Бала кезімде су аруларын көргім келетін, ал қазір өзім су аруымын
Ұлжан Тайкенова – Қазақстаннан шыққан модель әрі синхронды жүзуші. Қазіргі уақытта ол Қытайда су шоуында су аруы бейнесінде өнер көрсетеді. Ол мұндай келісімшартқа қалай түсуге болатынын, әртістерді қандай қиындықтар күтіп тұрғанын және неге Қытай карьераны бастау үшін қолайлы екенін айтып берді.
Қытайдағы шоуға қалай жұмысқа орналасуға болады?
Көңіл көтеру индустриясында жұмыс – бұрынғы спортшылар үшін жиі таңдалатын жол. Спорттық мансабын аяқтаған соң, көпшілігі Қытайға барады – мұнда әрі табыс табуға, әрі формада қалуға болады. Ұлжан жұмыс жайлы спортшы құрбылары арқылы біліп, олар оны қытайлық компаниялардың менеджерлерімен байланыстырған.
Басты талап – жақсы жүзе білу және сүңги алу. Синхронды жүзуден тәжірибе болғаны да құтіледі, өйткені мұндай спортшыларға кейбір трюктерді орындау және судың астында ұзақ уақыт тыныс ұстап тұру жеңіл. Сыртқы мәліметтерден бойдың 165 см-ден жоғары болуы және жақсы физикалық форма маңызды. Қосымша артықшылық – спорттық разряд немесе «су аруы» сертификаты.
Кастинг өте қарапайым өтеді: үміткерлер бой көрсетілген фотосуреттерін, бірнеше селфи және бассейінде немесе алдыңғы қойылымдарда түсірілген промо-видеосын жібереді. Міндетті түрде жеке мәліметтер – бой, салмақ, разряд, жұмыс тәжірибесі көрсетіледі. Егер талаптарға сәйкес келсе, менеджерлер келісім шарттарын түсіндіріп, виза мен жұмыс істеу үшін рұқсатнамаларды рәсімдеуге көмектеседі.
Жұмыс басталар алдында әртістерге дайвингтен оқу өткізіледі, содан кейін ғана шоуға шығуға рұқсат беріледі.
Неге Қытай?
«Қазақстанда аквариум мен су шоу индустриясы жоқ. Ал Қытайда мұндай мүмкіндіктер жиі кездеседі: жұмыс жағдайлары жақсы, жалақысы жоғары, әрі карьераны бастау әлдеқайда жеңіл», – дейді Ұлжан.
Қытайдағы жұмыс қиындықтары
Қабылдау процесі оңай болғанымен, жұмыс істеу бастапқыда өте қиынға соғады, ал Қытайдағы өмірге бейімделу уақытты талап етеді.
«Маған ең қиыны тіл болды: қытайша мүлде білмедім, ағылшынша аздап қана. Бақытыма орай, аудармашы болды. Жаңа ұжымға және мүлде жаңа өмірге бейімделу де оңай болған жоқ. Қытай мені жақсы жаққа өзгертті, бірақ бәрібір кей сәттерде бәрін тастап, үйге қайтқым келді, – деп еске алады ол. – Бұдан бөлек, мен келісімшартқа синхронист ретінде бардым, ал жеті жыл бойы жаттығу жасамаған едім. Сондықтан бұрынғы дағдыларымды тез еске түсіріп, үлкен жүктемеге төзуге тура келді».
Алғашқы келісімшарттар сынақ болып шығуы мүмкін: жалақының кешігуі, әртістерге жағдайдың жасалмауы, тіпті суық бассейндер.
«Шынымды айтсам, кейбір саябақтарда бізге жақсы қарамады. Алғашқы келісімшартта бізге жалақыны кешіктірді, су әртістеріне арналған құрғақ бөлме де болмады. Біз дельфиндерге арналған бассейнде өнер көрсеттік – су мұздай, үйрену қиын болды», – дейді Ұлжан.
Кейде әртістер мен қытайлық менеджерлер арасындағы түсінбеушіліктер қақтығыстарға алып келген.
«Кейде бізді кез келген уақытта репетицияға шығаратын. Олар біз айтқымыз келген жұмыс жағдайларын түсінбейтін, біз де оларды түсіне бермедік», – дейді ол.
Дегенмен уақыт өте жеңілдей түсті. Екінші келісімшарт кәсіби аквариумда өтті, мұнда барлық жағдай жасалған: ыңғайлы бөлмелер, жабдықтар, тату ұжым. Рас, шоу күрделірек болып, әртістерден көп шеберлік пен төзімділік талап етті.
«Бұл Қытайдағы ең қиын әрі ең жақсы шоу болды: қойылым кезінде тікелей сахнада киім ауыстыру, күрделі элементтерді орындау керек еді, – дейді Ұлжан. – Бірақ еңбек жағдайлары әлдеқайда жақсы болды. Мұндай беделді шоулар мүлде басқа тәжірибе береді».
Қиындықтардың қатарына акклиматизация да қосылды: ыстық әрі ылғалды Гуанчжоу климаты, жабық интернет – VPN мен қытайлық қосымшаларды қолдануға үйрену қажет болды.
Басқа елдегі өмірге қалай дайындалу керек?
«Бір күні маған алғашқы келісімшартта ақша жинама, керісінше қыдыр, жергілікті асхананы татып көр, түрлі заттар сатып ал, демал деген кеңес берді. Бірақ сонымен бірге айлық алғанға дейінгі қаржыны сәл де болса жоспарлау керек. Мен мұны бірінші келісімшартта жасай алмадым», – деп күледі Ұлжан.
Ал моральдық дайындық жайында ол:
«Шыны керек, мен мүлде дайындалған жоқпын – жай ғана бардым да кеттім. Бірақ барлығы олай істей алмайды. Сондықтан қатты уайымдамауға, әр ұсақ-түйекті есептемеуге кеңес беремін: жоспардың 70%-ы бәрібір орындалмайды. Ең бастысы – жаңа өмір кезеңіне қызығушылық пен алғашқы уақытқа қаржылық қор. Елдің тілінде базалық сөздерді үйрену де пайдалы. Маған аудармашы мен ым-ишара көмектескен», – дейді ол.
Шетелдегі жұмыс оған өз бетінше өмір сүруді үйреткен:
«Қазақстанда жүргенде ересек өмірге дайынмын деп ойлайтынмын. Бірақ тек басқа елде ғана өзіңе сену керектігін түсінесің».
Ең ұнайтыны
Барлық қиындықтарға қарамастан, Ұлжан жұмысына үлкен ынтамен қарайды. Өйткені бұл кеңседегі күнделікті жұмыс емес, ол кейбіреулерге қызықсыз көрінуі мүмкін. Ал шоуда әртіс көрермендерге қуаныш сыйлайды, еңбегінің нәтижесін көреді.
«Маған балықтармен және акулалармен жүзген қатты ұнайды. Кейде қорқынышты, бірақ өте әдемі әрі сиқырлы. Бала кезімде су аруларын көргім келетін, ал қазір өзім солардың бірімін. Әр жолы өзімнің шоуымнан бейнероликтерді көргенде, оның қаншалықты әдемі екенін таңғаламын», – дейді ол.
Шетелде жұмыс істегісі келетіндерге кеңес
- Ең бастысы – өзгерістерге және жаңа өмір кезеңіне дайын болу.
- Ағылшын тілін үйреніңіз.
- Өзгерістен қорықпаңыз және жаңа таныстықтардан қашпаңыз.
- Елдің қосымшалары мен әдеттерін алдын ала зерттеңіз.
- Жергілікті тұрғындардың ережесі мен менталитетін құрметтеңіз.
- Барлық ақшаны бірден жұмсамаңыз – бірақ шетелдегі уақытыңыздан ләззат алыңыз.