2027 жылдан бастап 11 жастағы ұлдарға АПВ-ға қарсы вакцина салынады

Қазақстанда 2027 жылдан бастап 11 жастағы ұлдарды адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау пилоттық режимде енгізіледі. Жаңа бағдарлама елдің төрт өңірінде сынақ ретінде жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымы кезінде айтты.

Ұлдарға вакцинация пилоттық режимде енгізіледі

Вице-министрдің айтуынша, профилактикалық шаралар қатарында АПВ-ға қарсы вакцинацияны ұлдарға да енгізу қарастырылған.

«Профилактикалық шара ретінде 11 жастағы ұл балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жүргізу енгізіледі. Қыздарға вакцинация 2025 жылдан басталды», – деді Абзал Бейсенбекұлы.

Қыздарға вакцинация 2025 жылы басталған

Қазақстанда қыз балаларды АПВ-ға қарсы вакцинациялау 2025 жылы басталған. 2026 жылдың шілде айының басындағы мәлімет бойынша, елде 265 мыңнан астам қыз бала вакцинаның алғашқы дозасын алған. Оның ішінде 2026 жылдың басынан бері 51,4 мың қызға вакцина салынған.

АПВ – адамға жыныстық жолмен берілетін кең таралған вирустар тобы. Оның кейбір түрлері қатерлі ісіктің, соның ішінде жатыр мойны обырының даму қаупін арттыруы мүмкін.

Ұлдарды вакцинациялау вирустың таралуын азайтуға және ерлердің өздерін АПВ-мен байланысты аурулардан қорғауға бағытталған профилактикалық шара ретінде қарастырылады.

Жаңа бастама 2027 жылдан бастап төрт өңірде пилоттық форматта жүзеге асырылмақ. Оның нәтижесіне қарай бағдарламаны одан әрі кеңейту мәселесі қаралуы мүмкін.

Қазақстанда жаңа скрининг іске қосылады

Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, келесі жылы Қазақстанның төрт өңірінде пилоттық режимде скринингтің жаңа түрін  – өкпе обырын ерте анықтау бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр.


Жақында барлық өңірлерде өкпе обыры туралы хабардарлық апталығы өтті.  Тұрғындарға төмен дозалы компьютерлік томография арқылы бұл ауруды анықтау үшін тексеруден өту ұсынылған. Бұл  – қауіп-қатер тобындағы адамдарда өкпе обырын ерте диагностикалаудың халықаралық деңгейде танылған әдісі.

Олардың қатарына мыналар жатады:

  • 50 жастан асқан азаматтар;
  • темекі шегу өтілі 15 жылдан асатын адамдар;
  • қазіргі уақытта темекі шегетіндер және бұрын шеккендер;
  • шаң-тозаңның, түтіннің, химиялық және канцерогенді заттардың әсеріне ұшырайтын зиянды өндіріс қызметкерлері.

Мамандар халықтың дәл осы санаттарына тұрақты түрде профилактикалық тексеруден өтіп тұруды ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз