Жұмыс пен оқу арасында: бір студенттің күнделікті өмірі

Қазіргі таңда көптеген студенттер оқуымен қатар жұмыс істеуге мәжбүр немесе саналы түрде осы жолды таңдап отыр. Бұл шешім қаржылық тәуелсіздікке ұмтылумен қатар, ерте тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Солардың бірі – журналистика мамандығының 3-курс студенті Айдана. Оның күнделікті өмірі оқу мен жұмысты қатар алып жүрудің қаншалықты жауапкершілік талап ететінін көрсетеді.

Айдана университетте күндіз оқиды, ал бос уақытында кондитер болып жұмыс істейді. Ол тапсырысқа тәтті өнімдер дайындап, шағын кәсібін қатар алып жүр. Оның айтуынша, бұл шешім бір күнде қабылданбаған.

«Қаржылық тәуелсіз болғым келді және өз уақытымды тиімді пайдалануды үйренгім келді» – дейді ол.

Айдананың күні таңертең лекциядан басталады. Сабақ кестесі тығыз болғанымен, ол оқуына немқұрайлы қарамайды. Барлық тапсырманы алдын ала жоспарлап, дедлайнды өткізбеуге тырысады. Ал кешкі уақытын тапсырыстарға арнайды.

«Басында қиын болды. Кейде шаршайсың, кейде үлгермей қаламын деп қорқасың. Бірақ уақыт өте келе бәріне үйренесің» – дейді студент.

Айдана үшін жұмыс тек табыс көзі ғана емес. Ол жауапкершілікті, тәртіпті, клиентпен дұрыс қарым-қатынас орнатуды осы тәжірибе арқылы үйренгенін айтады. Әр тапсырыс – жаңа сынақ әрі жаңа тәжірибе.

«Жұмыс маған өзіме деген сенімділік берді. Қазір кез келген іске байыппен қараймын» – дейді ол.

Әрине, оқу мен жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Ұйқының аздығы, физикалық шаршау, эмоциялық қысым – студенттер жиі кездесетін қиындықтар. Дегенмен Айдана мұндай кезеңдерде өз мақсатын еске алатынын айтады.

«Бұл уақытша қиындық екенін түсінемін. Ал алған тәжірибе өмір бойы қалады» – дейді ол.

Айдананың алдағы мақсаты – жеке кондитерлік студия ашу. Қазір ол тапсырысқа бенто-торттар, мерекелік торттар, капкейктер және шоколадқа батырылған құлпынай дайындайды. Айдананың айтуынша, бір айдағы табысы тапсырыс санына байланысты орта есеппен 250-400 мың теңге аралығында. Студент үшін бұл – оқуын жалғастырумен қатар, өз-өзін қамтамасыз етуге жеткілікті табыс.

Кондитерлікпен айналысу оған қаржылық тәуелсіздік беріп қана қоймай, жауапкершілік пен тәртіпке де үйреткен. Әр тапсырыс – уақытты дұрыс жоспарлау, клиентпен келісу және нәтижеге жауап беру деген сөз.

Сонымен қатар Айдана журналистика саласында да жұмыс іздеп көрген. Ол редакцияларға түйіндеме жіберіп, практика мен стажировка нұсқаларын қарастырған. Алайда ұсыныстардың басым бөлігі ақысыз немесе өте төмен жалақымен шектелген.

«Журналистикада оқысам да, студент ретінде бұл салада тұрақты табыс табу қиын екенін түсіндім. Көп жерде тәжірибе сұрайды, бірақ оны жинауға мүмкіндік аз», – дейді ол.

Осы себепті Айдана әзірге сұранысы жоғары әрі нәтижесі бірден көрінетін кондитерлік бағытты таңдаған. Оның айтуынша, бұл – мамандықтан бас тарту емес, жағдайға бейімделудің бір жолы.

Айдана журналистикада алған білімін күнделікті жұмысында белсенді қолданады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасын өзі жүргізеді, мәтін жазады, визуал ойластырады және аудиториямен байланыс орнатады.

«Журналистика маған ойды нақты жеткізуді, адамдармен жұмыс істеуді үйретті. Бұл да қазір істеп жүрген кәсібіме тікелей әсер етіп жатыр», – дейді студент.

Болашақта Айдана өзін тек бір салада ғана шектегісі келмейді. Ол кондитерлікті жеке брендке айналдыруды жоспарлайды, ал журналистиканы қосымша кәсіби бағыт ретінде сақтағысы келеді. Қазір екі мамандықтың арасында жүргеніне ол алаңдамайды. Керісінше, мұны өз артықшылығы деп санайды.

«Мен сияқты жағдайдағы студенттер көп. Бір салада оқып, басқа бағытта жұмыс істеп жүргендер аз емес. Бұл – бүгінгі студенттік өмірдің шындығы», – дейді Айдана.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз