Адамдар бөтен кісіге қатысты әп-сетте шешім қабылдайды: оған не себеп?
Адамдар өзіне ұқсамайтын жаннан қорқады екен. Өйткені адамзат тарихында бөтен адамға, басқа мәдениетке немесе өзгеше көзқарасқа күмәнмен қарау – ең көне инстинктердің бірі. Бір көрген жанға қатысты әп – сәтте ой қорыта алмасаңыз да, оны жақын тартуы немесе бөтенсу үшін көп уақыттың қажеті жоқ. Youth.kz бұл құбылыстың себебіне үңіліп көрді.
Психология мен нейробиология тұрғысынан алғанда бөтен адамға күмәнмен қарау – заңдылық. Өйткені ол мидың өзін – өзі қорғау механизмі.
Ми қатпарындағы шағын ғана бөлік – бадамша дене (амигдала) – шешім шығарудағы басты төреші. Ол бөтен адамның жүзін көргенде секундтың оннан бір бөлігінен де аз уақыт ішінде реакция беріп үлгереді. Ең қызығы бұл – адамның саналы түрде ойлануынан да тез болатын автомат процесс. Осылайша бадамша дене бейтаныс адамға қараған сәтте–ақ, оның жасын, жынысын, нәсілін анықтап, оны «біздікі» немесе «бөтен» деген санатқа жатқызып үлгереді.
Неге бұлай?
Америкалық ғалым Роберт Сапольский осы тұрғыда қызық тұжырым жасайды. Адамның миы бөтен кісіні адам ретінде емес, нысан немесе қауіп ретінде көруге бейім екен. Бадамша дененің мұндай шешім қабылдауына «махаббат гормоны» – окситоциннің рөлі зор. Ол өз отбасы мүшелеріне, туыстарына, өз ұлтының өкілдеріне деген сенімнің артуына ықпал еткенімен, «бөтендерге» жеккөрініш пен агрессияны күшейтеді.
Осылайша біз бейтаныс жандардың өзін «ингруппа» яки біздікілер, болмаса, «аутгруппа» – бөтендер деп бөлеміз. Біздікілер – өз тобымыздағы (ұлты бір, діні бір, тілі бір) адамдарға көбірек эмпатия танытамыз, олардың қателігін кешіруге дайынбыз.
Бөтендерді миымыз автоматты түрде «қауіпті» немесе «төмен» деп қабылдауы мүмкін. Бұл құбылыс ғылымда «парохиалды альтруизм» деп аталады.
Өйткені адамның миы энергияны үнемдеу үшін ақпаратты тез өңдеуге тырысады. Сондықтан ол стереотиптерге жүгінеді.
Ксенофобияны жеңу мүмкін бе?
Әрине мүмкін. Сапольскийдің анықтауынша, адамның миы икемді яғни нейропластикалық. Бадамша дене «қауіпті» деп белгі бергенімен, мидың логика мен талдауға жауапты префронталды қыртысы «бұл адам қауіпті емес, ол жай ғана басқаша» деп шешім қабылдай алады.
Адам мейлінше мәдениеті, діні немесе ұлты мен тілі басқа топ өкілдерімен көбірек араласқан сайын, ми оларды «бөтендер» санатынан «таныстар» санатына өткізеді. Сонымен қатар, «бөтен» адаммен ортақ нәрсе таба алсақ та миымыз оны «бөтен» санатынан «біздікілер» санатына лезде өткізеді.
Өйткені ксенофобия биологиялық «бағдарламаның» ескірген бөлігі. Қазіргі уақытта, жаһандану дәуірінде бұл инстинкт бізге көмектесуден гөрі, кедергі келтіреді. Сондықтан, стереотиптерден арыла білген де дұрыс.