Грант конкурсына өтініш қабылдау мерзімі жарияланды

Сейсенбіде өткен Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарына грант конкурсына өтініш қабылдау мерзімін жариялады.

Оның айтуынша, құжаттар онлайн және офлайн форматта қабылданады. Педагогикалық және медициналық мамандықтарға түсушілер арнайы емтихан тапсырады, ал шығармашылық бағыттағы білім бағдарламаларына түсетіндер үшін бөлек шығармашылық емтихан ұйымдастырылады.

Биыл грант конкурсына қатысуға өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады. ЖОО-ларға қабылдау процесі 25-тамызға дейін аяқталады.

«28 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында бірінші курс студенттері үшін бейімдеу апталығы өтеді. Бұл студенттердің академиялық ортаға жеңіл бейімделуіне және университет өміріне тезірек үйренуіне мүмкіндік береді», – деді ол Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталып отыр. Алдағы 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін атап өтті. Олардың ішінде бакалавриатқа – 75 371, магистратураға – 11 007, докторантураға – 3 079 грант бөлінген.

Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген.

«Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағытталған», – деді Саясат Нұрбек.

Ведомство мәліметінше, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 19 250; педагогикалық ғылымдарға – 13 738; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша – 11 662; жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363; ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145; денсаулық сақтау саласына – 2 700; қызметтер бойынша – 2 400; өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915; әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бойынша – 1 485; бизнес, басқару және құқыққа – 1 423; ветеринарияға – 1 275 грант бөлінген.

Оған қосымша еліміздің жоғары оқу орындары «Серпін» бағдарламасы аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шаралармен 13 мыңнан астам оқушы, 2 мыңға жуық ата-ана және 700-ден астам кәсіптік бағдар беруші қамтылған.

Осылайша, бүгінде оқушының кәсіби диагностикасынан бастап білім беру бағдарламасын таңдауға және одан әрі жұмысқа орналасуға дейінгі білім беру навигациясының біртұтас жүйесі қалыптасуда.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз