Адамды өзгертетін бес кітап
Қазіргі таңда өзін-өзі дамыту туралы кітаптар көбіне «қалай тиімді болуға болады», «қалай сенімді көрінуге болады», «табысты өмір сүрудің жолы қандай?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Алайда адамның ішкі дүниесі, болмысы мен рухани ізденісі көбіне назардан тыс қалып жатады. Ал ішкі әлемге үңілетін кітаптар адамның ойлау жүйесін ғана емес, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерте алады.
«Кемел Адам» Қ. Жолдыбайұлы
Бұл кітап өз оқырмандарын шытырман роман секілді баурап алады. Автор мұнда мінсіз адам ұғымына қатысты өз көзқарасын ұсынып, кемел адамға тән қасиеттерді жан-жақты сипаттайды.
Сонымен қатар, шығармада адамның рухани тұрғыдан толысып, толыққанды өмір сүруі мүмкін екені айтылады.
«Өмірге «Иә» деу» В. Франкл
Бұл – өзін-өзі дамыту тақырыбындағы ең шынайы әрі ең ауыр кітаптардың бірі. Автор жеке тағдыры арқылы адамның төзгісіз жағдайда да ар-намысын, қадір-қасиетін сақтай алатынын дәлелдейді.
Концлагерьден аман қалған Виктор Франклдың басты ойы – өмірдің мәні сыртқы жағдайға тәуелді емес. Өмірге мағына беретін – адамның өзі. Бұл тұжырым ХХ ғасырдың екінші жартысында психология ғылымында үлкен бетбұрыс жасады.
«Иелену ме, әлде болу ма?» Э. Фромм
Бұл еңбегінде Эрих Фромм қазіргі қоғамдағы «табысты адам» ұғымын терең сынға алады. Ол байлық, мансап, атақ сияқты түсініктер тұлғаның ішкі әлемін біртіндеп жұтаңдата түсетінін көрсетеді.
Фроммның пайымдауынша, егер адамның ішкі кеңістігі бос болса, өзін-өзі жетілдірудің өзі тәуелділікке айналуы мүмкін. Ал шынайы даму – еркіндікке, саналы болмысқа және өмірге деген құштарлыққа негізделеді.
«Достарды табу және адамдарға қалай әсер етуге болады» Д. Карнеги
Бұл кітап көбіне қарым-қатынас техникасына арналған еңбек ретінде қабылданады. Алайда оны тереңірек оқығанда, Карнеги ұсынған әдістердің негізінде адамгершілік қағидаттары жатқанын аңғаруға болады.
Өзін-өзі дамыту тұрғысынан алғанда, автор адамның әлеуметтік болмысына назар аударады. Адамның нағыз күші – өзгенің сеніміне ие бола білуінде. Бұл кішіпейілділік, құрмет және эмпатия арқылы жүзеге асады.
«Өзіңмен әңгіме» М. Аврелий
Бұл шығарма – биліктің ең биік сатысында тұрған адамның өзіне арнаған ішкі ескертпелері. Кітаптың басты ерекшелігі де осында.
Стоицизм – өзін-өзі дамытудағы ішкі тәртіп мектебі. Ол адамды өзін басқаруға, сезім мен құмарлықты бақылауға шақырады. Сондықтан Марк Аврелий еңбегінде сабыр сақтау, өз міндетін адал атқару, мақтау мен сынға тәуелді болмау сынды құндылықтар кеңінен дәріптеледі.