«Арманыңыздың соңынан еріңіз»: Майкл Джексон жастарға қандай ақыл-кеңес айтты

Майкл Джексон – ХХ ғасырдың ең көрнекті өнер қайраткерлерінің бірі. Оның мұрасы тек музыкамен ғана шектелмейді. Әндерінде, сұхбаттарында және қайырымдылық қызметінде ол балаларды қорғау, қоғамның жауапкершілігі және жарқын болашаққа деген сенім туралы жиі айтқан. Бұл идеялар оның шығармашылығының өзегіне айналып, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Болашақ – балалардың қолында»

Майкл Джексон балаларды адамзаттың ең үлкен байлығы деп есептеді. Оның пікірінше, қоғамның болашағы балаларға деген қамқорлық пен сүйіспеншілікке байланысты.

«Балалардан маңызды ештеңе жоқ. Олар – біздің болашағымыз. Олар әлемді сауықтыра алады. Біздің міндетіміз – олардың жанынан табылып, бағыт-бағдар беру, шабыттандыру, қолдау көрсету және жақсы көру», – деді ол 2002 жылы Германияда балаларға арналған Рождестволық үндеуінде.

Бұл сөздер Майкл Джексонның балаларға деген ерекше көзқарасын және олардың қоғамдағы маңызды рөлін айқын көрсетеді.

«Балаларды көргенде Құдайдың жүзін көремін». Майкл Джексонның ең танымал қанатты сөздерінің бірі осы.

«Балаларды көргенде мен Құдайдың жүзін көремін. Сондықтан мен оларды ерекше жақсы көремін» деген екен әйгілі әнші.

Сондай-ақ «Егер менің өмір сүруімнің жалғыз мақсаты балаларға көмектесу және оларды қуанышқа бөлеу болса, соның өзі мен үшін жеткілікті болар еді» деген екен әнші

Бұл сөздер оның балаларды тазалықтың, мейірімділіктің және үміттің символы ретінде қабылдағанын көрсетеді.

Қоғамды өзгерту – әр адамның өзінен басталады

Майкл Джексонның шығармашылығында жеке бастың жауапкершілігі тақырыбы ерекше орын алады. Оның ең танымал әндерінің бірі Man in the Mirror- де адамдарды өзгерісті өзінен бастауға шақырады.

Әннің негізгі ойы «Егер әлемді жақсартқың келсе, алдымен айнадағы өзіңе қара да, өзгерісті өзіңнен баста» дегенге жетелейді. Бұл ой адамдардың қоғамдағы оң өзгерістерге жеке үлес қоса алатынын көрсетеді.

Heal the World – адамзатқа арналған үндеу

1991 жылы жарық көрген Heal the World әні Майкл Джексонның гуманистік көзқарасының жарқын көрінісі болды.

«Әлемді сауықтырайық, оны сен үшін, мен үшін және бүкіл адамзат үшін жақсы мекенге айналдырайық» дейді ол әнінде.

Бұл шығарма адамдарды бір-біріне жанашыр болуға, балалардың болашағына жауапкершілікпен қарауға және бейбіт өмірді сақтауға үндейді.

Кейінірек Майкл Джексон осы идеяларды жүзеге асыру мақсатында Heal the World Foundation қайырымдылық қорын құрды. Қордың негізгі мақсаты – балаларға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау және гуманистік құндылықтарды насихаттау болды.

Жастарға үндеу

Майкл Джексон жастарды армандарынан бас тартпауға шақырды. Әнші жастарға «Арманыңыздың соңынан еріңіз. Қандай мұраттарыңыз болса да, өзіңіз қалаған тұлғаға айнала аласыз»  деген үндеу жасады. Бұл сөздерді ол 2001 жылғы аудиосұхбатта айтқан.

Бұл сөздер жастарды өз мүмкіндіктеріне сенуге, еңбектенуге және биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіреді.

Гуманистік мұрасы

Майкл Джексон өнердегі жетістіктерімен қатар, қайырымдылық қызметімен де танылды. Ол балалар ауруханаларына қолдау көрсетіп, гуманитарлық жобаларды қаржыландырып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж балаларға көмек көрсетті.

Оның басты ұстанымы – қоғамды өзгертудің ең тиімді жолы балаларға қамқорлық жасау. Сондықтан оның көптеген әндері мен сөйлеген сөздерінің негізгі идеясы – махаббат, мейірімділік, бейбітшілік және адамзат алдындағы жауапкершілік болды.

Майкл Джексонның шығармашылық мұрасы бүгінге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ол адамдарды өзінен бастауға, өзгелерге жанашыр болуға, балаларды қорғауға және болашақ ұрпақ үшін жауапкершілік сезінуге шақырды. Оның музыкасы ғана емес, гуманистік идеялары да миллиондаған адамға шабыт беріп келеді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз