Табиғаттағы демалыс: ережелер мен айыппұл мөлшері

Қазақстанда жаз айларыда халық табиғатқа шығып, от жағып, кәуап пісіруді әдетке айналдырады. Осы кезеңде отты дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт көбейеді. Сондықтан қай жерде от жағуға болатынын және қандай ережелерді сақтау керегін білу маңызды. Бірақ бір ғана қателік дала өртіне немесе заң бұзушылыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан демалысты тыныш әрі қауіпсіз өткізу үшін ережелерді есте сақтау қажет. Сондай-ақ, су айдындарында шомылудың да өз ережелері бар, деп хабарлайды youth.kz.

Қай жерде от жағуға рұқсат етілген

Төтенше жағдайлар министрлігі 2022 жылғы №55 бұйрықпен өрт қауіпсіздігі ережелерін бекіткен. Бұл құжатта ашық от жағуға қатысты талаптар нақты көрсетілген.

Ережеге сәйкес, елді мекендерде немесе саяжайларда ашық от жағу кезінде от кез келген ғимараттан кемінде 50 метр қашықтықта болуы керек.

Қоқыс, құрғақ шөп немесе қалдықтарды жағу да 50 метр қашықтықта ғана рұқсат етіледі және арнайы бақылаумен жүргізілуі тиіс.

174-тармаққа сәйкес, құрғақ ауа райында және жел болған кезде қоқыс пен шөп жағуға қатаң тыйым салынады.

Сондықтан, көп жағдайда жеке үй иелері мен саяжай тұрғындары үшін ең қауіпсіз және заңды тәсіл – мангал, гриль немесе барбекю қолдану.

Мангал қолдану ережелері

Мангалды орнатқанда қауіпсіздік қашықтығын сақтау қажет. Ол кез келген ғимараттан (үй, сарай және т.б.) кемінде 10 метр қашықтықта болуы тиіс.

Сонымен қатар демалыс орнында:

  • кемінде 2 кг өрт сөндіргіш немесе
  • 10 литр су болуы міндетті.

Мангалды келесі жерлерде қолдануға болмайды:

  • құрғақ шөп өскен жерде;
  • ағаштардың астында;
  • жанғыш материалдан жасалған шатырлардың астында;
  • үй ішінде, балконда немесе үйдің ішіне кіріп тұрған балкон сияқты кеңістікте;
  • гаражда, шатыр астында немесе басқа жабық орындарда.

Мамандар мангалды тұрақты, жанбайтын жерге (бетон, тас, плитка) қоюды ұсынады.

Рұқсат етілмеген жерде от жаққаны үшін айыппұл мөлшері

Қазақстанда рұқсат етілмеген жерде от жаққаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 410-бабына сәйкес («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау») 5 АЕК көлемінде айыппұл немесе ескерту қарастырылған. Шешімді инспектор жағдайға қарай қабылдайды (2026 жылы 5 АЕК – 21 625 теңге).

Лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 15 АЕК (64 875 теңге), орта бизнеске 50 АЕК (216 250 теңге), ал ірі бизнес субъектілеріне 150 АЕК (648 750 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Құрғақшылық кезінде жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) «ерекше өрт қауіпсіздігі режимін» енгізе алады. Мұндай жағдайда кез келген от жағуға толық тыйым салынуы мүмкін, тіпті ауа райы қолайлы болса да. Бұл кезде бақылау күшейіп, тек ескерту емес, бірден айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл екі есеге артып, 10 АЕК-ке дейін жетеді (43 250 теңге).

Орманда от жағуға болмайтын жерлер

Орман – ерекше экожүйе, яғни көптеген тірі ағзалар мен құнды өсімдіктер мекені. Сондықтан ол «елдің өкпесі» деп аталады. Осыған байланысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелері бекітілген.

Өрт қаупі жоғары маусымда орман аумағында келесі жерлерде от жағуға тыйым салынады:

  • қылқан жапырақты жас ормандарда;
  • бұрын өртенген аумақтарда;
  • жел құлатқан немесе бұзылған орман жерлерінде;
  • ағаш қалдықтары жиналған жерлерде;
  • құрғақ шөп өскен аумақтарда;
  • ағаштардың астында.

Сондай-ақ арнайы жабдықталмаған жерлерде мангал немесе тамақ дайындауға арналған құрылғыларды орнатуға болмайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі 367-бапқа сәйкес, орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК айыппұл салынады. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда бұл айыппұл 100 АЕК-ке дейін жетеді.

Айта кетейік, Алматы маңындағы таулы аймақтардың басым бөлігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Сондықтан, ол жерлерде кәуап пісіргені үшін ең жоғары мөлшердегі айыппұл – 432 500 теңгеге дейін салынуы мүмкін (2026 жылы).

Кімге жағалау тиесілі, қандай қызметтер ақылы және заңсыз шектеулер үшін қайда шағымдануға болады?
Көлдер мен өзендерге ақылы кіру мәселесі демалушылар мен жағалаудағы нысандар иелері арасында жиі дау тудырады. Біреулер жерді жалға алу жағалауға кіруді шектеуге мүмкіндік береді деп санайды, ал басқалары суға еркін қол жеткізу құқығына сүйенеді. Шын мәнінде заң не дейді және азаматтардың қандай құқықтары бар екенін Youth.kz-ке Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің заңгері Юрий Карпинский түсіндірді.

Су – халықтікі

Бұл нормалар ҚР Конституциясында және Су кодексінде бекітілген.

Қазақстан Конституциясының 6-бабының 3-тармағына сәйкес, су және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, ал мемлекет оларды халық атынан басқарады.

Су кодексінде де жалпы пайдаланудағы су объектілерін азаматтардың еркін пайдалану құқығын бар екені айтылған.

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің заңгері Юрий Карпинскийдің айтуынша, мұндай су объектілеріне қол жеткізу әр адамға туған сәтінен бастап тиесілі және оны ешкім тартып ала алмайды немесе шектей алмайды.

Қазақстан Су кодексінің 17-бабының 2-тармағына сәйкес, жалпы су пайдалану құқығы адам туғаннан бастап пайда болады және оны ешқандай негізбен тартып алуға немесе тоқтатуға болмайды.

Заң нысан кәсіпкерлік қызметке жатпаса, азаматтардың су объектілерін демалу, туризм, шомылу, балық аулау және басқа да жеке мақсаттар үшін пайдалануына рұқсат береді.

Суға кіруге қашан шектеу қоюға болады?

Көлдер мен өзендердің жағасында қоршаулар, өткізу бекеттері немесе ақылы кіру туралы белгілер жиі кездеседі. Алайда көп жағдайда мұндай шектеулер заңға қайшы келеді.

Заңгердің айтуынша, жеке және заңды тұлғалар халықтың су объектілеріне қол жеткізуін өз бетінше шектей алмайды.

Заңда халықтың суға қол жеткізуін қоршаулар, күзет бекеттері немесе тыйым салатын белгілер арқылы шектеуге тікелей тыйым салынған, тек Су кодексінде қарастырылған жағдайлардан басқа, яғни ұлттық қауіпсіздікке немесе адамдардың денсаулығына қауіп төнген жағдайда ғана шектеу болуы мүмкін.

Яғни шектеулер тек ерекше жағдайларда ғана, азаматтардың қауіпсіздігі немесе мемлекеттік мүдде үшін енгізіледі.

Егер жағалау жалға берілсе?

Базалар мен жағалаудағы жер учаскелерінің иелері жиі «бұл жер жалға алынған» деген уәж айтады. Алайда жердің жалға берілуі суға кіру ақылы немесе жабық дегенді білдірмейді.

Азаматтардың су объектілеріне өту құқығы тіпті жер жеке меншік немесе ұзақмерзімді жалға берілген жағдайда да сақталады.

Бұл норма Су кодексінің 11, 12 және 19-баптарында бекітілген және ол «қоғамдық су сервитуты» деп аталады, яғни азаматтардың су объектісіне жету үшін басқа біреудің жерін пайдалану құқығы сақталады.

Басқаша айтқанда, су жағасында база немесе жеке жер болса да, адам суға еркін өтуге құқылы.

Нені ақылы етуге болады?

Заң кәсіпкерлерге қосымша қызметтер үшін ақы алуға тыйым салмайды.

Ақылы болуы мүмкін қызметтер:

  • шезлонг (жататын орын) жалдау
  • қолшатыр жалдау
  • дәретхана мен душ пайдалану
  • қайық және басқа жабдықтарды жалға алу
  • дәмхана және тамақтану қызметтері

Ал суға кіру және жалпы су объектісін пайдалану тегін болып қала береді.

Егер демалушыдан тек кіргені үшін ғана ақша талап етілсе және ешқандай қосымша қызмет көрсетілмесе, бұл заң бұзушылық болуы мүмкін.

Заңсыз шектеу болса, не істеу керек?

Заңгер ең алдымен бұзушылықты тіркеуді ұсынады. Ол үшін:

шлагбаум, қоршау, күзет немесе «ақылы кіру» жазуын фото/видеоға түсіру
төлем талап етілген жағдайды дәлелдеу

Содан кейін:

  • eOtinish арқылы әкімдікке шағым беру
  • полицияға арыз жазу
  • немесе тұтынушылар құқығын қорғау органдарына хабарлау

Шағым бергенде Су кодексінің 17-бабына және ӘҚБтК-нің 364-бабының 2-бөлігіне сілтеме жасау ұсынылады.

Қандай жаза қарастырылған?

Жалпы пайдаланудағы су объектілеріне заңсыз шектеу қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар.

Бірінші рет бұзушылық болса, ескерту берілуі мүмкін. Қайталанған жағдайда айыппұл салынады:

  • жеке тұлғаларға – 2 АЕК-тен бастап (шамамен 8 650 теңге)
  • ірі бизнес субъектілеріне – 42 АЕК-ке дейін (шамамен 181 650 теңге)

Тыйым салынған жерде шомылғаны үшін қанша айыппұл салынады

Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе орындамағаны үшін жауапты тұлғалар мен азаматтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 412-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

Қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаған жағдайда, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны немесе орындамағаны үшін

  • жеке тұлғаларға – жеті айлық есептік көрсеткіш (7 АЕК) мөлшерінде;
  • лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК айыппұл салынады.
Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз