнағанын айтты, мені түртіп, жылы пікірлермен бөлісті - мені түсінгендерін сездім. Кейін түрлі фестивальдер болды. Бішкектегі көрермендер қатты ұнады: көбісі жасы үлкен адамдар, осы тақырыпты көтергенім үшін алғыс айтып, көп сұрақ қойды - тақырып оларға жақын екені көрініп тұрды. Тек бір пікірді қосты: Қырғызстанда біреу қайтыс болса, үйдің жанына киіз үй тігеді екен, ал фильмде киіз үй болмағаны таңқалдырған екен.

Алматыдағы көрермендер де ұнады. «Еуразия» фестивалінде студенттер көп болды. Олар: «Қазір ажеме, атама хабарласам» деп айтып жатты.

Жалпы, адамдар бұл оқиғаны жылы қабылдады.

-«Жоқтау» атауын халықаралық көрерменге қалай түсіндірдіңіздер?

-Фильмнің басында жоқтау дегеніміз не екенін түсіндіретін титрлерді қостық: жанр ретінде қалыптасқан, қазақ халқының қоштасу әні. Біз атауды аудармауды шештік. Тек Қырғызстанда «Кошок» деп аудардық - ол жақта жоқтау солай аталады.

- Фильм арқылы көрерменге не айтқыңыз келді? Неге бұл фильмді көру маңызды?

- Мен бұл туралы көп ойландым… Көрермен фильмге еніп, өзінде жара болған дүниені бірге сезінсе деймін.

- Фильмді кинотеатрларда көруге бола ма? Қай уақытта?

- Иә, фильм 7–14 тамыз аралығында көптеген кинотеатрда көрсетіліп жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, барлық қалаларда емес. Егер көрермен қызығушылық танытса, көрсетілім уақыты ұзартылуы мүмкін.

- Роуд-муви бағытын жалғастырғыңыз келе ме? Қандай жаңа жобамен айналысып жатырсыз?

- Менің келесі жобам «Қорқыт» деп аталады. Мен өлім тақырыбымен жұмыс істеуді жалғастырып жатырмын. Бұл идея Жоқтау кезінде пайда болды. Қорқыт - күйші, ал мен үшін музыка кинода өте маңызды. Бұл жолы роуд-муви емес, қобызға, күйлерге толы музыкалық драма.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз