Тәбетті шектеп, БАД ішу арықтаудың ең қауіпсіз тәсілі ме?

Толығырақ төмендегі мақалада қарастырамыз.

Соңғы уақытта жылдам арықтаудың түрлі жолдары туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, ашық жарнамаланып жүр. Әсіресе, ашығу (голодание) мен арықтататын дәрі ішу танымал әдіске айналған. TikTok пен Instagram-ды ашып қалсаңыз, бірнеше күнде 5-10 килограмм тастағанын мақтана айтатын блогерлерді көресіз. Олардың айтуынша, мұндай тәсілдер денені тазалап, артық салмақтан күш салмай арылуға көмектеседі екен. Өзіңді астан күштеп тежеу мен дәрі арқылы арықтау расымен мүмкін бе, әлде бұл адам денсаулығына зиян келтіретін қауіпті тренд пе? Толығырақ төмендегі мақалада қарастырамыз.

ҮКІМ: Жалған

Биологиялық белсенді қоспалар (БАД) дегеніміз не? 

ББҚ - адамның рационың байыту үшін табиғи немесе табиғи биологиялық белсенді заттармен бірдей компоненттері бар қоспалар. Олар әдетте өсімдікт, жануарлар және минералдардан өндіріледі. Шөп-дәрілер мен өсімдіктерді емдік қайнатпалар ретінде қолдану әртүрлі мәдениетте ежелден келе жатқан практика екенін ескерсек, ББҚ-ның нақты қай елден пайда болғанын айту қиын. Дегенмен заманауи ББҚ нарығының заңнамалық реттелуі алғаш рет 1994 жылы АҚШ-та қабылданған DSHEA заңының негізінде жүзеге аса бастады.

ББҚ құрамындағы белсенді заттарға және мақсаттына қарай бірнеше түрге бөлінеді: дәрумен, минералдық қоспа, фитопрепарат, ферменттік қоспа, пробиотиктер және пребиотиктер, арықтауға арналған және спорттық қоспалар.

Арықтауға арналған ББҚ: ғылыми зерттеулер не дейді?

Арықтауға арналған биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) тәбетті төмендететін синтетикалық заттардан тұрады. Құрамында көбіне L-карнитин, гарциния камбоджа экстракты, жасыл шай (EGCG), кофеин, CLA (конъюгирленген линол қышқылы), псиллиум және глюкоманнан тұрады. Ғылыми зерттеулерде L-карнитин қабылдаған адамның май массасының азайғаны байқалған, бірақ нәтижелердің айырмашылығы статистикалық тұрғыдан мардымсыз (PubMed Central, 2016). Ал гарциния камбоджаға қатысты клиникалық зерттеулер оның әсерін растамаған: 12 апта бойы бақылау жүргізілген 135 адамда айырмашылық шамалы ғана (Journal of Obesity, 2011). Жасыл шай экстракты (EGCG) мен кофеинге қатысты анализ нәтижелері бұл қоспалардың энергия шығынын тәулігіне шамамен 50-100 ккал-ға арттыра алатынын, бірақ ұзақ мерзімде салмаққа айтарлықтай әсер етпейтінін көрсеткен (MDPI Nutrients, 2022). CLA-ге жасалған ғылыми шолулар оның салмақ азайтудағы әсерін «қысқа мерзімді» деп бағалайды (American Journal of Clinical Nutrition, 2012). Құрамында псиллиум мен глюкоманнан бар препараттар 2-3 кг шамасында салмақ азаюы мүмкін екенін көрсеткенімен, бұл бәрібір әр адамның ұстанатын диетасы мен өмір салтына тәуелді (MDPI Nutrients, 2020).

Тыйым салынған компоненттер

АҚШ-та диеталық белсенді қоспалар «тағам» категориясына жатады. Өндірушілер өнімнің қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуге міндетті. Егер өнім нарықта қауіпті деп танылса, US FDA* оны нарықтан алып тастауға немесе ескерту жасауға құқылы. US FDA қауіпсіздігі ғылыми түрде дәлелденбеген және клиникалық фактілер тіркелген компонеттердің тізімін жыл сайын толықтырып отырады. Тізімде Ephedra, DMAA, DMHA, Sibutramine, Higenamine, Oxilofrine, 2,4-Dinitrophenol (DNP), Sildenafil және т.б. компоненттер бар. Бұлардың барлығы жүрек пен жүйке жүйесіне зиян тигізіп, кей жағдайда өлімге әкелуі мүмкін (FDA, 2024). Құрамында Ephedra бар препараттар Еуропадағы бірқатар елдерде ЕО шешімімен тыйым салынған.

US FDA* - US Food and Drug Administration

 

Қазақстанда ББҚ-ға қатысты қандай заңнама бар?

Қазақстанда ББҚ дәрілік препараттар санатына жатпайды, рецептсіз сатып алуға болады. Бірақ өнім міндетті түрде тіркеуден өтуі тиіс. ББҚ-ларды мемлекеттік тіркеуден өткізуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауапты. Тұтынушылар әр қоспаның тіркелу мәртебесін Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер тізімінен көре алады, бірақ мұны барлығы бірдей ескермейді . Ал «Тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» заңға сәйкес, Еуразиялық экономикалық одағында тіркелмеген қоспаларды жарнамалауға тыйым салынған. Сондай-ақ құтының сыртына “емдік қасиеті бар” деген сынды мәлімдеме жазуға болмайды. Дозасы, балаларға және жүкті әйелдерге қатысты айрықша шарттары анық жазылуы тиіс.

