Стипендияға бір ай өмір сүруге бола ма? Студенттер тәжірибе жүргізді

Көптеген студенттер үшін стипендия – нағыз қолдау: оның көмегімен негізгі шығындарды жауып, оқуынан көп алаңдамай жүре алады. Биыл грантта оқитын бакалаврларға мемлекет 52 372 теңге көлемінде шәкіртақы төлеп отыр. Бірақ бұл сома бір айға шынымен жете ме?

Осы сұраққа жауап беру үшін Youth.kz тәжірибе жүргізді: біз алматылық жоғары оқу орындарының студенттері Айбатыр Темірбек пен Амина Амирханованы шақырып, олардың бір ай бойғы шығындарын бақыладық. Белгілі болғандай, бұл оңай шаруа емес: бір нәрсе еріксіз назардан тыс қалып жатады.

«Эксперименттің негізгі мақсаты – бір айды тек стипендиямен өткізіп, барлық шығындарды көрсету. Ережелерді бұзған жоқпын, бірақ кейде күнделікті ұсақ-түйек шығындарды есепке алуды ұмытып кететінмін, ал олар да міндетті түрде болады», – деп мойындады Айбатыр.

«Сонымен қатар банк түбіртектерін сақтап отыру да маңызды болды», – деп қосты Амина.

Айбатыр Қызылордадан, ал Амина ата-анасымен Алматыда тұратынын айта кеткен жөн. Сол себепті ай басында нақты бір бюджет жоспарлау да болмады. Екі қатысушы да қатаң шектеулер мен күрделі есептеулерсіз, жағдайға қарай әрекет етті.

«Менің стипендиям шамамен 52 000 теңге болды, ал бюджетті алдын ала аса жоспарламадым. Бір айлық стипендиям маған шамамен бір аптаға ғана жетті», – деді Айбатыр.

Шамамен осындай уақытты Амина да стипендиямен өткізе алды. Сонымен қатар студенттердің айтарлықтай жасырын не күтпеген шығындары болмады. Ақшаның басым бөлігі негізгі қажеттіліктерге – тамақтануға және күнделікті ұсақ-түйекке жұмсалды.

Жеке бір тақырып – үнемдеу лайфхактары. Бұл жерде эксперимент қатысушыларының пікірі бір жерден шықты: жеңілдіктер мен студенттік артықшылықтарсыз стипендияға бір ай өмір сүру дерлік мүмкін емес.

«Маған бір лайфхак көмектесті – сервистердегі промокодтар мен түрлі жеңілдіктерді пайдалану. Осылайша үнемдей алдым», – деді Айбатыр.

«Қолдануға болатын барлық жерде студенттік жеңілдіктерді пайдаландым», – деп атап өтті Амина.

Қызығы, эксперимент достарының да назарын аударды – біреулері түсіруге көмектесті, ал біреулері алғаш рет өз шығындары туралы ойлана бастады.

«Шынымды айтсам, олар жай ғана күліп, түсіруге көмектесті, бірақ челлендж оларға қызық көрінді – олар да өз шығындары туралы біршама ойлана бастады. Мысалы, мен топтас қызбен бірге студенттерге арналған акциясы бар танымал жылдам тамақтану желісіне бардым. Біз комбо сатып алдық, бірақ сонымен ғана тойына алмадық», – деп мойындады Амина.

Эксперимент аяқталғаннан кейін студенттер өз қорытындыларын жасады. Амина стипендияны көтеру мәселесі ең басты нәрсе емес деп есептейді.

«Мен мұны аса қажет нәрсе деп айта алмаймын. Мысалы, қалада оқып, ата-анасымен бірге тұратын студенттер үшін бұл онша маңызды емес. Ал басқа қаладан келгендер үшін стипендияны көтеру қажет. Дегенмен бәрі жеке факторларға, соның ішінде отбасының қаржылық жағдайына байланысты», – деп атап өтті ол.

Айбатыр тек стипендияға сүйеніп өмір сүру өте қиын екенін айтты.

«Меніңше, бір айды тек стипендиямен өткізу мүмкін емес – ол тым аз», – деп қорытындылады жас жігіт.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз