Асемай Аймакова: «Менің миссиям – балаларға өзіне деген сенім сыйлау және олардың мүмкіндіктері шексіз екенін көрсету»
Асемай Аймақова Қазақстанның Батысында дүниеге келіп, шет тілдері мұғалімі мамандығын таңдаған. Содан кейін ол Teach for Qazaqstan бағдарламасына қосылып, Балқаш қаласына балаларға ағылшын тілін үйретуге кетті. Youth.kz сайтында мұғаліммен эксклюзивті сұхбат жасалып, барлық басты мәліметтер анықталды.
− Бағдарламаға қосылғанға дейін қай жерде өсіп, білім алғаныңыз туралы айтып берсеңіз.
− Мен Ақтөбе қаласының тумасымын. Қаладағы А. Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп-гимназиясында оқып, аяқтағаннан кейін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға түстім. Студенттік кезімде мамандығым бойынша (екі шет тілі мұғалімі) педагогикалық тәжірибеден өту барысында дұрыс таңдау жасағаныма көз жеткіздім.
− TFQ бағдарламасы туралы қалай білдіңіз? Неліктен осы бағдарламаға қатысушы болуды шештіңіз?
− Бұл бағдарлама туралы алғаш рет таныстарым арқылы білдім. Кейін өзім қызығушылық танытып, зерттей бастадым. Соның ішінде Гүлнара Салмен, Аралбек Берікұлы және Құралай Жарқымбаева қатысқан подкастар бағдарламаның құндылықтары мен миссиясын түсінуге үлкен әсер етті.
Машықкер-студент ретінде мұғалімдіктегі ұстанымдарым фонд құндылықтарымен сәйкес келіп, одан сайын қызығушылығым артты. Сонымен қатар, дамушы әрі қолдаушы мықты комьюнити құрамында болу мен үшін аса маңызды. Осы себепті мен бұл бағдарламаға қатысуға шешім қабылдап, іріктеу кезеңдерінен сәтті өттім.
− Сіз – ағылшын тілі пәнінің мұғалімісіз. Ағылшын тіліне қашан қызыға бастадыңыз және оны қашан өз мамандығыңыз ретінде таңдадыңыз?
− Ағылшын тіліне қызығушылығым бала кезден басталды деп айта алмаймын. Алғашында бұл тілді өз болашақ мамандығым ретінде қарастырмадым. Дегенмен, жоғары сыныпқа келгенде әртүрлі білім беру бағдарламалары мен жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Сол кезде ағылшын тілін білмейінше, көп нәрсе мен үшін қолжетімсіз екенін түсіндім. Осылайша ағылшын тіліне деген қажеттілік біртіндеп шынайы қызығушылыққа ұласты.
Жоғары сынып оқушысы болған кезде, балаларға ерікті ретінде сабақ беріп бастадым. Сол тәжірибе мұғалімнің балалармен жұмыс жасап, олардың дамуына үлес қосу арқылы, қоғамға да әсер ете алатынын түсіндім. Осылайша мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуды саналы түрде таңдадым.
− Бағдарлама аясында сізді қай жерге жұмысқа жіберді? Үйден алысқа кетуге тура келді ме?
− Бағдарлама аясында мен Балқаш қаласындағы №12 ЖОББ мектепке жұмысқа орналастым. Әрине, бейтаныс қалада жұмыс істеу, туған жерден қашық болу қорқыныш, қобалжу сезімін тудырды. Дегенмен, бұл қадамды кәсіби және тұлғалық дамуым үшін мүмкіндік деп қабылдадым. Жаңа орта, жаңа тәжірибе және балалармен жұмыс істеу − мені алға жетелейтін басты себептердің бірі болды.
− Материалдық жағына тоқталсаңыз: шәкіртақы жұмыс орныңыздағы шығындарыңызды жаба ма?
− Шәкіртақы жұмыс барысында туындайтын барлық негізгі шығындарды жабуға жеткілікті. Бұл өз ресурстарымды қызметіме толықтай арнауға оң ықпал етті.
− Үлкен қалаларда ағылшын тілінің деңгейі әрдайым жоғары бола бермейді. Ал терең өңірлерде жағдай қалай? Ағылшын тілін мүлде білмейтін балалар көп пе?
− Бастапқыда баратын жерімде ағылшын тілі деңгейі төмен болады деп ойлағанымды жасырмаймын. Алайда қазіргі таңда сабақ беріп жүрген ортамда ағылшын тілін жақсы меңгерген оқушылар да бар.
Маған ерекше ұнайтыны − көптеген балалардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы. Әрине, тілді мүлде білмейтін оқушылар да кездеседі, бірақ соған қарамастан үйренуге деген талпынысы бар, ынталы балалар жеткілікті. Бұл мен үшін үлкен мотивация.
− Неліктен ауылдық жерлердегі балаларға шет тілін үйрету маңызды деп санайсыз? Өзіңіздің миссияңызды неден көресіз?
− Тілді меңгеру тек ауылдық немесе қалалық жер деп бөлінбейді. Ағылшын тілі ол коммуникация құралы екенін ескерсек, ол ойлау тәсілі, әлемді танудың жолы. Бұл факт ағылшын тілі жәй ғана пән деген шектеуден арылтады. Ағылшын тілі балалар үшін мүмкіндіктерге жол ашатын көпір.
Менің бұл саладағы миссиям − балаларға сенім беру, олардың потенциалы шексіз екенін көрсету. Балалардың ойында ағылшын тілін толық меңгеру мүмкін емес, керісінше жаңа бастамалар үшін қолданар құрал ретінде болғанын қалаймын. Балаларды қысыммен емес, сүйіспеншілікпен оқыту − мен үшін басты қағида
− Балалар туралы айтып берсеңіз. Оларды сіздің мектепте оқыған кезіңіздегі буыннан не ерекшелендіреді?
− Маған бүгінгі балалардың ең ұнайтын тұсы − олардың эмоциялық тұрғыдан ашық болуы. Көпшілігі өз сезімдерін, қажеттіліктерін айта алады, тіпті мінез-құлықтағы үлгілерді (паттерндерді) байқай бастайды. Бұл – ең басты айырмашылық
Менің мектептегі буыныммен салыстырғанда, бүгінгі балалар өзін жақсырақ таниды. Олар тек әлемге емес, өз ішкі дүниесіне де қызығады. Сонымен қатар, олар сезімтал келеді, сондықтан қауіпсіз әрі қолдаушы орта оларға аса қажет.
Сол себепті мен үшін оқыту − тек білім беру емес. Бұл − баланы есту, түсіну және қолдау. Бала өзін жақсырақ таныған сайын, ол жақсырақ үйренеді, ал тіл өз ойын, сезімін білдіретін табиғи құралға айналады.
− Қазіргі жұмыс орныңызда қанша уақыт жұмыс істедіңіз? Айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздіңіз бе? Сіз үшін ол нәтижелер нені білдіреді?
− Мен қазіргі жұмыс орнымда төрт айдан бері қызмет етемін. Осы уақыт ішінде біз оқушылардың бойында growth mindset − даму ойлауын қалыптастыруға ерекше назар аударып келеміз. Teach for Qazaqstan құндылықтарына сүйене отырып, біз академиялық нәтижеден бөлек, баланың тұлғасына, сеніміне және ішкі дамуына мән береміз.
Ең маңызды өзгерістердің бірі − балалардың қателесуден қорықпайтын деңгейге жетуі. Олар көбірек әрекет етіп, байқап көруге дайын, түрлі мүмкіндіктерге қызығушылық танытады, сұрақ қояды.
Ең бастысы − өз ойын жеткізуге, қарым-қатынас жасауға, әлеммен байланыс орнатуға ұмтылады. Жеке өзім үшін бұл жетістіктер баға мен көрсеткіштен де маңызды. Оқыту сенім мен қамқорлықтан құралса, нәтиженің шынайы болары сөзсіз.