Ақпанда жалғыздық неге күшейеді?

Ақпан айы басталысымен әлеуметтік желілерде жүрекше, гүл, тосынсый видеолары көбейеді. Бірі сүйіктісіне ұсыныс жасап жатса, бірі романтикалық кеш ұйымдастырады. Ал кей жастар үшін бұл кезең керісінше ішкі бос сезіммен, жалғыздықпен қатар жүруі мүмкін.

Шынымен де ақпанда жалғыздық күшейе ме, әлде бұл тек әлеуметтік желінің әсері ме? Осы сұраққа психолог жауап берді.

Бұл миф емес – психологиялық құбылыс

Психолог Исаева Алиманың айтуынша, ақпан айындағы жалғыздық сезімі кездейсоқ құбылыс емес.

«Қыс мезгілінің соңында адамдардың эмоционалдық ресурсы азаяды. Күн қысқа, күн сәулесі аз, физикалық белсенділік төмен. Мұның барлығы психикаға әсер етеді. Ал ақпанда романтикалық контенттің көбеюі бұл сезімді күшейтуі мүмкін» – дейді Исаева Алима.

Яғни мәселе тек Валентин күнінде емес, маусымдық факторларда да жатыр.

«Мінсіз қарым-қатынас» иллюзиясы

Әлеуметтік желілерде қарым-қатынастың көбіне әдемі тұсы ғана көрсетіледі: гүл, сыйлық, саяхат, ұсыныс жасау сәті. Ал күнделікті өмірдегі келіспеушілік пен қиындықтар кадр сыртында қалады.

Маманның сөзінше, жастар осы идеал образды шынайылық деп қабылдап, өзін салыстыра бастайды.

«Салыстыру – өзін-өзі бағалауды төмендететін негізгі факторлардың бірі. «Неге менде жоқ?» деген ой жиілесе, жалғыздық сезімі тереңдей түседі», – дейді психолог Исаева Алима.

Валентин күні қысым тудыра ма?

14 ақпан – мереке ғана. Бірақ қоғамда «міндетті түрде жұппен атап өту керек» деген жасырын стереотип қалыптасқан.

«Кей жастар өз статусын мерекемен байланыстырып, өзін бағалауды қарым-қатынасқа тәуелді етіп қояды. Бұл қате түсінік. Адамның құндылығы оның жеке өмірімен өлшенбейді», – дейді маман.

Маусымдық депрессия (SAD) мен жалғыздық

Мамандар күз-қыс мезгілінде маусымдық аффективті бұзылыс (SAD) жиірек байқалатынын айтады. Оның белгілеріне:

  • шаршаңқылық;
  • ұйқы режимінің бұзылуы;
  • энергияның төмендеуі;
  • мотивацияның азаюы жатады.

Осындай физиологиялық өзгерістер эмоционалдық фонды әлсіретіп, жалғыздық сезімін күшейтуі мүмкін.

Алайда психолог ескертеді: әр жалғыздық сезімі депрессия деген сөз емес.

Қыс соңындағы эмоционалдық шаршау

Ақпан – қыстың соңғы кезеңі. Ағза бірнеше ай бойы төмен температура мен жарықтың аздығына бейімделіп жұмыс істейді.

«Күн сәулесінің аздығы серотонин деңгейіне әсер етеді. Бұл көңіл-күйдің тұрақсыз болуына әкелуі мүмкін. Сондықтан ақпанда адамдар өзін эмоционалды әлсіз сезінеді», – дейді Исаева Алима.

Уақытша эмоция ма, әлде қауіпті күй ме?

Психолог жалғыздықты екіге бөледі.

Уақытша эмоция:

  • белгілі бір жағдайға байланысты пайда болады;
  • уақыт өте әлсірейді;
  • адам оқуын, жұмысын жалғастыра алады.

Қауіпті психологиялық күй:

  • ұзақ уақытқа созылады;
  • күнделікті өмір сапасына әсер етеді;
  • оқуға, жұмысқа, қарым-қатынасқа кедергі келтіреді.

Егер жағдай ұзаққа созылса, маман көмегіне жүгіну маңызды.

Ақпанда өз-өзіңе қалай қолдау көрсетуге болады?

Психолог жастарға бірнеше практикалық кеңес береді:

  • Әлеуметтік желідегі уақытты шектеу;
  • Достармен офлайн кездесулер ұйымдастыру;
  • Спорт немесе шығармашылықпен айналысу;
  • Күн тәртібін сақтау;
  • Күн сәулесін көбірек қабылдау, таза ауада серуендеу.

«Ең бастысы – жалғыздықты кемшілік деп қабылдамау. Бұл - адам өміріндегі қалыпты эмоция», – деп қорытындылады Исаева Алима.

Қоғам нені өзгертуі керек?

Жалғыздықты «проблема» ретінде стигмалау оны одан әрі ауырлатады. Әр адам өмірінің белгілі бір кезеңінде өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Бұл әлсіздік емес, адамдық тәжірибе.

Ақпан – тек романтика айы емес. Бұл өз-өзіңді түсінуге, ішкі күйіңе назар аударуға мүмкіндік беретін кезең болуы мүмкін.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз