Қазақстан және Орталық Азиядағы басты медиа трендтер

Қазақстанда сөз бостандығының ахуалы, медиа кеңістігінің дамуы және аудитория талғамы қалай өзгеруде? Осы мәселелер төңірегінде медиа сарапшы, тәуелсіз журналист Назира Дәрімбетпен сұхбаттасып, қазіргі медианың бағыты, жаңа трендтер мен кәсіби жауапкершілік жайлы пікірін білдік.

Шынайы ниет пе әлде жәй мәлімдеме ме?

Назира-ханым, өткен аптада Ақпарат министрлігі «жалған ақпарат тарату» бабын қылмыстық жауапкершіліктен алып тастау мәселесі қарастырылады деп мәлімдеді. Осыған байланысты пікіріңіз қандай?

–  Соңғы уақытта Қазақстанда сөз бостандығы мен журналистердің жағдайы алаңдаушылық туғызуда. Сөз бостандық шеңбері тарылып журналистер түрлі қысым көруде. Қылмыстық кодекстегі 274-ші «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы журналистерге  қарсы жиі қолданылуда. Белсенділер мен блогерлерді айтпағанда,  бірнеше журналистер осы бап бойынша айыпталып жатыр. 

Жуырда ғана астаналық әріптесіміз Ботагөз Омароваға осы айып тағылып, ол үйқамаққа алынды. Өздеріңізге мәлім өткен жылдың соңында  КазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтың үстінен іс қозғалды, ол қазір тергеу изоляторында отыр. Оның алдында Гүлнәр Бажкенова, Orda.kz сайтының бұрыңғы редакторы да осы баппен айыпталды.

Негізі бұл бап билік үшін өзге пікір, сын айтқандармен, журналистермен күресуге, жалпы сөз бостандығын шектеуге өте өнай және ыңғайлы құралға айналған секілді. Өйткені, адамның ақпаратты жалған екенін біліп, әдейі таратқанын дәлелдеу өте қиын, бұны сотта дәлелдеп ешкім басын да ауыртпайды, шынын айту керек.

Бірнеше жылдар бойы бұл бапты Қылмыстық кодекстен алып тастау туралы бастаманы қоғам белсенділері, құқық қорғаушылар, журналистер қауымдастығы көтеріп жүр. Енді билік осыған құлақ асқаны әрине, қуантарлық жағдай, бір үміт пайда болғандай.

Назира Дәрімбет. Сурет: жеке мұрағат

Алайда, мына нәрсеге назар аударған жөн, вице-министр Қанат Исқақов біріншіден, бұл мәселені жалғыз Ақпарат министрлігі шешпейді, олар басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп ақылдасады деді. Екіншіден,  баптың тек ішінара қылмыстан шығарылуы мәселесі қарастырылады деп атап өтті.

Сіздің ойынызша, бұл нені мензейді?

– Мұны екіталай түсінуге болады. Кейбір әрекеттер қылмыстық санаттан шығарылып, бірақ олар үшін жауапкершілік басқа кодекске еңуі мүмкін, мысалы, әкімшілік жауапкершілік ретінде.

Алайда біздің Әкімшілік кодексте жалған ақпарат тарату үшін жауапкершілік бұрыннан бар. Ендеше, «көрінеу жалған ақпарат тарату» туралы жаңа бап Әкімшілік кодексіне енгізіле ме? Немесе 274-бабы аясында бап басқаша  бөліне ме? Яғни, бірінші бөлігі қылмыстық қылықтарға жатқызылып, ал екінші және үшінші бөліктері орташа ауыр қылмыстар санатында қала ма? Түсініксіз.

Бірақ мәселе баптың екінші бөлігіне келгенде туындайды — бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалану арқылы жасалған әрекеттер. Мүмкін, Азаматтық кодексте жаңа бап пайда болады? Әзірге сұрақ көп.

Дегенмен жарияланған өзгерістер шынымен де мәселені шешеді деп үміттенейік, тек кезекті мәлімдеме болып қалмай. Ал әзірге, ең болмаса, құқық қорғау органдары осы бапты қолдану барысында әсіресе журналистерге қатысты істерде қылмыстық-құқықтық мағынада «көрінеу» және «залал» ұғымдарының бар-жоғына  назар аударса екен деймін.

ЖИ және аудитория сенімділігі

–  Ал енді, тікелей медиаға қатысты мәселелерге көшсек. Соңғы жылдары аудиторияның контент тұтыну әдеті қалай өзгерді деп ойлайсыз?

–  Соңғы 3-4 жылда аудиторияның мінез-құлқы айтарлықтай өзгерді. Қазір аудиторияның үлкен бөлігі сайттарды оқымайды, тіпті әлеуметтік желіге салынған сілтемені ашпайды да. Жаңалық немесе ақпаратты TikTok, Instagram, Telegram, Facebook сияқты әлеуметтік желілерден қарайды. Әсіресе жас буын үшін ол тек коммуникация құралы емес, толыққанды ақпарат іздеу жүйесіне айналып отыр. Олар белгілі бір тақырып бойынша ақпаратты Google-дан емес, қысқа видеолар немесе посттар арқылы табуды ыңғайлы көреді.

Қазір жұрт Google сияқты дәстүрлі іздеу жүйелерінене аса жүгінбейтін секілді. Онын орнына «барлығын білетін» GPT чаттар арқылы кез келген сұраққа жауап ала алады. Бірақ бұл жерде абай болу керек, өйткені GPT чаттың жауабы тексеруді қажет етеді, оны өзі де ескертеді.

Бұл өзгеріс медианың логикасына да әсер етті. Қазір «SEO үшін жазу» ұғымының орнына «алгоритм үшін ойлау» түсінігі қалыптасып келеді. Контент тек мазмұндық жағынан емес, таралу логикасы тұрғысынан да ойластырылуы керек.

Сонымен бірге бұл үрдіс ақпарат сапасына қатысты жаңа сұрақтар туындатады. Әлеуметтік желідегі ақпарат көбіне жылдам, бірақ үстірт болуы мүмкін. Сондықтан сапалы журналистика мен тексерілген ақпараттың құны, керісінше, арта түсуде.

ЖИ арқылы жасалған контент көбейген заманда автордың шынайылығы мен аудитория сенімін қалай сақтауға болады?

– Бұл жағдайда ең бастысы – ашықтық пен авторлық позиция. Аудитория жасанды контенттен шаршаған сайын, шынайы тәжірибе мен жеке пікірге сұраныс артады.

Контент авторлары ЖИ құралдарын пайдаланса, оны жасырмай, керісінше ашық көрсетуі керек. Сонымен қатар фактчекинг, дереккөздерге сілтеме және жеке сараптама сенімділікті арттырады.

Қейінгі кезде ұзақ видеолар қайта сұранысқа ие болып жатқан секілді, бұл нені білдіреді?

– Бұл тренд аудиторияның тек жылдам ақпарат емес, сапалы әрі терең талдауға да сұранысы бар екенін көрсетеді. Қысқа видеолар назар аударуға көмектессе, ұзақ формат толыққанды ақпаратты көруге, өз пікірін қалыптастыруға қажет болады.

Соңғы мысал, өткенде желіні шулатып журналист Жанар Байсемізоваға берген Құрбанәлі Ахметтің сұқбаты. Елдің көбісі толық сұқбатты көрмей, тек қысқа үзінділерді, басқалардың пікірін оқыды. Ал толық мағлұмат алу үшін, көзқарасты қалыптастыру үшін сұқбатты толық қарау керек болады.   

Ұзақ форматтың қайта оралуы – аудиторияның «шолақ» ақпараттаң шаршауының белгісі деп ойлаймын. Қысқа видеолар жылдам әсер береді, бірақ олар көбіне терең түсінік қалыптастырмайды.

Бүгінгі аудитория екі түрлі қажеттілікті қатар сезінеді: бір жағынан жылдам әрі жеңіл контент, екінші жағынан күрделі тақырыптарды түсіндіретін сапалы аналитика. Осыдан гибридті тұтыну моделі қалыптасып отыр.

Бұл медиа мен брендтер үшін стратегияны қайта қарауды талап етеді. Енді тек бір форматқа сүйену жеткіліксіз. Қысқа видеолар – аудиторияны тарту құралы, ал ұзақ формат – сенім мен бедел қалыптастыру құралы.

Сондықтан қазіргі медиада «назар экономикасынан» «сенім экономикасына» өту байқалады. Ал ұзақ формат дәл осы сенімді қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

Назира Дәрімбет. Сурет: жеке мұрағат

Басты трендттер және стратегия

Биылғы жылы Қазақстанда, жалпы Орталық Азияда қандай басты медиарендттер байқалады?

– Менің бақылауымша, жасанды интеллект негізіндегі персонализация мен контент генерациясы 2026 жылдың ең ықпалды трендіне айналатын секілді. Журналисттер, блогерлер қарапайым пайдаланушылар ЖИ-дің көмегіне өте жиі жүгінетін болған.  

Сонымен қатар бұл аудитория сеніміне тікелей әсер етеді. Өйткені, пайдаланушылардың барлығы жүз пайыз қандай контенттің «шынайы», ал қайсысының алгоритмдік өнім екенін ажырата білмейді.

Сонымен қатар, қазақ және басқа да ұлттық тілдердегі контентке сұраныс айтарлықтай өсіп келеді. Бұл тек мәдени фактор емес, сонымен қатар аудиториямен терең байланыс орнатудың құралы.

Telegram, TikTok сияқты платформалар өңірдегі негізгі ақпарат арналарына айналғанын атап өту керек. Бұл медианың таралу моделін түбегейлі өзгертіп отыр.

Сонда ақ, тәуелсіз медиаға деген сұраныс өсуде. Аудитория әртүрлі көзқарасты іздейді және ресми ақпаратқа балама дереккөздерге қызығушылық артып келеді.

ЖИ құралдарының контент шығаруда кеңінен енгізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде басты мәселе – технологияны қолдану емес, оны сапалы және этикалық тұрғыдан пайдалану.

Осындай жағдайда автордың немесе медианың басты капиталы – жеке дауыс пен позиция. Аудитория енді тек ақпаратты емес, автордың кім екенін, оның құндылықтарын да бағалайды. Сондықтан ашықтық принципі өте маңызды деп ойлаймын.

Менің ойымша, өңір үшін стратегиялық басымдықтар – медиа сауаттылықты арттыру, сапалы аналитикалық журналистиканы дамыту және сенімге негізделген медиа модельдерді қалыптастыру. Себебі болашақта бәсеке контент көлемінде емес, сенім деңгейінде жүреді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз