Үндістандық студент Рахуль Ядув: «Алғашында суық көрінді, кейін Қазақстан үйімдей болды»
Үндістан азаматы Рахуль Ядув – Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Жалпы медицина» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті. Ол Қазақстанда төрт жылдан бері тұрады. Қазір университет жіберген қалалық ауруханаларда клиникалық тәжірибеден өтіп, болашақ мамандығын таңдауға дайындалып жүр. Біз одан шетелдік студент ретінде елдегі оқу мен өмір тәжірибесі туралы сұрадық.
«Қазақстанды амалсыз таңдадым, бірақ өкінбеймін»
Рахульдің айтуынша, Қазақстанға келуінің басты себебі – білімнің қолжетімділігі.
«Үндістанда грантқа түсе алмадым. Ал жекеменшік университеттердің оқу ақысы өте қымбат. Сондықтан шетелден арзанырақ әрі сапалы білім іздедім. Қазақстанда оқу бағасы қолжетімді және түсу талаптары жеңілірек болды. Сол себепті осында келдім», – дейді ол.
Бастапқыда бұл тек тиімді таңдау болса, уақыт өте келе саналы шешімге айналған.
«Қазақстандықтар үнділерге қарағанда тұйықтау»
Алғаш сезілген мәдени айырмашылық – адамдардың мінез-құлқы.
«Үндістанда адамдар өте ашық, сөйлегіш. Ал Қазақстанда адамдар сабырлы, жеке кеңістікті сақтайды, бастапқыда тұйық көрінді», – дейді студент.
Оны қоғамдық орындардың тыныштығы, тағамдағы дәмдеуіштердің аздығы, ет пен сүт өнімдерінің көптігі де таңғалдырған.
Тілдік кедергі мен аяз
Бейімделу кезеңі оңай өтпеген.
«Орысша да, қазақша да білмедім. Дүкенге бару, жол сұрау сияқты қарапайым нәрселердің өзі қиын болды. Оның үстіне суық климатқа үйрену де ауыр тиді», – дейді ол.
Қазір Рахуль күнделікті өмірде орыс тілінде еркін сөйлейді, ал қазақ тілінде қарапайым сөздерді түсінеді.
«Басында амандасудың өзі қиын еді. Науқастармен сөйлесу үшін тіл өте маңызды. Сондықтан үйренуге тырысып жүрмін», – дейді.
Қазақстандағы медициналық білім: жүйе мен тәртіп
Студент Қазақстандағы академиялық жүйені тиімді деп бағалайды.
Құрылымдалған бағдарлама, шағын топтар, тұрақты бақылау емтихандары және ерте клиникалық тәжірибе оған ұнайды.
«Мұнда теория терең әрі жүйелі беріледі. Бұл материалды жақсы меңгеруге көмектеседі», – дейді ол.
Ал Үндістанда бәсекелестік жоғары, әрі пациенттер саны өте көп.
Үздіксіз бақылау – үздіксіз қысым
«Жиі тесттер, ауызша емтихандар, практикалық бағалау бар. Алғашында қатты қиналдым. Бірақ бір семестрден кейін бейімделдім», – дейді студент.
Клиникалық тәжірибе және болашақ мамандық
Қазір Рахуль қалалық ауруханалардың бірінде клиникалық практикадан өтіп жүр. Науқастармен жұмыс істеу оған мамандықтың жауапкершілігін терең сезіндірген.
«Теорияны оқу бір басқа, ал шынайы пациенттермен жұмыс мүлде бөлек тәжірибе. Дәрігер болу – тек білім емес, үлкен жауапкершілік»,– дейді ол.
Болашақта терапевт немесе кардиолог болуды жоспарлап отыр.
Кампус өмірі
Қазақстандық студенттермен алғашқы таныстық туралы айта келе, Рахуль олардың мінезі бірден ашыла бермейтінін атап өтті. «Қазақстандық студенттер алғашында тұйық көрінеді. Бірақ жақын аралассаң өте ашық, қолдай алады», – дейді ол.
Көпұлтты орта оның тілдік дағдыларын дамытып, түрлі мәдениетті түсінуге көмектескен. Алайда студенттік өмір тек жағымды әсерлермен шектелмеген.
«Кейде нәсілшілдік пен стереотиптерге тап болдым. Бұл эмоционалды тұрғыда ауыр болды», – дейді. Соған қарамастан, бұл кезең оны шыңдап, тұлғалық тұрғыдан өсірген.
Болашақ жоспары
Оқуын аяқтағаннан кейін Рахуль интернатураны аяқтап, тәжірибе жинауды көздейді. Қай елде жұмыс істейтіні әлі нақты емес.
«Мүмкін Үндістанға оралармын, мүмкін осында қаламын. Бірақ қай жерде болсам да, жақсы дәрігер болғым келеді. Адамдарға көмектесу – басты мақсатым», – дейді ол.
«Бұл жылдар мені өзгертті»
Төрт жыл ішінде Қазақстан Рахуль үшін екінші үйіне айналған.
«Қиын болды, бірақ мен күштірек, тәуелсіз әрі өзіме сенімді болдым. Өкінбеймін. Қазақстан маған тек білім емес, өмірлік тәжірибе берді», – деп түйіндеді студент.