Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі өз сыңарын өмірде тапқысы келеді
Талқылау алаңдарында танысу қосымшалары дәуірінің аяқталуы туралы айтылып жүргеніне көп болды, бірақ бұл тақырыпта жаңа зерттеулер пайда болуда. Youth.kz жас ұрпақтың желідегі таныстықтан толықтай көңілі қалғанын растайтын сауалнама мәліметтерін зерттеп көрді.
Mirror басылымының хабарлауынша, зумерлер онлайн танысу қосымшаларына жиі наразылық білдіруде. Сонымен қатар, жастар тығырыққа тірелгенін мойындайды: дейтинг-қосымшалардан көңіл қалу сезімі болашақ жарын тағы қай жерден жолықтыруға болатынын түсінбеушілікпен ұласуда.
Қарым-қатынаста бар немесе жаңа таныстыққа дайын 2 080 ересек адам арасында жүргізілген сауалнама мәліметтеріне сәйкес, 28 жасқа дейінгі респонденттердің 78%-ы өз сыңарын цифрлық технологиялар дәуіріне дейінгідей, дәстүрлі жолмен жолықтырғысы келеді.
Сонымен қатар, жастардың 74%-ы қазіргі танысу мәдениетінде романтикалық тартымдылық жоқ деп есептейді: оларға қолмен жазылған хаттар, күтпеген ілтипат белгілері мен сезімдердің өздігінен білінуі жетіспейді.
Онлайн танысуға теріс көзқараспен қарайтын зумерлердің үлесі 9%-ға жетті. Бұл ретте 46%-ы серіктес табудың бұдан басқа жолын білмейтінін мойындаған.
Зерттеушілердің пікірінше, зумерлердің басты мәселесі олардың айрықша сипатында жатыр: цифрлық ортада өскендіктен, олар офлайн форматтағы кез келген таныстық кезінде, тіпті ұнатқан адамымен сөйлесуге келгенде де қатты стресске ұшырайды.
Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 83%-ы ұнатқан адамына тікелей жақындау немесе сезімін ашық білдіру қажет болғанда қысылады немесе ыңғайсыздық сезінеді. Респонденттердің жартысы (50%) бүгінгі таңда нағыз махаббатты табу цифрлық дәуірге дейінгі уақыттан қиынырақ деп санайды, ал 74%-ы сол кездегі «мәңгілік» романтикалық сәттерді сезіну үшін өткен шаққа оралғысы келетінін айтады. Технологиялар қоршауында өскеніне қарамастан, респонденттердің 62%-ы кездесуге хабарлама (19%) немесе әлеуметтік желілер (6%) арқылы емес, бетпе-бет шақырғанын қалайды.