Трамп Ресейге қарсы қатаң санкциялар туралы заң жобасын қолдады – CNN
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы екі партия әзірлеген жаңа санкциялар пакетін қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй өкіліне сілтеме жасаған CNN хабарлады.
CNN ақпаратына сәйкес, заң жобасының бастамашысы болған сенатор Линдси Грэмнің күтпеген қазасынан кейін құжаттың Конгрестен өту мүмкіндігі арта түскен. Сенатор бірнеше жыл бойы осы бастаманы қабылдатуға күш салған.
Бұған дейін Линдси Грэм мен демократ сенатор Ричард Блюменталь Ақ үй әкімшілігімен ұзақ келіссөздерден кейін заң жобасы бойынша ортақ ұстанымға келгендерін мәлімдеген. Алайда Дональд Трамптың құжатты тікелей қолдайтыны белгісіз болып келген. Себебі ол бұған дейін санкцияларды енгізу мәселесінде президенттің өкілеттігі кең болуы қажет екенін бірнеше рет айтқан.
Дүйсенбі күні CNN тілшісінің заң жобасына қол қоясыз ба деген сұрағына Трамп.
«Иә, біз бұл мәселені талқылап жатырмыз... Бұл жөнінде жақын арада шешім қабылдаймыз», – деп жауап берді.
Өз кезегінде Сенаттағы республикалық көпшілік көшбасшысы Джон Тьюн Ақ үйдің бұл мәселеде сенатор Линдси Грэммен тығыз жұмыс істегенін айтты.
«Бұл үшін Сенаттағы демократтар мен республикашылдардың қолдауы қажет. Бірақ біз оған қол жеткіземіз деп үміттенемін», – деді Тьюн.
Оның айтуынша, өмірінің соңғы күндерінде Ресейге қарсы санкциялар пакетін қабылдату Линдси Грэм үшін ең маңызды мақсаттардың бірі болған.
Ал сенатор Ричард Блюменталь заң жобасын мүмкіндігінше тезірек қабылдау қажет екенін айтып, енді бастаманың жаңа республикалық тең демеушісін анықтау жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.
Ұсынылып отырған санкциялар пакеті қабылданған жағдайда Дональд Трамп Ресейден мұнай, табиғи газ және уран сатып алатын елдердің импортына жоғары баж салығын енгізе алады. Бұл Мәскеуге Украинадағы соғыс аясында экономикалық қысымды күшейтуге бағытталған шара ретінде қарастырылып отыр.
«Бұл сенатор Грэмге көрсетілетін лайықты құрмет болуы керек және оның құрметіне бұл заң жобасын мүмкіндігінше тезірек қабылдау қажет», – деді Блюменталь.