Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына тиым салу: алуан пікір мен тәуекел
Қазақстанда 16 жасқа толмаған жасөспірім балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салыну мүмкіндігі туралы мәселесі талқылануда. «Жастар үні» қоры жүргізген зерттеуге сәйкес, жалпы бастамаға қолдау бар болғанымен, респонденттердің жасына қарай пікір алшақтығы байқалады, ал тиымның тиімділігі өз алдына жеке мәселе, – деп жазады Youth.kz.
«Жастар үні» қоғамдық қоры кәмелетке толмағандар үшін әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салу туралы зерттеу жүргізді. Ол үшін 1410 адам арасында сауалнама жүргізіліп, халықаралық тәжірибе мен ғылыми деректерге талдау жасалған.
Жалпы алғанда, тыйым салу идеясын қолдайтындар басым:
- 61% – қолдайды;
- 39% – қолдамайды.
Дегенмен, зерттеу қорытындысындағы басты тұжырым – жас ерекшелігіне қарай пікірлер алшақтай түскен. 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 58,9%-ы тиымға қарсы болса, 35 жастан асқан респонденттердің төрттен үші бұл бастаманы қолдап отыр.
Мұндай жағдай мәртебесіне қарай салыстыру кезінде де байқалады:
- Ата-аналар мен қорғаншылар: 75,4%-ы тыйым салуды жақтайды;
- Мектеп оқушылары: 60,5%-ы қарсы.
Осылайша, бастамаға нысаналы топ – жасөспірімдер қарсы болып отыр.
Интернеттегі қауіп-қатерлерді қабылдау деңгейі де әртүрлі. Жасөспірімдер көбіне кибербуллинг пен алаяқтыққа назар аударса, ересектер тәуелділік мәселесіне баса назар аударады.
Ал, толық тыйым салу мәселесіне қолдау аз. Респонденттердің тек 7,3%-ы ғана мұны ең ұтымды шешім деп санайды. Көпшілігі балама нұсқаны жөн көреді. мысалы:
- цифрлық сауатты дамыту;
- контенттің жекелеген санаттарына шектеу қою;
- мемлекет, ата-ана және мектеп бірлесе жауапкершілік алу.
Зерттеу авторлары халықаралық тәжірибеге де назар аударады. Австралияда 16 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін, Францияда 15 жасқа дейінгілер үшін тыйым бар. Ал АҚШ пен Ресейде неғұрлым икемді тәсілдер қолданылады. Бұл ретте, тіпті қатаң шектеу қойылған елдердің өзінде оны айналып өту мәселесі (мысалы, ересектердің аккаунттарын пайдалану) өзекті болып отыр.
«Жастар үні» қоры тікелей тыйым салудың бірқатар қаупі бар екенін атап өтеді:
- Техникалық тұрғыда тиімсіз;
- Балалар құқығының шектелуі;
- Жеке деректерді қорғау мәселесі;
- Жасөспірімдердің бақылауы аз онлайн-кеңістіктерге өтуі.
Зерттеу қорытындысы бойынша авторлар кешенді тәсілді қарастыруды ұсынады. Атап айтқанда цифрлық сауатты дамыту, контенттің кейбір түрлерін реттеу, платформалардың жауапкершілігін күшейту және ата-аналарды қолдау.
Зерттеу нәтижесіндегі негізгі тұжырым: жасөспірімдердің өз пікірін ескеру қажет. Онсыз кез-келген шектеу қарсылыққа әкеп соғады және тыйымды айналып өтуге жаппай әрекет жасау күшейеді.