Үлгі тұтар көркем әдебиеттегі әйел бейнесі

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, құқықтары үшін күрескен, еркіндік мен теңдікті аңсаған, өз заманында қоғамды өзгертуге тырысқан көркем әдебиет әлеміндегі әйел кейіпкерлерін іздеп көрдік. 

Әлем және қазақ әдебиетінде көптеген мұндай әйел образдары бар. Жазушылар тек көркемделген, стереотипке айналған тұлғаларды емес, сонымен қатар мінезі күрделі, ерік-жігері мықты, қайсар әйел бейнесін де сомдаған. 

Бұл кейіпкерлер бүгінде үлгі бола алады, олар әйелдің тек отбасының тірегі ғана емес, қоғамның белсенді, саналы мүшесі екенін айқын көрсетеді. Осылардың кейбірін, сіздерге ұсынып отырмыз. 

Қамар – «Қамар сұлу», Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров бұл шығармасында дәстүрлі қазақ қоғамындағы ескі көзқарасты өткір сынға алады. Шығарманың басты кейіпкері – Қамар. Ол көне құдалық салтына қарсы шығып, әйелдің білім алып, ерлермен тең құқыққа ие болуын армандайды. Алайда патриархат үстемдік еткен қоғамда салт-дәстүрге қарсы шыққан қыздың тағдыры қандай болмақ?

Қамардың қасіретті өмір жолы сол кезеңдегі әйелдердің бостандығының жоқтығын, құқықтарының аяққа тапталғанын айқын көрсетеді.

Ақбілек - «Ақбілек», Жүсіпбек Аймауытов

Романның басында Ақбілек – ауқатты отбасының ерке қызы, ақкөңіл, аңғал, сұлу бойжеткен. Ақ гвардияшылардың тұтқынына түсіп, зорлық-зомбылық көргеннен кейін елге оралғанда, ол ауылдастарының жаласы мен өсегіне ұшырап, «арсыз» атанады.

Тағдырдың ауыр сынағына қарамастан, Ақбілек өз намысын қорғай біледі. Ол ауылдан қалаға кетіп, білім алып, өмірден өз орнын табуға ұмтылады.

Жүсіпбек Аймауытов бұл туындысы арқылы қазақ қоғамындағы надандық, тәкаппарлық пен көре алмаушылықты қатал сынға алып, болашақта оң өзгерістер боларына үміт білдіреді.

Скарлетт О’Хара – «Желмен ұшқандар», Маргарет Митчел

Скарлетт О’Хараның алаңсыз жастық шағын Азамат соғысының дауылы сәтте-ақ жұлып әкетті. Кеше ғана бал мен думанның ортасында жүрген қыз әп-сәтте есейюге мәжбүр болды. Алайда ерке, сонымен қатар, қырсық, қайсар, еркін мінезді Скарлеттті сындыру оңай емес.

Шығарма махаббаттан да биік тұрған - өмірге деген құштарлық жайлы. Маргарет Митчелл «Ертең жаңа күн туады» деген әйгілі сөзі арқылы қандай дауыл соқса да, адамды алға жетелейтін басты күш – өмір сүруге деген ерік екенін айқын көрсетеді.

Элизабет Беннет – «Тәкаппарлық пен теріс ұғым», Джейн Остин

Джейн Остин бұл шығармада провинциялық қоғам өмірін, әдеп пен мінез-құлық ерекшеліктерін нәзік ирониямен суреттейді.

Элизабет Беннет – 20-21 жас шамасындағы зерек, тілі өткір, өзіндік қадір-қасиеті бар қыз. Ол анасы ұсынған есеппен, пайда үшін жасалатын некеден бас тартады.

Элизабеттің басты кемшіліктері - адамды бағалаудағы шамадан тыс сенімділік пен асығыс қорытынды жасауға бейімділік. Алайда дәл осы қасиеттері кейін Дарси мырзамен арадағы тағдырлы оқиғаға жол ашады.

Гекуба  – «Гекуба», «Трояндықтар», Эврипид

Гекуба – Приам патшаның он тоғыз баласының анасы, олардың қатарында Гектор мен Парис те бар. Еврипидтің «Гекуба» трагедиясында ол құлдыққа түскеніне қарамастан, ар-намысын сақтап, әділдік үшін күреседі. Балаларының қазасы туралы қаралы хабарды да асқан қайсарлықпен қабылдайды.

Гекуба бейнесі арқылы Еврипид соғыстың барша қасіретін, әсіресе әйелдер мен балалардың тартатын ауыр тағдырын терең көрсете білді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз