Платформада жұмыс істейтін курьерлер мен такси жүргізушілерінің құқығын кім қорғайды?
Қазақстанда курьерлер мен такси жүргізушілері үшін цифрлық платформалар табыс табудың қолжетімді жолына айналды. Бұл қызметтер жұмыс уақытын өздері таңдап, бос уақытта қосымша ақша тауып, жұмыс кестесіне тәуелді болмауға мүмкіндік береді. Бірақ, платформаға тіркелу кезінде қабылданатын келісімдер орындаушыға қандай міндет жүктейді? Жазатайым оқиға болса, шығынды кім өтейді? Ал аккаунт бұғатталса, жұмысшы қалай шағымдана алады? Youth.kz осы мәселені зерделеп көрді.
Платформалар қандай шарт ұсынады?
Курьер немесе жүргізуші ретінде тіркелген кезде пайдаланушы сервистің шарттарымен танысып, оларды қабылдайды. Бұл құжаттарда жұмыс істеу тәртібі, төлем есептеу жолы, салық міндеттемелері, сақтандыру және платформаны пайдалану талаптары көрсетіледі. Алайда, сервистердің шарттары бірдей емес, әр платформаның нақты ережесі болады.
Yandex. Сервистің курьерлерге арналған нұсқаулығында жұмысқа қойылатын негізгі талаптар түсіндірілген. Курьер тапсырысты ұқыпты жеткізіп, клиентпен және қолдау қызметімен байланыста болып, жол қозғалысы ережелерін сақтап, қауіп төнген жағдайда жеткізуді тоқтатып, қолдау қызметіне хабарласуы керек.
2026 жылдан бастап Қазақстандағы жаңа Салық кодексіне байланысты Яндекс сервистерімен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде тікелей жұмыс істеу мүмкіндігі де қарастырылған. Yandex Pro анықтамасында заңды түрде рәсімделудің артықшылықтары ретінде табыс туралы анықтама алу, зейнетақы жарналарын жинау және еңбек өтілін қалыптастыру мүмкіндігі көрсетілген. Сонымен бірге, курьерлік қызмет немесе таксопарк арқылы еңбек шартымен жұмыс істеу жолы да көрсетілген. Қай нұсқаның қолжетімді болуы адамның құқықтық мәртебесіне байланысты.
Wolt. Компанияның Қазақстандағы курьерлерге арналған анықтамасында орындаушының тапсырысты қабылдамас бұрын одан түсетін болжамды табысты көре алатыны жазылған. Төлем мөлшері тапсырыс қашықтығына, оның түріне, ауа райына және сұраныс жоғары уақытқа байланысты өзгеруі мүмкін. Компания курьерлерге аптасына бір рет төлем жасалатынын да көрсетеді.
Wolt курьерлері жұмысқа қашан шығатынын және қанша уақыт жұмыс істейтінін өздері таңдай алады. Бірақ платформаның ресми шарттарына сәйкес, салықты төлеуге орындаушының өзі жауап береді. Компания жеткізу кезінде болуы мүмкін жазатайым оқиғаларға арналған сақтандыруды да ұсынады. Бұл сақтандыру көлік иесінің міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды алмастырмайды.
Glovo. Компанияның курьерлерге арналған шарттарында тәуелсіз курьер платформамен өз кестесі бойынша жұмыс істеп, өз жабдығын пайдаланатыны жазылған. Сондай-ақ, курьердің салық міндеттемелеріне өзі жауап беретіні көрсетілген. Жазатайым оқиғалардан және азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен сақтандыруды ерікті түрде рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Glovo құжатында курьер аккаунтының жұмысына қатысты шектеулер де бар. Сондықтан, орындаушы үшін қандай жағдайда аккаунтқа қолжетімділік тоқтатылуы мүмкін екені, шағым беру тәртібін алдын ала білу керек.
«Еркін кесте» әрдайым тұрақты табысқа кепіл бола ма?
Платформалық жұмыстың негізгі артықшылығы – икемділік. Курьер немесе жүргізуші қосымша табыс табу үшін кешкі уақытта, демалыс күндері не өзіне ыңғайлы сағаттарда жұмыс істей алады. Бірақ, нақты табыс тапсырыс санына, сұранысқа, тарифке, жол шығындарына және сервистің комиссиясына байланысты болады.
Мысалы, Wolt әр тапсырыс үшін төленетін соманың алдын ала көрсетілетінін айтады. Алайда, тапсырыс көп болатын уақытты таңдау да табыстың тұрақты болуына кепілдік бермейді. Көлікпен жұмыс істейтін жүргізуші жанармай, жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындарын да есептеуі керек.
Демек, қосымшада көрсетілген түсімді таза пайдамен салыстыруға болмайды. Жұмысшының қолында қалатын сома міндетті төлемдер мен жұмысқа байланысты шығындардан кейін анықталады.
Тағы бір мәселе – алгоритмдердің ықпалы. Тапсырыстарды бөлу, рейтинг қалыптастыру және орындаушыға қолжетімді тапсырыстар саны табысқа әсер етуі мүмкін. Ал егер жұмысшы аккаунтына кіре алмаса, ол табыс көзінен бірден айырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда шешімнің себебін біліп, оны қайта қарауды талап ету керек.
Курьер мен жүргізуші қандай мәселеге назар аударуы керек?
Платформада жұмыс бастамас бұрын курьер мен жүргізуші бірнеше маңызды мәселені нақтылап алғаны жөн. Ең алдымен, келісімнің кіммен жасалатынын анықтау қажет. Қосымша операторымен бе, таксопаркпен бе, әлде курьерлік қызмет көрсететін компаниямен бе соны анықтап алу керек. Сонымен қатар, табыстың қалай есептелетініне, комиссия мен бонустардың төлемге әсеріне назар аударған дұрыс.
Аккаунт бұғатталған жағдайда оның себебін білуге және шешімге шағымдануға мүмкіндік бар-жоғын да алдын ала тексеру керек. Жазатайым оқиға болған кезде сақтандырудың қолданылу шарттары мен өтемақы алу тәртібін біліп алу керек. Бұған қоса, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді кім аударатыны, жанармай, көлік жөндеу, байланыс және жабдық шығындарының жалпы табысқа қалай әсер ететіні анық көрсетілуі қажет.
Бұл сұрақтардың жауабын тек жарнамалық материалдардан емес, платформамен жасалатын келісімнен және қолданыстағы ресми ережелерден іздеген жөн.
Құқықты қорғау үшін қандай кепілдіктер қажет?
Платформалық жұмыста икемділік пен әлеуметтік қорғаныс қатар қамтамасыз етілуі керек. Бір жағынан, курьер мен жүргізуші жұмыс уақытын өз бетінше таңдау мүмкіндігін сақтауы қажет. Екінші жағынан, табысы алгоритмдерге тәуелді болғандықтан, төлемнің қалай есептелетінін түсініп, аккаунтқа қатысты шешімдерге шағымдана алуы маңызды.
Сондай-ақ, сақтандыру шарттары ашық көрсетіліп, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу мен жұмыс кезінде жарақат алған жағдайда өтемақы алу тәртібі түсінікті болуы керек. Мұндай кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар, цифрлық платформалар, кәсіподақтар мен орындаушылар бірлесіп жұмыс істеп, нақты тетіктер әзірлегені жөн.
Негізгі мәселе – курьерлер мен такси жүргізушілеріне жұмыс кестесін еркін таңдауға мүмкіндік берумен шектелмей, олардың еңбегі мен табысын да қорғау. Икемді жұмыс тәртібі әлеуметтік кепілдіктермен, ашық төлем жүйесімен және шешімдерге шағымданудың қолжетімді жолдарымен толықтырылғанда ғана платформалық жұмыспен қамту тұрақты әрі әділ еңбек үлгісіне айнала алады.
Бұған дейін Қазақтанда Яндекс сервистері жаппай істен шыққанын жазған едік.