Статистикалық деректер

Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, өткен жылы Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар саудасының көлемі 5 есе өсіп, 152,1 млрд теңгеге жеткен. 2019 жылдан бері ББҚ нарығында мұндай серпінді өсім алғаш рет тіркеліп отыр. Өнімнің басым бөлігі Алматы қаласында сатылған, жалпы құны - 118,5 млрд теңге. 

Ғылыми зерттеулерде ББҚ нарығының әлемдік деңгейде күрт өсуіне COVID-19 пандемиясы ықпал еткені айтылады. Пандемия кезінде адамдардың басым бөлігі қорқыныш пен белгісіздік жағдайында өз денсаулығын бірқалыпты ұстау үшін дәрумендер мен минералды қоспаларды жиі қолдана бастайды. Мысалы, Польшада жүргізілген зерттеу халықтың 77%-ы COVID-19 кезінде ББҚ пайдаланғанын көрсеткен.

Ашығу және диета

Арықтау туралы сөз болғанда ашығу мен диета ұғымдары жиі қатар жүреді. Екеуін бір ұғым деп шатастыру да мүмкін. Бірақ ғылыми тұрғыдан қарасақ, диета мен ашығу негізінен екі түрлі нәрсе

Диета – тамақтану режимін, тағам түрлерін және калория мөлшерін жүйелеу. Ол ағзаға қажетті заттардың балансын сақтай отырып, денсаулықты жақсартуға немесе салмақты азайтуға бағытталады. Ал ашығу – тамақтануға шектеу қою. Яғни, адам белгілі бір уақыт аралығында тамақтанудан мүлде бас тартады немесе тек су ғана ішеді.

Ашығудың түрлері қандай?

Ғылыми зерттеулерде арықтау мақсатында ұстанатын интервалды ашығу әдісі жиі кездеседі. Бұл дегеніміз тамақтануды белгілі бір уақыт аралығында тоқтату тәсілі. Интервалды ашығудың 16/8 форматы көпшілік арасынан кеңінен таралған. Яғни адам 16 сағат аш жүріп, 8 сағат ішінде шектеусіз тамақтана алады. АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институты (NIH) бұл әдіс бойынша зерттеу жүргізіп, артық салмағы және метаболикалық синдромы бар адамдардың салмағы азайғанын, қандағы қант пен қан қысымының тұрақталғанын анықтаған. Бірақ бұл әдіс кей адамдарда асқазан қышқылының артуына, шаршау мен ашушаңдыққа әкелуі мүмкін (Harvard Health Publishing, 2022).

Күн ара ашығу (ADF) - бір күн қалыпты түрде тамақтанып, келесі күні тамақтан бас тарту әдісі. 2023 жылы жарияланған мета-талдауда ADF режимі артық салмақты азайтып қана қоймай, қандағы қант мөлшерін, инсулин көрсеткіштерін, триглицерид пен холестерин деңгейін төмендетуге ықпал ететіні анықталған. Деседе бұл тәсілді ұзақ мерзім ұстану қиын, өйткені зерттеулерде кей адамдарда қан қысымы төмендеп, бас айналу байқалғаны айтылады (Johns Hopkins Medicine, 2023).

Ал модификацияланған ашығу (MF) әдісін қолданғанда ыңғайлы форматын таңдау маңызды. Мысалы «5:2» әдісінде адам аптаның бес күнінде қалыпты тамақтанып, екі күнінде ғана 500-700 ккал көлемінде тамақтанады. Зерттеулерде мұндай ашығу режимі жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуға көмектесетіні, сондай-ақ қандағы май мен қант көрсеткіштерін реттейтіні айтылған. Бірақ бұл әдісте кей адамдар “қалыпты күндері” артық тамақтанып, жалпы калория теңгерімін бұзып алуы мүмкін. (Journal of the Academy of Nutrition and Dietetics, 2020)

Нені ескеру қажет?

Ұзақ уақыт немесе бақылаусыз ашығу бұлшықет массасының азаюына, қан қысымының төмендеуіне және әлсіздікке әкелуі мүмкін. Scientific American журналының дерегінше, әсіресе диабет, жүрек-қантамыр, асқазан-ішек аурулары бар адамдарға ашығу қауіпті болуы ықтимал. Кез келген әдісті қолданбас бұрын дәрігер немесе диетологтан кеңес алған жөн. Бұл әсіресе созылмалы аурулары бар, жүкті немесе бала емізетін әйелдер мен жасөспірімдер үшін өте маңызды.

Қорытынды: тиімді тәсіл қандай? 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен жетекші халықаралық ғылыми орталықтардың дерегі бойынша, ұзақ мерзімді салмақты бақылаудың ең сенімді жолы – дұрыс тамақтану мен тұрақты физикалық белсенділік. АҚШ-тың Ұлттық жүрек, өкпе және қан институты (NHLBI) да осы ұстанымды қолдайды. Институт мамандарының мәліметінше, күнделікті калория мөлшерін азайту мен аптасына кемінде үш-бес рет 30-45 минуттан жаттығу жасау – салмақ түсірудің және оны ұстап тұрудың ең тиімді тәсілі.

Серіктестік жоба: Factcheck.ti және "Равзана" ҚБ (Тәжікстан).

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз