Қазақстанда шетелдік компанияларда еңбекақы екі есе жоғары ма?

Фото: Pixabay.com

Қазақстанда шетелдік компанияда жұмыс істеу қаржылық тұрғыдан тиімдірек. Мұндай кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы 748,5 мың теңгеге жетеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 23 қазанда жарияланған «Қазақстан Республикасындағы қызметкерлер жалақысының саралануы» зерттеуінде айтылған. Жалақы мөлшеріндегі айырмашылық кәсіпорындардың меншік нысанына ғана емес, қызметкерлердің білімі мен жасына да байланысты. Сонымен қатар орташа жалақы көрсеткіші жұмысшылардың басым бөлігі нақты қанша табыс табатынын әрдайым көрсете бермейді. Толығырақ Youth.kz материалында. 

Қай жерде ең жоғары жалақы төлейді?

Зерттеу деректеріне сәйкес, 2026 жылы кәсіпорындардың меншік нысанына қарай орташа айлық жалақы төмендегідей бөлінген:

 

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Кестеден байқасақ, шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер мемлекеттік ұйымдардағы мамандарға қарағанда шамамен екі есе, ал жеке сектор қызметкерлеріне қарағанда 1,5 есе көп жалақы алады.

Шетелдік және мемлекеттік кәсіпорындар арасындағы айырмашылық айына 383 053 теңгені құрайды. Ал жеке компаниялармен салыстырғанда бұл көрсеткіш 235 453 теңгеге тең.

Ең төмен жалақыны кім алады?

Жас ерекшелігі бойынша салыстырғанда, ең төменгі орташа жалақы 16-24 жас аралығындағы қызметкерлер арасында тіркелген. Олардың орташа айлық табысы – 310 256 теңге.

Ең жоғары жалақыны 35-44 жас аралығындағы қызметкерлер алады. Бұл топтағы орташа көрсеткіш 489 629 теңгеге тең. Одан кейінгі орында 45-54 жас аралығындағы жұмысшылар тұр. Олардың орташа жалақысы – 467 544 теңге.

Ең жас және ең жоғары жалақы алатын жас тобының арасындағы айырмашылық шамамен 180 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар жалақының ең жоғары өсімі де 16-24 жас аралығындағы қызметкерлер арасында байқалған. Бір жылда олардың табысы 10,9%-ға өскен. Ал 65 жастан асқан қызметкерлер арасында өсім небәрі 1,3% болған.

Білім деңгейі жалақыға әсер ете ме?

 

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Зерттеу нәтижелері қызметкерлердің білім деңгейі мен жалақы мөлшері арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетеді.Ең жоғары жалақыны жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар қызметкерлер алады. Олардың орташа айлық табысы шамамен 803 мың теңгені құрайды. Бұл орта білімі бар қызметкерлердің көрсеткішінен екі еседен астам жоғары.

Бұған қоса, бір жыл ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандардың жалақысы 19,4%-ға өскен. Бұл – білім деңгейлері бойынша тіркелген ең жоғары өсім.

Орташа жалақы әрдайым шынайы табысты көрсете ме?

Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңге болғанымен, медианалық жалақы 348 415 теңгені құраған. Ал модальды жалақы, яғни қызметкерлер арасында ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 187 006 теңгеге тең.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қызметкерлердің 30,8%-ы 300-490 мың теңге аралығында, ал 29,9%-ы 150-300 мың теңге аралығында жалақы алған. Ал 490 мың теңгеден жоғары табыс табатын қызметкерлердің үлесі 27,7% болған.

Бұл деректер орташа жалақының жұмысшылардың нақты табысын толық сипаттай бермейтінін көрсетеді. Сондықтан елдегі өмір сүру деңгейі мен еңбек нарығындағы жағдайды бағалағанда медианалық жалақы көрсеткішіне де назар аудару маңызды.

Қай жерде жұмыс істеген тиімді?

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, орташа жалақы мөлшері бойынша шетелдік меншік нысанындағы кәсіпорындар алдыңғы орында тұр. Мұндай компаниялардың қызметкерлері айына орта есеппен 748 529 теңге алады. Салыстыру үшін, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан бойынша орташа айлық жалақы 486 388 теңгені құраған. Демек, шетелдік кәсіпорындардағы көрсеткіш республикалық орташа деңгейден шамамен 54%-ға жоғары.

Дегенмен зерттеуде шетелдік компаниялардың ішінде ең жоғары жалақы төленетін нақты салалар мен лауазымдар көрсетілмеген. Сондай-ақ шетелдік меншік нысанының өзі әрбір қызметкерге жоғары жалақыға кепілдік бермейді. Соған қарамастан, статистика кәсіпорындардың меншік нысанына қарай еңбекақы мөлшерінде елеулі айырмашылық бар екенін көрсетеді. Тек орташа жалақы көрсеткішіне сүйенсек, Қазақстанда ең жоғары еңбекақы шетелдік кәсіпорындарда төленеді.

Youth.kz бұған дейін алаяқтар сіздің атыңыздан несие алған жағдайда не істеу керектігін, қарызды өндіріп алуды қалай тоқтату керектігін және қандай шарттармен қарызыңызды есептен шығаруға болатынын қарастырған болатын. 

 

Читайте также


Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»