IT – тек код емес: soft skills не үшін маңызды?
IT саласында soft skills техникалық дағдылармен тең деңгейге шықты. Команда ішіндегі коммуникация, клиентпен байланыс және өнімді жақсарту үшін бұл қабілеттер шешуші рөл ойнайды. Осы тақырыпта біз IT–салада 4 жылдық тәжірибесі бар Нұрдаулет Төлеуханмен сұхбаттастық.
Нұрдаулеттің айтуынша, IT-де ең маңызды дағды – ойды түсінікті жеткізе алу.
«Менің ойымша ең маңызды soft skill ол ойыңды нақты әрі түсінікті жеткізе алу. Программисттердің тілін қарапайым қолданушылар мен заказчиктерге түсінікті етіп жеткізе алсаң, олармен дұрыс қарым-қатынас орната алсаң жасалып жатқан продуктың максимально пайда береді», – дейді ол.
Коммуникацияның әлсіздігі тапсырманың бағытын өзгертетін негізгі тәуекелдердің бірі болып отыр.
«Командамен жұмыс істеуде ең жиі кездесетін коммуникациялық қиындық ол – Б точкасын дұрыс түсінбеу. Жақсы түсінбей көп жұмыс жасалған тапсырмадан қарағанда, аз да болса дұрыс түсінікпен жасалған тапсырманың артықшылығы көп», – дейді Нұрдаулет.
Soft skills деңгеймен бірге өзгеріп отырады. Junior, Middle және Senior деңгейлерінде бұл процесс айқын байқалады.
«Junior барынша губка сияқты болуы керек. Көп ақпаратты сіңіріп, қиын тапсырмадан қорықпай, білмегенін сұрап үйренуі керек. Мидл үйрете жүріп үйренуі керек. Басқару қабілеттерің шыңдағаны дұрыс. Сениор жауапкершілікті ала алатын, шешім шығарып, тәуекелге бел буа алатын қабілеттері болуы керек», – дейді ол.
Қашықтықтан жұмыс soft skills пен дисциплинаның маңызын айқындай түсті.
«Дисциплинасы нашар адамдардың удаленкада бірден өнімділігі төмендеп кетті деп айтуға болады», – деп атап өтті.
IT-салада жиі айтылатын ownership ұғымын Нұрдаулет былай түсіндіреді.
«Проектке ownership тұрғысынан қарайтын адам сенің проектіңді сен қалаған нәтижеге емес дұрысырақ нәтижеге жеткізеді», – деп жеткізді.
Soft skills дамыту жолы ретінде ол практиканы бірінші орынға қояды.
«Көбірек практика керек. Реальный проектте жұмыс істеген сайын тәжірибе де жинала береді. Теориялық материялдарды оқып алған да пайдалы», – деді Нұрдаулет.
Нұрдаулет Төлеуханның пікірінше, IT-саладағы soft skills – өнім сапасының, команда ішіндегі үйлесімнің және клиентпен дұрыс қарым-қатынастың негізгі құралы. Техникалық білімсіз IT-де ұзақ жол жүру қиын болса, soft skills-сіз нәтижені дұрыс бағытқа жеткізу мүмкін емес. Практика, жауапкершілік пен коммуникация бұл қазіргі IT-маманның бәсекелік артықшылығына айналып отыр.