2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей және жалдамалы қызметкерлерсіз өз бетімен жұмыс істейтін фрилансерлерге арналған жаңа салық режимі енгізіледі. Бұл режим визажистерге, маникюр шеберлеріне, репетиторларға, фотографтарға, курьерлерге, аудармашыларға және басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға (толық тізім бекітіледі) ресми түрде салық төлеуге, әлеуметтік кепілдіктер алуға және табыстарын қосымша арқылы есепке алуға мүмкіндік береді.
Бұл қалай жұмыс жасайтын болады
Тіркеу eGov порталы немесе мобильді қосымша арқылы онлайн форматта жүргізіледі, салық органына барудың қажеті жоқ. Әр көрсетілген қызметтен кейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат чек жүктейді немесе табыс сомасын қосымшада белгілейді. Жүйе табыстар тізімін автоматты түрде қалыптастырып, жалпы табыстан салық мөлшерін есептейді.
Барлық процесс онлайн болғандықтан, азаматтар кез келген уақытта келесі ақпараттарды көре алады:
- тіркелген табыстарын;
- есептелген салықтарды;
- төлем тарихын.
Сонымен қатар, азаматтар ресми табыстарын растай алады, мысалы, несие алу немесе виза рәсімдеу кезінде.
Біріңғай төлем және әлеуметтік кепілдіктер
Жаңа режим бірыңғай төлемді қарастырады, оның құрамына жеке табыс салығы, зейнетақы жарналары, медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар кіреді. Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ресми еңбек өтіліне, зейнетақы алуға, медициналық сақтандыруға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Табысқа қойылған шектеулер
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін табыстың ең жоғары мөлшері – 300 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, яғни шамамен айына 1,1 миллион теңге. Егер азамат осы мөлшерден артық табыс тапса немесе қызметкер жалдаса, ол жеке кәсіпкер (ЖК) мәртебесіне өтуі тиіс.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған мен ЖК: айырмашылығы неде?
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған – бұл жалдамалы қызметкерсіз өз бетімен жұмыс істейтін жеке тұлға, қысқаша айтқанда – фрилансер. Ал жеке кәсіпкер (ЖК) қызметкерлер жалдап, бизнесін кеңейте алады.
- Тіркеу. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған eGov немесе қосымша арқылы онлайн тіркеледі, ал ЖК тіркеу үшін салық комитетіне өтініш пен құжат тапсырады.
- Табыс есебі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тек чектерді қосымшаға жүктейді, жүйе салықты өзі есептейді. Ал ЖК бухгалтерлік есеп жүргізіп, есеп тапсыруы қажет.
- Салықтар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін барлық міндетті төлемдерді қамтитын бірыңғай төлем қарастырылған. ЖК үшін салық түрлері таңдаған режимге (жеңілдетілген, патенттік, бөлшек сауда және т.б.) байланысты болады.
- Табыс лимиті. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы айына 300 АЕК-ке дейін шектеледі, ал ЖК үшін мұндай шектеу жоқ.
Бұл неге маңызды
Статистикаға сәйкес, Қазақстанда миллионнан астам адам бейресми түрде жұмыс істейді. Жаңа режим олардың табысын заңдастыруға, әлеуметтік кепілдіктер алуға және айыппұлдардан қорықпай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Көптеген фрилансерлер үшін бұл экономикадағы өз орнын ресми түрде айқындап, құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретін қадам.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим – бұл жай ғана салық реформасы емес, еңбектің жаңа моделі. Енді әр адам заңды түрде жұмыс істеп, салық төлеп, өзін қорғалған сезіне алады. Салық төлеу үшін бухгалтер де, есеп те қажет емес – бар болғаны смартфон мен бірнеше басу жеткілікті.