9 мамыр – мереке ме әлде естелік күні ме?

9 мамырда Қазақстанда Жеңіс күні аталып өтіледі. Осыдан 81 жыл бұрын 1945 жылдың 8 мамырында фашистік Германияның тізе бүгу туралы актісіне қол қойылды. Содан бері бұл күн Жеңіс күні ретінде тарихта қалды. Алайда, уақыт өте келе бұл күнге деген көзқарас қалай өзгерді және әлемнің басқа елдерінде бұл мерекені қалай қабылдайды? Осыған орай Youth.kz шолуын ұсынамыз. 

Қазіргі Қазақстандағы Жеңіс күні

КСРО-ның Еуропалық бөлігі жау қолына өткен кезде Қазақстан маңызды әскери және жұмылдыру орталықтарының біріне айналды. Республикада ондаған әскери бөлімдер жасақталып, олардың қатарында генерал Иван Панфилов басқарған әйгілі дивизия да болды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Әбуов келтірген деректерге сәйкес, сол кездегі 6,5 миллион халықтың 1,2 миллионнан астамы майданға аттанған. Бұл – ел тұрғындарының шамамен бестен бірі деген сөз. Соғысқа кеткендердің жартысына жуығы елге оралмай, 600 мыңнан астам қазақстандық майдан даласында қаза тапты.

Елде қалғандар майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Қазақстанға көптеген зауыттар мен халық эвакуацияланып, тыл еңбеккерлері күндіз-түні жұмыс істеді. Сондықтан Жеңіс күні – көптеген отбасы үшін қасиетті күн, өткен күннің естелігі іспетті.

Қазақстандағы Жеңіс күні туралы сөз қозғағанда, ел үшін жанын қиған батыр тұлғаларды ерекше құрметпен еске аламыз. Олардың ерлігі мен қайсарлығы халқымыздың рухын паш ететін мәңгі естелікке айналды.

Сол батырлардың қатарында Берлиндегі Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев есімі ерекше аталады. Бауыржан Момышұлы – Мәскеу үшін болған шайқастарда ерлігімен танылып, аты аңызға айналған қолбасшы. 

Сонымен қатар, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова – ерлігімен ел жадында қалған қазақтың қаһарман қыздары. Қасым Қайсенов – ерлігімен ел есінде қалған даңқты партизан. Тахауи Ахтанов жастайынан майданға аттанып, соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткерді. Ол – соғыс тақырыбын көркем әдебиет арқылы жан-жақты ашып көрсеткен көрнекті қаламгерлердің бірі.

Майданда ерлік көрсеткен мыңдаған жауынгер орден-медальдармен марапатталды. 520 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, 110 мыңнан астам сарбаз Даңқ орденімен марапатталған.

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, 9 мамыр күні Қазақстанда ескерткіштер және мәңгілік алауларға гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік жарияланады. Сонымен қатар, ардагерлерге құрмет көрсету – мерекенің маңызды бөлігі. 2026 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 57 ардагері қалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, биыл әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлеріне және оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсеткен. Жалпы алғанда, 32,9 мың адамға 5 млн теңгеден мерекелік төлем берілген.

Дауға айналған Георгий лентасы және әскери шеру

Сонымен қатар, айта кету керек Қазақстанда соңғы уақытта Жеңіс күнін саясатпен тығыз байланыстырады. Мысалы, 9 мамыр күні қарсаңында Қазақстанда Ұлы Отан соғысын еске салатын белгі ретінде қолданылып келген Георгий лентасына байланысты дау пайда болғанына біраз жыл болды. 

Қоғам белсенділерінің айтуынша, Георгий лентасын тағу ресейлік идеологияны, соғысты қолдаумен бірдей. Ресейдің Украинаға басып кіруі әлем наразылығын туғызған тұста бұл лентаға қарсы шыққандардың қарасы көбейді. 

Көпшілік оның Кеңес әскеріне, соғысқа қатысы жоқ, басқыншыл патшалық Ресейдің белгісі ретінде бағалайды. Сондықтан соңғы жылдары Қазақстанда Жеңіс күнін атап өтуде көк түсті немесе ұлттық нақыштағы ленталар сияқты бейтарап нұсқаларға көбірек мән беріле бастады.

Сонымен қатар, соңғы жылдары Қазақстанда әскери шерулер бюджет қаражатын үнемдеу және басқа да себептермен өткізілмей келеді. Тек 2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында өткен әскери шеруге 4000-нан астам әскери қызметші, 200-ден аса әскери техника және 66 ұшақ пен тікұшақ қатысқан болатын. Биыл Қазақстанда Жеңіс күніне орай әскери шеру тағы өткізілмейді.

Ал көрші Ресейде 9 мамыр күні жыл сайын ауқымды әскери шеру өткізу үйреншікті жағдай. Өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа қатысқан болатын. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, биыл да қатысуы мүмкін. 

Әлия Молдағұлова

Еске алу және нацизмнен азат күні 

Ашық дереккөздерде екінші дүниежүзілік соғыс адамзатқа орасан зор шығын әкеліп, 61 мемлекетті қамтып, әлем халқының шамамен 80%-ы тартылғаны айтылған. Майданға 100 миллионнан астам адам шақырылып, 60 миллионнан аса адам қаза тапқан.

Уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты Батыс елдері 8 мамырда, ал ТМД елдері 9 мамырда бұл күнді әртүрлі деңгейде және мазмұнда атап өтеді.

Орталық Азия елдерінде бұл күн адамзат тарихындағы ең ауыр соғыстардың бірі ретінде еске алынып, ардагерлерге құрмет көрсетуге арналады. Ал Ресей Жеңіс күнін ең ірі мемлекеттік мерекелердің бірі ретінде атап өтіп, оны Ұлы Отан соғыстағы жеңістің символы ретінде бағалайды.

Ұлыбритания бұл күнді ресми мемлекеттік мереке ретінде белгілемегенімен, қоғамда еске алу мен түрлі мемориалдық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Франция Жеңіс күнін мемлекеттік деңгейде атап өтеді. Француздар D-day-ге, яғни одақтастар әскерінің Нормандия жағалауына түсуіне, Париждың азат етілгеніне көбірек мән береді.

Нидерланд пен Дания сияқты елдер үшін басты символ – нацизмнен азат етілген күн, сондықтан мерекенің негізгі мазмұны да осы тарихи сәтпен байланысты. 

Ал Германия үшін 8 мамыр – Жеңіс емес, ең алдымен тарихи қасіреттің аяқталып, нацизм мен диктатураның құлауын білдіретін «азаттық күні» ретінде қабылданады. Екінші дүниежүзілік соғыс неміс қоғамының тарихи жадына терең із қалдырды. Елдің бөлінуі, саяси жүйенің күйреуі және соғыстың адамзатқа әкелген ауыр салдары ұзақ уақыт бойы қоғамдық санада талқыланып келеді.

Шығыс Еуропа елдерінде Жеңіс күні көбіне кеңестік тарихи дәстүрге сай аталып өтеді, онда Екінші дүниежүзілік соғыстағы ортақ жеңіс пен құрбандарды еске алу басты орын алады.

АҚШ Жеңіс күнін 8 мамырда «Еуропадағы жеңіс күні» ретінде атап өтеді. Соғыс 1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапонияның капитуляциясымен ресми түрде аяқталды деп есептеледі. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз