Қарым-қатынас, шекара және қолдау жұмыс істеуі үшін не маңызды?
Қарым-қатынас бір ғана жанжалдан сирек бұзылады – көбіне оған айтылмаған өкпе-реніш, анық емес шекаралар мен әртүрлі себептер болады. Youth.kz өзара түсіністік пен сенімнен бастап, жанжалдарды шешу мен жеке шекараларға дейінгі тұрақты серіктестік құруға көмектесетін принциптер туралы баяндайды.
1. Жасанды бейнеден емес, шынайылықтан бастау
Қарым-қатынастың басындағы басты қателіктердің бірі - қалай болса да ұнауға тырысу. Адамдар ыңғайлырақ көріну үшін өз әдеттерін жасырып, бейімделе бастайды. Қысқа мерзімде бұл үйлесімділік иллюзиясын тудырғанымен, уақыт өте келе қақтығыстарға әкеледі.
Дұрыс тәсіл - бірден өз болмысыңды сақтау: құндылықтарың, өмір сүру ырғағың және серіктестіктен не күтетінің туралы ашық айту.
2. Іште сақтамай, сөйлесуді үйрену
Жанжалдардың көбі кенеттен туындамайды. Оларға дейін айтылмаған сөздер, жиналған ашу-ыза және серіктесім «өзі түсінеді» деген үміт болады.
Не тиімдірек:
- Мәселені кейінге қалдырмай, бірден айту;
- Серіктестің тұлғасын емес, нақты жағдайды талқылау;
- Айыптаудың орнына «маған бұл маңызды/маған бұл ыңғайсыз» деген формуланы қолдану.
3. Шекаралар туралы келісу
Жеке кеңістіктің болуы - суық сезімнің белгісі емес, салауатты қарым-қатынастың қажетті шарты. Әр адамның оңаша қалуға, достарымен араласуға, жұмысқа және демалысқа деген жеке қажеттіліктері бар.
Шекараларды нақтылау керек:
- Бірге қанша уақыт өткізгіңіз келеді;
- Сіз үшін не нәрсе мүлдем қабылданбайды;
- Өміріңіздің қай салаларына серіктесіңіз араласпауы тиіс.
4. Қолдау көрсетуді үйрену
Әдемі қимылдар әсерлі көрінгенімен, ұзақ мерзімді келешекте күнделікті тұрмыстық қолдау әлдеқайда маңызды. Тыңдай білу, қиын сәтте көмектесу, ауыр күндерде қасынан табылу - міне, осылар сенімділік сезімін қалыптастырады.
5. Жанжалдан қорықпау
Ұрыс-керістің болмауы - мінсіз қарым-қатынастың белгісі емес. Көбіне бұл мәселелерді іште бүгудің көрінісі. Мәселе жанжалдың туындауында емес, жұптың оны қалай шешетінінде.
Конструктивті жанжал:
- Балағаттау мен қорлауға өтпейді;
- Өткен қателіктерді қозғамайды;
- Үзіліспен (үнсіздікпен) емес, нақты келісіммен аяқталады.
6. Құндылықтарды анықтау
Ортақ хоббилер жақындастырады, бірақ жұпты ұзақ уақыт бірге ұстап тұра алмайды. Мына мәселелер бойынша көзқарастардың ұқсас болуы әлдеқайда маңызды:
- Отбасы;
- Ақша;
- Мансап;
- Жауапкершілік;
- Жеке бостандық.
7. Қарым-қатынас үстінде жұмыс істеуді тоқтатпау
Қарым-қатынасты бір рет «құрып» қойып, оған қайтып оралмау мүмкін емес. Адамдар өзгереді, жағдайлар да өзгереді. Бір жыл бұрын тиімді болған ережелер бүгін жұмыс істемеуі мүмкін.
Салауатты жұптар үнемі:
- Не нәрсе көңілдерінен шығатынын, не нәрсе ұнамайтынын талқылайды;
- Өзара әрекеттесу ережелерін түзетіп отырады;
- Өмірдің жаңа жағдайларына бейімделеді.