Google неге қазақ тіліндегі жарнаманы қабылдамайды?

Сурет: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Google Ads жарнама платформасы қазақ тіліндегі жарнамаларды қолдамайды. Бұл мәселе Қазақстандағы қазақтілді медиаға, қоғамдық ұйымдарға, шағын бизнеске және тәуелсіз авторларға өз аудиториясын кеңейтуге кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты «Мінбер» қоғамдық қоры Google компаниясына ресми өтініш жолдап, қазақ тілін жарнама жүйесіне қосуды талап етті. Толығырақ Youth.kz материалында. 

Не болды?

«Мінбер» қоры Google Ad Grants бағдарламасы арқылы қазақ тіліндегі медиасауат материалдарын жарнамалауды жоспарлаған. Алайда Google Ads қазақ тіліндегі жарнамаларды қабылдамаған. Платформа ережесіне сәйкес, жарнама мәтіні мен ол бағыттайтын сайт Google қолдайтын тілдердің бірінде болуы керек. Ал қазақ тілі бұл тізімге енгізілмеген.

Бір қызығы, Google қазақ тілін өзінің Google Search, Google Translate, Android, Gmail және YouTube сияқты өнімдерінде қолдайды. Бірақ жарнама платформасында қазақ тілінің болмауы қазақша контент өндірушілердің аудиторияға жету мүмкіндігін шектеуде.

Бұл кімге маңызды?

Бұл мәселе қазақтілді ақпарат кеңістігі үшін маңызды. Мәселен, қазақ тілінде жұмыс істейтін БАҚ пен қоғамдық ұйымдар өз материалдарын жарнама арқылы кеңінен тарата алмайды. Соның салдарынан медиасауат, фактчекинг және жалған ақпаратқа қарсы бағытталған пайдалы материалдардың да қамтуы шектелуі мүмкін. Шағын бизнес пен жеке авторлар да қазақша жарнама орналастыру үшін басқа тілдерді пайдалануға мәжбүр.

Мәселені қалай шешпек?

«Мінбер» қоры бұл мәселені шешу үшін Google-дың бірнеше қолдау арнасына өтініш жолдады. Сонымен қатар Google Ads Help Community форумында ашық үндеу жариялады. Бір тәулік ішінде бастаманы қолдағандардың саны 200-ге жуықтап, жиырмаға жуық адам пікір қалдырған. Олардың қатарында «Әділ сөз» қоры, «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қоры, Almaty TV, «Ақ Жайық» басылымы, Astana IT University және басқа да ұйымдар бар.

Қазақтілді ұйымдар енді коалиция құрып, Google компаниясына ашық хат жолдауды жоспарлап отыр. Олар Google Ads жүйесіне қазақ тілін қосуды, Қазақстанды жаңа тілдерді сынақтан өткізетін пилоттық жобаға енгізуді және компания тарапынан бұл мәселе бойынша ресми өкіл тағайындауды талап етпек.

Алайда Google Ads қолдайтын тілдер тізімін жиі жаңартпайды және өзгерістердің нақты мерзімін алдын ала жарияламайды. Сондықтан бастамашылар бұл мәселені жалпы қазақтілді қауымдастықтың ортақ талабы ретінде көтеруге шақырады.

Қазақ тіліндегі цифрлық контенттің дамуы тек оны өндіруге емес, аудиторияға жеткізу мүмкіндігіне де байланысты. Егер ірі халықаралық платформалардың жарнама жүйесінде қазақ тілі ескерілмесе, қазақтілді авторлар мен ұйымдар цифрлық кеңістікте тең мүмкіндікке ие бола алмайды.

Бұған дейін Youth.kz Қазақстанда шетелдік компанияда жұмыс істеу қаржылық тұрғыдан тиімдірек екенін жазған. Мұндай кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы 748,5 мың теңгеге жетеді.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз