TikTok елдегі үздік әрі шабыт беретін педагогтарды анықтады
Қысқа бейнероликтерді жасау және көру бойынша TikTok жетекші платформасы жыл сайын ұйымдастыратын #УчителяКазахстана байқауының қорытындысын жариялады. Биыл бастама төртінші рет өткізіліп, Қазақстанның барлық өңірлерінен мектеп мұғалімдерін, колледж оқытушыларын және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын біріктірді.
Байқау педагогтардың цифрлық ортада білім берудің жаңа форматтарын дамытудағы маңызды рөлін айқындап, білім беру үдерісінің қызықты, қолжетімді әрі заманауи бола алатынын көрсетті.
Жоба Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өтті. Салалық ведомстволармен әріптестік бұл бастаманың еліміздегі цифрлық білім беру контентін дамытудағы стратегиялық маңызын және мұғалімдердің осы үдерістегі жетекші орнын айқын көрсетеді.
Мирлан Джусамбаев
Тараз қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі. Ол өз бейнероликтерінде күрделі физикалық құбылыстарды көрнекі тәжірибелер мен визуалды мысалдар арқылы түсіндіреді. Академиялық білім мен практикалық көрсетілімді ұштастыра отырып, Мирлан физиканы кең аудитория үшін қолжетімді әрі қызықты пәнге айналдырады. Оның контенті оқушылар мен студенттерге ғылымнан қорықпай, пәнге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Мирлан «TikTok-та үйрен» номинациясының жеңімпазы атанды.
Мәди Райымбек
Шымкент қаласындағы №25 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі. Ол қазақ тіліндегі бейнероликтерінде логикалық есептер мен күрделі тапсырмаларды шешу жолдарын жүйелі әрі түсінікті түрде ұсынады. Контент оқушылардың аналитикалық ойлауын дамытуға бағытталған және бақылау жұмыстары мен емтихандарға дайындалуда тиімді көмек көрсетеді. Мәди математиканы күйзеліссіз, практикалық әрі өмірмен байланысты пән ретінде таныстырып, оқушылардың қызығушылығын арттырып келеді.
Әсем Рахимова
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі. Педагог күрделі химиялық тақырыптарды музыкалық және креативті форматта түсіндіруімен ерекшеленеді. Әсемнің ең танымал бейнероликтері «APT» (ROSE & Bruno Mars) әні және «Базовый минимум» (SABI & Миа Бойка) трегі негізінде жасалған. Ол химиялық байланыстың базалық ұғымдарын қарапайым тілмен жеткізіп, негізгі принциптерді меңгеру арқылы кез келген химиялық реакцияның логикасын түсінуге болатынын көрсетеді. Бұл тәсіл пәнді оқушылар үшін түсінікті әрі есте сақтауға жеңіл етеді.