Чемпион жолы немесе Елена Рыбакинаның құпиялары
Өткен жұмада Астанада Қазақстан спортшысы, әлемнің үздік теннисшілерінің бірі, «Үлкен дулыға» турнирлерінің жеңімпазы Елена Рыбакина туралы «Путь чемпионки» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара барысында туынды авторы, спорт журналисі Асқар Ағатаев Youth.kz тілшісіне берген сұхбатында жазушы ретінде шабыты және қиындықтары жайлы айтып берді.
– Асқар мырза, Елена Рыбакина туралы кітап жазуға сізге не түрткі болды?
– Бұл кітап Қазақстан мақтанышы, әлемдік теннис жұлдызы болған қызымыздың балалық шағы, спорттағы жолы, еңбегі мен жетістіктері туралы. Кітап Еленаның өмірлік және кәсіби жолы балаларға үлгі болу мақсатында жазылды. Басты оқырмандары – жасөспірімдер мен балалар. Мен жас буын жаман әдеттерден аулақ болсын, қойылған мақсатқа ұмтылсын деп, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды алға тартып, осының барлығын қызықты етіп жеткізгім келді.
– Кітап жазу барысында қандай да қиындықтар болды ма, мысалы ақпарат жинауда?
– Кітапты Еленаның анасымен көп әңгімелесіп, қызықты оқиғаларды еске түсіріп, ақылдасып отырып жаздық. Барлық мәліметтер ашық ақпарат көзінен алынған, спортшының нақты жетістіктеріне негізделген. Мен Қазақстан Теннис федерациясында 6 жыл бойы баспасөз қызметінде жұмыс атқардым. Сол кезеңде Еленаның спорттағы жолына, бапкерлердің еңбегіне, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына тікелей куәгер болдым. Мұндай жетістік артында тек талант және сәттілік емес, зор еңбек, жақындар қолдауы, бапкерлер сенімі және үлкен психологиялық жұмыс болады. Осының барлығын кітапта енгізіп, жеткізіуге тырыстым.
Қиындық жайлы айтатын болсақ, біз үшін ең қиыны – кітап шығаруға қаржы табу болды. Егер кітаптың маңыздылығын қоғам, үкімет түсінер болса, қаржылық мәселелер де оңай шешілер еді.
– Кітапты безендіру ерекше екен, неге мұндай стиль таңдалды?
– Иллюстрацияларды Камила Жамшитова деген суретші-дизайнер жасады. Олар жасанды интеллектпен емес, жанды, жүрекке жақын, адам қолымен салынған. Балаларға арналған кітап болғандықтан, суреттер қызықты, жылы әрі есте қаларлықтай болуы маңызды. Қазір балалар ақпаратты тез алғысы келеді, ұзақ, күрделі нәрседен жалығып кетеді. Сондықтан кітапқа көркем, ең әсерлі суреттер еңді.
– Алдағы уақытта басқа кітап жазу жоспарыңызда бар ма?
– Менің алғаш кітабым «Теннис ойнағым келеді» деген туынды болды. Кітапта теннисті қалай меңгеру керек, тамақтану ережелері, теннис психологиясы – осының бәрі қамтылған. Одан бөлек, бұл кітаптағы негізгі мақсатым - әлемге Қазақстанды танытқан спортшылар жолын балаларға таныстырып, шабыт алсын деген едім.
Мәселен, атақты баскетболшы қазақтан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтың жолы. Сол сияқты, басқа да спортшылар жетістіктер артында олардың ерен еңбегі, айналасындағы адамдардың қолдауы мен нақты мақсат қоюы тұр. Осыны балаларға жеткізгім келеді.
Жоспарда дзюдо туралы кітап жазу бар.
– Ал, Қазақстанда спорттың дамуы туралы пікіріңіз қандай?
– Менің ойымша, Қазақстанда спорт деңгейі өте жоғары, елде спорт барлық түрлері қарқынды дамуда. Қызыққан адамға барынша спортпен айналасуға жағдай жасалған, замануи жабдықталған залдар, жоғары деңгейлі, кәсіби бапкерлер жетерлік, сондай-ақ, мемлекет жағынан қолдау көрсетілуде, деп ойлаймын.
– Осы орайда жастарға, балаларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Кітап оқу мен білімнің маңызы зор екенін жастарға жеткізгім келеді. Сонымен қатар, балаларға айтар едім, ешнәрседен қорықпаңдар, әрқашан ойдағы істі жасауға қадам жасап, байқап көріңдер. Өмірде алынбайтын қамал жоқ, бәріне де қол жеткізу мүмкін. Тек өзіне мақсат қою керек, оған жетуде табандылық, жігерлік таныту қажет. Әр жетістіктің артында - ата-ана қолдауы, өзіңе деген сенім және үздіксіз, үлкен еңбек жатыр.
Қиындықтан қашпаңдар, айналаңдағы адамдарды бағалаңдар. Ең бастысы – мақсатқа жету жолындағы күнделікті еңбек. «Путь чемпионки» осыны айқын көрсетеді. Жасөспірімдер кітаптан шабыт алып, өз чемпиондық жолдарын бастайды деп сенем. Балаларға осыны жеткізу мені ерекше шабыттандырды және жалпы қоғам кітаптың маңыздылығына тиісті баға береді деп үміттемін.
Бұл кітап – тек спорт туралы емес, тұлға болып қалыптасу, сенім мен қолдаудың күші, жетістіктің басты құпиясы еңбекқорлықта екендігі туралы шынайы әңгіме.
*«Путь чемпионки» кітабының авторы, Асқар Ағатаев ұзақ жылдар бойы Қазақстан теннисі саласында жұмыс істеген маман, спорт журналисі.