АҚШ-та Қазақстан азаматы жұмбақ жағдайда көз жұмды

Желіде біраз күннен бері АҚШ-та Қазақстан азаматы жұмбақ жағдайда жоғалып, өлі табылғаны туралы әңгіме басылар емес. Қазақстандықтар оның тұрған жері өте қауіпті аймақ екенін, жас жігіт бұзақылардың қолынан қаза болуы мүмкін екенін айтуда. youth.kz желідегі ақпаратқа шолу жасап, мән-жайды анықтап көрді. 

Желіде оған іздеу салған ақпарат жарияланды.

«Әсет Құралбай АҚШ-та Иллинойс штатындағы Чикаго маңында (Ford Heights ауданында) тұрып келген. Ол соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан. 7 маусымнан бастап оның телефоны өшірулі болған.  Үйінде құжаттары мен банк карталары қалған. 10 маусым күні полиция оның Toyota Camry (DP 86722) көлігін тапқан, алайда Асеттің өзі әлі күнге дейін табылған жоқ. Қазіргі уақытта оның қайда екені белгісіз, іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Егер кімде-кім оны көрген болса немесе қандай да бір ақпарат білсе, жақындарына немесе тиісті органдарға хабарласуын сұраймыз», – делінген жазбада.

Сыртқы істер министрлігі не дейді

15 маусымда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев АҚШ-тан ақпарат түскенін айтты.

«Сыртқы істер министрлігі АҚШ құзырлы органдарынан табылған мәйіттің Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені туралы ақпарат алды. Қазіргі уақытта АҚШ тарапынан қажетті рәсімдер жүргізіліп жатыр. Біздің дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және азаматтың туыстарымен байланыста. Оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр», – деді Ерлан Жетібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қайғылы жағдай

Ulysmedia.kz порталының жазуынша, 15 маусым күні Чикагодағы диаспора пабликтерінде хабар тараған.

«Қайғыра отырып хабарлаймыз: полиция ресми түрде табылған мәйіт Әсет Құралбайға тиесілі екенін растады. Марқұмның туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз», – делінген жазбада.

Қазіргі таңда Әсет Құралбайдың әпкесі Нью-Йорктен Чикагоға келіп, мәйітті Қазақстанға жөнелтуді ұйымдастырып жатыр. Отбасыға қаржылай көмек көрсету үшін қайырымдылық жинағы басталған. Бір тәуліктен аз уақытта адамдар 7 175,90 доллар жинаған.

Ақпаратты нақтылау үшін Ulysmedia.kz марқұмның үлкен әпкесі Алина Құралбайға тікелей хабарласқан. Ол мессенджер арқылы әзірге ресми органдардың қорытынды бермегенін айтқан.

«Сәлеметсіз бе, консул әзірге бізге нәтижені хабарлаған жоқ, кейін хабарласатынын айтты. Қазір бұл туралы айта алмаймын», – деген ол. 

Іздеу жұмысы аяқталғанымен, бұл оқиғада әлі де түсініксіз жайттар бар. Өлімнің нақты себебі анықталған жоқ. Қаза болған адам өз еркімен өмірін қиюы мүмкін бе, әлде Форд-Хайтс ауданында қылмыстық оқиғаның құрбаны болды ма, бұл әзірге белгісіз.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз