Саясаттың табиғатын түсінуге көмектесетін 5 бес фильм

Саясатқа немесе саяси лидерлердің шешіміне не әсер етеді? Биліктегі адамдардың ұстанымы мен ниетін зерттеу, таразылау – әсіресе киногерлер қауымы үшін тартымды тақырыптың бірі. Әдетте, көрермендер де қызыға күтетіні рас. Youth.kz әлемдік және ішкі саясатқа қатысты фильмдер топтамасын әзірледі.

«Vice» – Билік

Режиссер Адам Маккейдің 2018 жылы жарық көрген туындысы. Картина АҚШ– тың ең ықпалды саясаткерлерінің бірі, вице-президент Дик Чейнидің өмірі мен мансабы туралы баяндайды. 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін Дик Чейни Иракқа шабуыл жасау туралы жоспар құрады. Нәтижесінде  америкалық мұнай компаниялары ирак мұнайын басып алады. Ал, бұрын Чейниге тиесілі болған компанияның акциялары 5 есе қымбаттайды. Фильм Дик Чейнидің көлеңкеде тұрып-ақ әлемдік саясатты, соның ішінде Ирактағы соғысты және терроризммен күресті қалай басқарғанын көрсетеді. Басты рөлді сомдаған Кристиан Бейл осы образ үшін шамамен 20 келі салмақ қосып, шашын алдырып, қатты өзгерген. Нәтижесінде, фильмдегі рөлі үшін «Алтын глобус» сыйлығын алды. Ал, режиссер Адам Маккей саяси мәселелерді жеңіл әзілмен, бірақ ащы шындықпен араластыра жеткізеді. Саясатқа, тарихқа және билік психологиясына қызығатын адамдар үшін өте тартымды туынды.

«Осло» –  Oslo

2021 жылы HBO телеарнасы шығарған тарихи драма. Фильм 1993 жылы Израиль мен Палестинаны азат ету ұйымы арасындағы бейбіт келісімге (Oslo Accords) қол жеткізуге себепкер болған құпия келіссөздер туралы баяндайды. Дипломат Мона Юуль мен әлеуметтанушы Терье Род–Ларсен Израиль мен Палестина өкілдерінің басын қосу үшін Ослода құпия кездесулер ұйымдастырады. Бұл келіссөздер ресми дипломатиялық арналардан тыс, бейресми жағдайда өтеді. Фильмнің продюсерлерінің бірі – атақты режиссер Стивен Спилберг. Туындыда саяси ойындардан гөрі, адамдар арасындағы психологиялық байланыс, сенім орнату процесіне көбірек көңіл бөлінген. Тарихи маңызы зор саяси оқиғалар, халықаралық қатынастар және «жабық есік жағдайындағы» шынайы оқиғалар туралы бұл фильмді көруге кеңес береміз.

«Clear and Present Danger» –  Тікелей және айқын қауіп

1994 жылы жарық көрген америкалық саяси триллер. Фильм Том Клэнсидің аттас бестселлер романының негізінде түсірілген. Фильмнің басты кейіпкері Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) сарапшысы Джек Райан (Харрисон Форд сомдаған). Райан АҚШ президентінің жақын досының өлімін зерттей отырып, Колумбиядағы есірткі картельдері мен АҚШ үкіметінің жоғары лауазымды тұлғалары арасындағы жасырын әрі заңсыз шиеленістің үстінен түседі. Оған тек есірткі саудасының алпауыттарымен ғана емес, өз еліндегі сатқын саясаткерлермен де күресуге тура келеді. Бұл Джек Райан туралы түсірілген фильмдер арасындағы ең сәтті шыққан туындының бірі. Сыншылар фильмдегі шынайылық, саяси ойындар және басты рөлдегі актер Харрисон Фордтың шеберлігін ерекше атап өткен еді. Фильмде мемлекеттік мүдде үшін заңды аттап өтуге бола ма, саясаттағы этика және жеке жауапкершілік мәселелері көтеріледі.

«The Tashkent Files» –  Ташкент файлдары

Бұл 2019 жылы жарық көрген үнді режиссері Вивек Агнихотридің саяси триллері. Фильм Үндістанның екінші премьер-министрі Лал Бахадур Шастридің 1966 жылы 11 қаңтарда Ташкенттегі жұмбақ өлімін зерттеуге арналған. Ташкенттегі келіссөздерден кейін Шастридің өлімі кімге тиімді болды? Үкімет бұл мәселені зерттеу үшін арнайы комитет құрады. Комитет мүшелері Шастридің жүрек талмасынан өлгеніне күмән келтіріп, оның улануы немесе қастандық құрбаны болуы мүмкін екенін талқылайды. Фильмде КСРО –дағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ), ЦРУ және Үндістан ішкі саясатының бұл оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген нұсқалар қарастырылады. Фильм «камералық драма» стилінде түсірілген, яғни негізгі әрекет бір бөлменің ішінде, комитет мүшелерінің айтысы мен дәлелдер келтіруі арқылы өтеді. Туынды нақты тарихи құжаттарға, куәгерлердің естеліктеріне және Шастридің отбасы айтқан күмәнді деректерге негізделген. Бұл фильм Үндістанда үлкен резонанс тудырып, қомақты касса жинаған. Тарих пен саяси конспирологияны ұнатсаңыз, бұл туынды көргеніңіз абзал.

«Man of the Year» –  Жыл адамы

2006 жылы жарық көрген режиссер Барри Левинсонның саяси комедиясы. Фильмде басты рөлді Робин Уильямс сомдайды. Фильм жеңіл әзілмен басталып, кейін күрделі саяси триллерге ұласады. Том Доббс –  танымал тележүргізуші және саяси сатирик. Көрермендердің бірі оған: «саясатты сынайсың, өзің президенттікке түспейсің?» – деп ұсыныс тастайды. Доббс мұны әзіл бастама ретінде қабылдағанымен, халықтың қолдауы үміткерге айналып, сайлауда жеңіске жетеді. Алайда, дауыс беру жүйесінде техникалық ақау болған, яғни Доббс жеңісі әділ емес. Фильм саясаттың шоуға айналып кеткенін, ал шоуменнің саясаткерден де ықпалды болуы мүмкін екенін көрсетеді. Қазіргі саяси оқиғалар, саяси сайлаулар құбылысын көмектесетін фильм.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз