Бедеулік – тек әйелде, еркектерде бедеулік болмайтыны рас па?
Бедеулікті көбіне «әйелдің мәселесі» деп айтып жатады. Осы себепті де жүктілік болмаса ең алдымен әйелді медициналық тексеруден өткізеді. Бірақ бұл шынымен солай ма? Материалда осы сұрақты талдаймыз.
Бедеулік деген не?
Бедеулік – ерлі-зайыпты жұптың балалы бола алмауы. Медицинада бедеулік бір жыл бойы контрацепция қолданбай, тұрақты жыныстық қатынасқа қарамастан жүктіліктің болмауы деп түсіндіріледі.
Бедеулік ер адамға да, әйелге де байланысты факторлардан туындауы мүмкін және әртүрлі себептері бар. Кейбір жағдайларда бедеуліктің нақты себебін анықтау мүмкін емес.
Ұлттық биотехнологиялық ақпарат орталығының (NCBI) дерегінше, бедеулік шамамен әрбір оныншы жұпқа әсер етеді, яғни репродуктивті жастағы халықтың 10–15 %-ын құрайды.
Бедеуліктің себептері қандай?
Бедеуліктің себептері әйелдің де, ер адамның да денсаулық жағдайына байланысты болуы мүмкін.
ДДҰ дерегінше, әйелдердегі бедеуліктің себептері:
- жатыр түтіктерінің патологиялары, соның ішінде фаллопий түтіктерінің бітелуі. Бұл көбіне жыныстық жолмен берілетін емделмеген инфекциялардан немесе қауіпті аборттың, босанудан кейінгі сепсистің, іш қуысы мен кіші жамбас ағзаларына жасалған операциялардың асқынуынан дамиды;
- жатырдың паологиялық жағдайлары: қабынбалы (мысалы, эндометриоз), туа біткен (мысалы, жатыр пердесі) немесе қатерсіз (мысалы, миома);
аналық бездердің патологиялары, оның ішінде поликистозды аналық без синдромы және басқа фолликулярлық бұзылыстар; - репродуктивті гормондардың теңдей болмауына әкелетін эндокриндік жүйе бұзылыстары.
Ерлердегі бедеулікке келесі репродуктивті жүйе бұзылыстары себеп болуы мүмкін:
- эякуляцияның бұзылуына әкелетін репродуктивті жолдардың бітелуі. Мұндай жағдай көбіне жарақаттардан немесе жыныс жолдарының инфекцияларынан туындайды;
- гормондар түзілуінің бұзылуына алып келетін гормоналдық өзгерістер. Атап айтқанда, тестостерон гормоны сперматогенезді реттеуде маңызды рөл атқарады;
- аталық бездердің сперматозоид өндіре алмауы;
- шәует сапасы мен функциясының бұзылыстары, соның ішінде оның саны, қозғалғыштығы және морфологиясындағы өзгерістер.
Мамандардың пікірінше, ерлер мен әйелдердің фертильділігіне (бала көтеру қабілетіне) өмір салты факторлары – темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну, семіздік – кері әсер етеді. Сонымен қатар, қоршаған ортаның ластануы жыныс жасушаларына (жұмыртқа жасушасы мен сперматозоидтарға) тікелей уытты әсер етіп, олардың саны мен сапасын төмендетуі мүмкін.
Бедеуліктегі ер және әйел факторларының рөлі
АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институтының (NIH) деректеріне сәйкес, жұптардың шамамен 15%-ы бір жыл ішінде бала көтере алмайды. Ал екі жылдан кейін бұл көрсеткіш шамамен 10%-ды құрайды.
Ерлер бедеулігінің ең жиі себептері – аталық бездер функциясының бұзылыстары, гормоналдық проблемалар немесе жыныс жолдарының бітелуі. Сонымен қатар, ерлер бедеулігінің шамамен 50%-ның нақты себебі анықталмайды.
Сперматозоидтардың толық болмауы бедеу ерлердің 10–15%-ында кездеседі. Ең жиі анықталатын себеп – варикоцеле, яғни аталық без көктамырларының кеңеюі. Бұл жағдай бедеулігі бар ерлердің шамамен 40%-ында байқалады.
PubMed дерекқорындағы медициналық зерттеулеріне сүйенсек, шамамен 20–30% жағдайда бедеуліктің жалғыз себебі – еркектер. Ал жалпы алғанда еркектер барлық бедеулік жағдайларының шамамен 50%-ын құрайды. Бедеуліктің ең жоғары деңгейі Африкада және Орталық пен Шығыс Еуропа елдерінде тіркелген. Әртүрлі дереккөздерге сәйкес, ерлер бедеулігінің таралуы Солтүстік Америкада шамамен 4,5–6%, Австралияда 9%, ал Орталық және Шығыс Еуропада 8–12% құрайды.
NICHD дерегінше, жас ұлғайған сайын фертильділік әйелдерде де, ерлерде де төмендейді. Алайда жастың әсері әйелдерде анағұрлым айқын. 30 жасқа қарай әйелдің фертильділігі 20 жас басымен салыстырғанда шамамен екі есе төмендейді, ал 35 жастан кейін бала көтеру ықтималдығы айтарлықтай азаяды. Ерлерде де фертильділік жас ұлғайған сайын төмендейді, бірақ бұл процесс біртіндеп жүреді.
| Дереккөз | Әйелдерге байланысты | Еркектерге байланысты | Аралас себептен |
| NICHD | ≈33% | ≈33% | ≈33% |
| Medscape | ≈35% | ≈35% | ≈20% |
| StatPearls | ≈50% | ≈40% | басқалары |
Неліктен бедеулік тек әйелдерде болады деген миф бар?
Кембридж университетінің зерттеуі ерлер бедеулігі ұзақ уақыт бойы «мәдени тұрғыда көрінбейтін» болып келгенін көрсетеді. Мәдени және әлеуметтік нормалар бұл мәселені ашық талқылауға кедергі келтіреді. Соның салдарынан ем қабылдап жүрген көптеген еркек өздерін бедеу деп санамайды.
Тарихи кезеңдерді талдау бедеуліктің патриархалдық және гендерлік түсініктер аясында түсіндірілгенін көрсетеді. Медицина мен қоғамның назары әйел денесіне және оның репродуктивті бұзылыстарына бағытталды, ал еркектер факторы елеусіз қалды. Бұл тарихи көзқарас “бедеулік – негізінен әйел мәселесі” деген сенім қалыптастырды.
Кейбір мәдениеттерде еркектің бедеулігі мүлде ескерілмеген. Мысалы, Шығыс Африкадағы акамба халқында ұрпақ жалғастыру бойынша барлық жауапкершілік әйелге жүктелген, бұл гендерлік стереотиптерді одан әрі күшейткен.
Британдық The Guardian басылымының соңғы аналитикалық мақаласына сәйкес, бедеулік жағдайларының шамамен 50%-ы еркектер тиесілі, алайда жалпы тәжірибедегі дәрігерлер оны жиі анықтамайды және соның салдарынан ем тағайындалмайды. Нәтижесінде кейбір жұптар қажеті жоқ ЭКО процедураларынан өтеді. Ал жалпы еркек бедеулігіне әкелетін біраз жағдайды негізінен емдеуге болады.
Манчестер университетінің құрметті клиникалық профессоры, уролог әрі андролог Вайбхав Модгилдің айтуынша, Ұлыбританияда бала көтере алмай жүрген әйелдер тез арада толық тексеруден өтеді, ал еркектер кейде базалық тексеруден өту үшін жылдар бойы күтеді.
Сарапшылар андролог мамандардың жетіспеушілігін де атап өтеді. Көптеген аймақтарда небәрі бір-екі ғана маман бар, ал жұптардың басым бөлігі әйел денсаулығына бағытталған гинекологтарға жүгінеді.
Манчестер қалалық университетінің зерттеушісі, доктор Майкл Кэролл:
«Тарихи тұрғыда фертильділік әйел денсаулығының мәселесі ретінде қарастырылды. Әйел “бедеу” деп есептелді, ал ер адамдар өздерін шәует бөле алса, фертильдімін деп санады», – дейді.
Ол сондай-ақ:
«Еркектер әйелдермен тең дәрежеде қарастырылуы тиіс. Оларды мұқият тексеру, өмір салты мен медициналық тарихын ескеру қажет», – деп қосты.
Қорытынды:
- Бедеулік – тек әйелдің емес, жұптың мәселесі.
- Өмір салты мен жас факторы екі жыныс үшін де маңызды.
- «Бедеу әйел» туралы миф тарихи тұрғыда қалыптасқан.
- Ерлер мен әйелдерді тексеруде тең көзқарас қажет.