Етеккір деген не?
Етеккір – әйел өмірінің табиғи бөлігі. Дегенмен, бұл қалыпты физиологиялық процесс болғанына қарамастан, ол жайлы әлі күнге дейін көптеген мифтер мен түсінбеушіліктер бар.
Етеккірдің не екенін, қандай белгілердің қалыпты екенін және қашан алаңдау керектігін акушер-гинеколог, жоғары санатты дәрігер, 30 жылдық тәжірибесі бар Жанар Ибадоллақызы Байболова түсіндіреді.
Етеккір деген не және етеккір циклі қалай өтеді?
Етеккір – бұл әйелдің жыныс жолдарынан ай сайын болатын қан бөлінісі.
Маман бұл процесті былай түсіндіреді.
Ай сайын гормондардың әсерінен жатырдың ішкі қабаты – эндометрий қалыңдайды, ол ұрықтанған жасушаны қабылдауға дайындалады. Егер ұрықтану болмаса, гормон деңгейі төмендеп, эндометрий ыдырап, сыртқа шығады. Бұл процесс етеккір деп аталады, – дейді дәрігер.
Етеккір циклі бөлініс басталған алғашқы күннен есептеледі және орта есеппен 24-тен 38 күнге дейін созылады. Қан кету 3–7 күнге дейін жалғасады, ал бұл уақытта жоғалатын қан мөлшері шамамен 80–100 миллилитр болады.
Алғашқы етеккір (менархе) әдетте 11–14 жас аралығында басталады, ал менопауза шамамен 50 жас шамасында болады.
Етеккір туралы айту – ұят емес!
Етеккір туралы айту – ұят емес. Бұл әр әйелдің басынан өтетін табиғи құбылыс.
Маманның айтуынша, бұл тақырыпқа ашық қарау әйелге өз денесін жақсырақ түсінуге және циклдағы ауытқуларды дер кезінде байқауға көмектеседі.
Керісінше, бұл туралы үндемеу – қорқыныш, сенімсіздік және ауру белгілерін елемеуге әкеледі.
Сондай-ақ, егер ауырсыну, тым көп немесе сирек бөлініс, не циклдің бұзылуы байқалса, дәрігерге қаралу ұят емес.
Гинеколог себепті анықтап, қажетті емді тағайындайды. Тұрақты тексеріс – өз денсаулығыңызға қамқорлықтың маңызды бөлігі.
Неліктен етеккір кезінде іш ауырады?
Етеккірдің алғашқы күндерінде төменгі іште немесе белде жеңіл ауырсыну сезілуі – қалыпты құбылыс. Бұл жатырдың жиырылуы салдарынан болады: ол эндометрий қалдықтарын сыртқа шығарады.
Бұл жиырылуды простагландин атты гормондар тудырады – олардың мөлшері неғұрлым көп болса, ауырсыну соғұрлым күштірек сезіледі. Әдетте жайсыздық 1–2 күнде басылады.
Жатырдың жиырылуы – табиғи процесс, сондықтан алғашқы күндердегі жеңіл ауырсыну қалыпты. Бірақ егер ауырсыну қатты болса, ұйықтауға немесе жұмыс істеуге кедергі келтірсе – бұл патологиялық белгі, – дейді Байболова.
Мұндай жағдайлар эндометриозға, қабынуға, гормондық теңсіздікке немесе қан айналымының бұзылуына байланысты болуы мүмкін.
Қашан дәрігерге бару керек?
Төмендегі жағдайларда дәрігерге көріну қажет:
1. Цикл 24 күннен қысқа немесе 38 күннен ұзақ болса;
2. Қан кету 8 күннен артық жалғасса;
3. Бөлініс өте көп болса (төсемшені 2 сағат сайын ауыстыру қажет болса);
4. Ауырсыну дәрімен басылмаса;
5. Ірі ұйындылар пайда болса;
6. Жүктіліксіз етеккір тоқтап қалса.
Адам ағзасы әрдайым белгі береді. Сол белгілерге құлақ түре білсек, ауруларды ерте анықтап, алдын алуға болады, – дейді дәрігер.
Гигиена және өз-өзіне күтім жасау
Етеккір кезінде интимдік гигиенаны сақтамау қабыну, инфекция және шырышты қабықтың тітіркенуіне әкелуі мүмкін.
Жылы әрі ылғалды ортада, әсіресе ұзақ уақыт бойы төсемше немесе тампонды ауыстырмаса, бактериялар тез көбейеді. Бұл бактериалды вагиноз, кандидоз (молочница) немесе жамбас ағзаларының қабынуы сияқты ауруларға себеп болуы мүмкін.
Төсемшені әр 3–4 сағат сайын,тампонды әр 2–4 сағат сайын, ал менструалдық тостағаншаны (чашаны) 8–10 сағатқа дейін қолдануға болады, бірақ әр циклдан кейін оны міндетті түрде стерилизациялау қажет.
Бұл ережелерді сақтау жағымсыз иіс пен тітіркенуден қорғайды және интимдік денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Қазір қыз-келіншектер үшін гигиеналық құралдардың таңдауы көп. Ең бастысы – оларды дұрыс әрі уақтылы қолдану. Бұл жайлылық пен денсаулықтың кепілі, – дейді маман.
Етеккір кезіндегі жыныстық өмір
Егер өзіңізді жақсы сезінсеңіз, етеккір кезінде жыныстық қатынасқа түсуге медициналық қарсы көрсетілімдер жоқ.
Бірақ гигиенаны мұқият сақтау және қорғаныс құралдарын қолдану өте маңызды. Бұл кезеңде инфекция жұқтыру қаупі жоғары, ал жүктілік ықтималдығы азайғанымен, мүлде жоқ деуге болмайды.
Ауырсынуға төзіп жүру емес, оның себебін түсіну маңызды. Тұрақты тексеріс пен өз-өзіне күтім – бұл өз денеңе деген құрмет, – дейді дәрігер Жанар Байболова.
Етеккір – ауру емес, әйел ағзасының табиғи және қалыпты бөлігі.