Феминизм туралы үздік 5 аниме

Феминизм тақырыбы қозғалғанда көпшіліктің ойына ең алдымен Голливудтық «Джейн сарбаз», «Миллион долларлық сәби» келеді. Алайда жапон анимациясы ондаған жылдар бойы әйел еркіндігі, гендерлік рөлдер және адамның өз тағдырын өзі таңдау құқығы туралы күрделі әңгімені баяндап келеді. Youth.kz феминистік бағыттағы ең үздік 5 анименің тізімін ұсынады.

«Мононоке ханшайымы»

Бұл тізімнің алғашқы орнын лайықты түрде «Мононоке ханшайымы» алады. Хаяо Миядзаки туындысының желісі Жапонияда алғашқы атыс қарулары пайда болған Муромачи дәуірінде өрбиді. 

Басты әйел кейіпкерлері – Сан мен Эбоси. Қасқырлардың арасында өскен Сан табиғатты жан-тәнімен қорғауға тырысса, ал Эбоси ханым өндірістік қонысты басқарып, қоғам шеттеткен әйелдер мен адамдарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік бергісі келеді. 

Миядзаки әйелдің қасиеттері әртүрлі сипатта көрінуі мүмкін екенін көрсетуге тырысты. Нақтырақ айтқанда, мейірім, көшбасшылық, батылдық және жауапкершілік арқылы.

«Революциялық қыз Утена»

Феминизм тақырыбын өзгеше қырынан ашатын шығарма – «Революциялық қыз Утена». Бұл анимені тарихтағы ең маңызды феминистік туындылардың бірі ретінде қарастыруға болады.

Утэна құтқаруды күтетін ханшайым болғысы келмей, өзгелерді қорғайтын батыр болуды армандайды. Осы қарапайым ойдың өзің қоғам қалыптастырған гендерлік стереотиптерге қарсы сын ретінде қабылдауға болады. Аниме ерлік пен әйелдік туралы қалыптасқан түсініктерді қайта қарастырып, адамның шынайы еркіндігі өзгенің таңған рөлінен бас тартудан басталатынын көрсетеді.

«Нана»

«Нана» – аттас екі 20 жастағы қыз туралы атақты аниме. Олар Токиоға бара жатқан пойызда кездейсоқ кездеседі: аңқау және романтик Нана Комацу жігітіне бара жатса, ал бүлікші Нана Осаки музыкалық мансапты бастағысы келеді. Қыздар пәтерге бірге шығуға шешеді.  

Анимеде мансап, махаббат, қаржылық тәуелсіздік, достық, сатқындық және жеке таңдау сияқты мәселелер ешқандай әсірелеусіз көрсетіледі. 

«Версаль раушаны»

Классикалық туындылардың бірі – «Версаль раушаны». Бас кейіпкер Оскар Франсуа де Жарже бала кезінен ұл бала сияқты тәрбиеленіп, француз корольдік гвардиясының офицері атанады. Оның тағдыры арқылы авторлар адамның мүмкіндігін жынысына қарап бағалайтын қоғамның әділетсіздігін көрсетеді. 

1979 жылы жарық көргеніне қарамастан, бұл анимеде көтерілген мәселелер бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

«Сауыттағы елес»

Тізімді «Сауыттағы елес» анимесі аяқтайды. Алғаш қарағанда бұл киберпанк, жасанды интеллект пен технологиялар туралы шығарма сияқты көрінеді. Алайда майор Мотоко Кусанаги жынысына қарамастан кәсібилігі мен көшбасшылық қасиеті мойындалатын әйел кейіпкерлердің бірі болып есептеледі. 

Мотоко толық тәуелсіздікке ие. Ол өз денесін (сауытын), мансабын және тағдырын ер әріптестерінің қорғауынсыз немесе мақұлдауынсыз басқарады. 

Бұл франшиза биологиялық детерминизмге, яғни анатомия мінез-құлықты анықтайды деген идеяға қарсы шығады. Мотоко бейнесі арқылы, автор адамгершілік, эмпатия және ақыл-ой әйел жынысымен байланысты емес екенін дәлелдейді. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз