Мұқағали феномені: неге оны әлі сүйіп оқиды?

Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның жырлары оқырманын жоғалтқан жоқ: өлеңдері жатқа айтылады, әнге айналады, әлеуметтік желілерде таралады. Әр буын ақынды қайта ашып келеді. Бұл құбылыс әдеби ортада «Мұқағали феномені» деп аталады. Осы феноменді түсіндіріп, ақынның жастар арасындағы танымалдылығын ұғу үшін  «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, «Кітап құрттары» клубының жетекшісі Әмір Ізбасар және «Күн қайда асығады?» ән кешінің ұйымдастырушысы Рауза Асылбекқызы ой бөлісті.

«Мұқағали феномені» деген не?

«Мұқағали тек поэзия емес, халықтың жүрегінде мәңгі өмір сүретін ерекше құбылыс. Оның әр сөзі оқырманмен тұлғалық үндеседі», – деп Дүйсен Мағлұмов атады.

Редактор бұл құбылысты тек поэзиялық табыс деп қарастырмайды.

«Қазақ поэзиясына сирек келетін құбылыс. Оның шығармашылығында мифопоэтикалық, сакральды дүниелер бар. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының өзінде қаншама киелі астар жатыр»,– дейді ол.

Неге Мұқағали феномені әлі өзекті?

Дүйсен Мағлұмов ақынға деген халық махаббаты ешқашан үзілмегенін айтады. 

«Өлеңдерін оқығанда, дәл сен туралы жазылғандай әсер аласың. Қуаныш та, реніш те, өмірдің бұралаң жолдары да өзіңдікі секілді. Сондықтан ол әр буынға бірдей жақын», – деді редактор.

Редактордың пікірінше, Мұқағали шығармашылығының басты ерекшелігі – оқырманмен тұлғалық үндестік.

«Осы 50 жылдың ішінде халық Мұқағалиды бір сәтке де есінен шығарған жоқ. Хабарсыз да қалған жоқ, жоқтаусыз да қалған жоқ. Ол халықтың жүрегінде жасап келеді және мәңгі жасай береді», – деп атады Дүйсен аға.

Сонымен бірге ақынның қарапайым 11 буынды қара өлең ырғағы жырларын жаттауға жеңіл еткен. Соның арқасында Мұқағали кітапта ғана емес, халықтың жадында өмір сүріп келеді.

«Өлеңде жан болса ғана ол мәңгі»

Әмір Ізбасар ақын поэзиясының өміршеңдігін бір-ақ сөйлеммен түсіндіреді.

«Мұқағали жанын беріп жазған. Өлеңде жан болса, ол басқа жанның жүрегіне ұялайды. Ал жансыз өлең сол дәуірде қалады».

Оның айтуынша, Мұқағали жырларында оқырманды жігерлендіретін манифестік рух бар.

«Оқырманды шеңберден шығуға шақырады. Шабыт береді. Бұл – тек лирика емес, рухани серпіліс», – деді.

Жастар және жаңа оқылым

Бүгінгі Z және Альфа буындарының талғамы өзгерген. Олар пафосқа толы, жасанды романтизацияны қабылдай бермейді. Керісінше, шынайы сезім мен өмірдің өзін іздейді.

Әмір Ізбасардың айтуынша, дәл осы шынайылық Мұқағалиды жастарға жақындатады. 

«Ол өмірді әдемілеп боямайды. Қандай болса, солай жазады. Сол үшін жастар оны өз ақыны сияқты қабылдайды. Қазір ақын жырлары әлеуметтік желілерде кең таралып, түрлі форматта қайта жаңғырып жатыр: өлең оқылымдары, музыкалық каверлер, тіпті заманауи технологиялар арқылы дауысы қайта жаңғыртылған жобалар пайда болған. Бұл Мұқағалиды жаңа медиада «екінші өмірге» әкелді», – деді.

Классика өзгермейді

Рауза Асылбекқызы Мұқағалиды ұлттық классика деңгейінде бағалайды. 

«Қазақтың классикалық лирикасы, меніңше, Мұқағалидан басталады. Классика ешқашан өзгермейді және оны ешкім өзгерте алмайды», – дейді.

Оның байқауынша, қазіргі жастар адамның ішкі жан дүниесі туралы жазылған өлеңдерге көбірек қызығады. 

«Күнделікті адамның сезімі, ішкі күйзелісі, жан тебіренісі туралы өлеңдер жүрекке тез жетеді. Мұқағали дәл осыны жазды. Сондықтан оның әндері мен поэзия кештері әлі де көрерменсіз қалмайды», – деп атап өтті.

Феноменнің формуласы

Сарапшылар пікірін түйіндесек, Мұқағали феноменінің бірнеше себебі айқындалады: қарапайым әрі халықтық тіл; шынайылық пен терең эмоция; әр буынға ортақ тақырыптар; жаттауға жеңіл ырғақ; заманауи медиада қайта жаңғыру. Бірақ ең бастысы  ақынның адамдық үні. Мұқағали биіктен сөйлеген жоқ. Ол жүректен сөйледі. Сондықтан оның жырларынан әркім өзін табады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз