Қазақстандықтардың 38%-ы Қаңтар оқиғасы саяси арандатушылық болды деп санайды

PaperLab зерттеу орталығы мен MediaNet халықаралық журналистика орталығы «Қазақстан қоғамының Қаңтар оқиғасына көзқарасы» атты зерттеу жүргізіп, нәтижесін ұсынды. Қорытындыны сіздермен бөлісеміз.

Зерттеу жайлы

Зерттеу 2022 жылдың 29 желтоқсаны мен 2023 жылдың 10 қаңтары аралығында қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Зерттеушілер кездейсоқ іріктеу қағидаты арқылы мәліметті 18 жастан асқан қазақстандықтарға қоңырау шалу арқылы жинады. Қатысқандардың саны – 1047 адам.

Қаңтар оқиғасына көзқарасы

Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың бір жылдан кейін Қайғылы қаңтарда болған оқиға туралы ортақ түсінікке келмегенін көрсетті. Респонденттердің 37,9%-ы бұл елдегі билікті басып алу үшін ұйымдастырылған саяси арандатушылық болды деп санайды. Респонденттердің 28%-ы бұл тәртіпсіздік пен тонауға ұласқан бейбіт наразылық болғанына сенеді. Елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан лаңкестердің шабуылы деп 15% қатысушылар санайды. 

Құпталған және құпталмаған әрекеттер

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында әкімдер келіссөздер үшін наразылық білдірушілер алдына шықты. Бұл әрекетті респонденттердің 65%-ы мақұлдаған.

Интернетті өшіруді респонденттердің 43%-ы қолдаса, оған 44%-ы қарсы болды. Наразылық акциясын күштеп таратуды қазақстандықтардың 42%-ы қолдаса, 37%-ы мақұлдамаған. ҰҚШҰ әскерлерінің кіруін 37% қатысушылар мақұлдаса, 44%-ы құптамайды. 

Қаңтар оқиғасына байланысты билік тарапынан жасалған бірқатар шара қазақстандықтардың көпшілігінің (71-72%) қолдауын таппады. Мысалы, ескертусіз оқ ату бұйрығын жауап берушілердің 71% құптамайды. Ең мақұлданбаған әрекет ұсталғандарды азаптау болып шықты: мұны 72% мақұлдамады, ал мақұлдағандар 7%-ды құрады. 

Кім кінәлі?

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасының бірнеше күнінде 238 адам қаза тапқан. Респонденттердің көпшілігі қайғылы оқиғаға елдің жоғарғы басшылығы (оның ішінде Президент пен оның әкімшілігін) жауапты деп санайды – 28%. Сауалнамаға қатысқан Қазақстан тұрғындарының бестен бірі (21%) оқиғаның қайғылы аяқталуына өз отандастары кінәлі деген ойда. Респонденттердің 23%-ына қайғылы оқиғаға кім кінәлі екенін анықтау қиынға соқты. Респонденттердің 11%-ы құқық қорғау органдарын жауапты деп санаса, ал 5%-ы қала, облыс әкімдері кінәлі деген.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»