Карьерлық өсуге арналған кітаптар топтамасы

Қазіргі жастар үшін мансап жолы көбіне алдын ала болжанбайды. Мамандарға қойылатын талаптар өзгеріп, тұрақтылық икемділік пен саналы таңдауға тікелей байланысты бола бастады. Youth.kz кәсіби бағытты айқындауға, мүмкіндіктерді бағалауға және мансаптық дамудың негізгі қағидаларын түсінуге көмектесетін кітаптарды ұсынады.

«Шекарасыз карьера. Өз жолыңмен еркін әрі батыл жүру»

Автор: Маргарита Кошман

Бұл кітап табысқа жетудің дайын формулаларын ұсынбайды, алайда карьераға қатысты белсенді әрі жауапты ұстаным қалыптастыруға көмектеседі. Автор мансапты бір ғана тік сатымен емес, әртүрлі даму сценарийлері бар икемді жүйе ретінде қарастырады. Кітапта саналы таңдау жасау, шектеулермен жұмыс істеу және жеке құндылықтарды компания мен мамандық құндылықтарымен үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

«Карьера ережелері. Қызметтік өсуге қажеттінің бәрі»

Автор: Ричард Темплар

Ұйым ішіндегі мансаптық өсу қалай жүретінін түсіндіретін практикалық нұсқаулық. Кітап жүз ережеден тұрады және корпоративтік ортадағы жазылмаған заңдарды ашып көрсетеді. Автор карьера - бұл кездейсоқтық емес, нақты стратегия екенін түсіндіріп, бедел қалыптастыру, шешім қабылдау және саналы түрде жоғарылау жолдарын көрсетеді.

«Сенің бизнес-моделің: карьера құруға арналған жүйелі тәсіл»

Автор: Тим Кларк

Автор карьераға жеке жоба ретінде қарауды ұсынады. Кітап кәсіби дағдыларды, табыс пен жұмыстан алатын ішкі қанағатты біртұтас жүйеге біріктіруге көмектеседі. Мансабын саналы түрде дамытқысы келетіндерге немесе бағытын өзгертуді ойлап жүргендерге арналған.

«Карьерлық артықшылық: практикалық ұсыныстар»

Авторлар: Стивен Кови, Дженнифер Колосимо

Бұл кітап тек жұмыс табу емес, ұзақ мерзімді перспективада өзіңе сай орынды табу жайлы. Авторлар жұмыс берушінің қажеттіліктерін түсіну, өз мықты тұстарыңды дұрыс ұсыну, түйіндеме дайындау және сұхбаттан сенімді өту жолдарын түсіндіреді.

«Формула. Табысқа жетудің әмбебап заңдары»

Автор: Альберт-Ласло Барабаши

Табыс пен мойындалуға ғылыми көзқарас. Автор үлкен деректерді талдау арқылы кей адамдардың жетістікке жету себептерін түсіндіретін әмбебап заңдарды ұсынады. Кітап жеке еңбектен бөлек, мансаптық жетістікке әсер ететін өзге факторларды түсінуге көмектеседі.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз